Accessibility links

АҚШ санкция ықтималдығымен «Кремль есебін» жариялады


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта), осы елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков (арт жақта) ТМД елдері басшылары жиынында отыр. Сочи. 11 қазан, 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта), осы елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков (арт жақта) ТМД елдері басшылары жиынында отыр. Сочи. 11 қазан, 2017 жыл.

АҚШ қаржы министрлігі жариялаған "Кремль есебінде" Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы санкция салынуы мүмкін адамдардың аты-жөні белгілі болды. Есепке ілінген 210 адамның ішінде үкімет мүшелері, Путин әкімшілігінің қызметкерлері, олигархтар және "өзге де жоғары лауазымды саяси жетекшілер" бар.

АҚШ-та жариялануы көптен күтілген осы тізімдегілер болашақта Америка санкциясына алынуы әбден мүмкін. "Кремль есебіне" Ресейдің 114 жоғары лауазымды саясаткерлері және 96 олигарх қамтылды. Бейресми түрде бұл есеп "Путин тізімі" деп аталады.

ТІЗІМДЕГІЛЕР

Аталған тізімге алынғандардың ішінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, президент әкімшілігінің басшысы Андрей Вайно, премьер-министр Дмитрий Медведев және сыртқы істер министрі Сергей Лавров бірден көзге шалынады.

"Өзге де жоғары лауазымды саяси жетекшілер" бөлімінде Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко, Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин, Сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин, Тергеу комитеnінің төрағасы Александр Бастрыкин, ФСБ басшысы Александр Бортников және Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің аты-жөні аталған.

Ресей президенті Владимир Путин Қырымды Ресей Федерациясының субъектісі ретінде мойындайтын құжатқа қол қою кезінде. Сол жағында - Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко. Оң жағында - Мемлекеттік думаның сол кездегі басшысы Сергей Нарышкин.
Ресей президенті Владимир Путин Қырымды Ресей Федерациясының субъектісі ретінде мойындайтын құжатқа қол қою кезінде. Сол жағында - Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко. Оң жағында - Мемлекеттік думаның сол кездегі басшысы Сергей Нарышкин.

"Кремль есебінен" ресейлік мемлекеттік корпорациялар басшыларын да көруге болады. «Роснефть» басшысы Игорь Сечин, «Газпром» басшысы Алексей Миллер, «Ростех» жетекшісі Сергей Чемезов, "Ресей темір жолы" компаниясының бас директоры Олег Белозеров, Сбербанк басшысы Герман Греф, «Интер РАО» жетекшісі Борис Ковальчук - осы қатардағы тұлғалар. Тізімдегі «олигархтар сапында» Әлішер Усманов, Роман Абрамович, Сулейман Керимов, Олег Дерипаска, Евгений Касперский, Владимир Евтушенков, Петр Авен, Аркадий және Борис Ротенбергтер, Геннадий Тимченко, Олег Тиньков, Александр Мамут, Кирилл Шамалов, Михаил Прохоров, Владимир Потаниндер бар.

САНКЦИЯҒА ӘЛІ ЕРТЕ МЕ?

"Кремль есебіне" қамтылған шенеуніктер мен олигархтарға болашақта санкция салынуы мүмкін. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әзірге жақын арада ондай шара болмайтынын айтады.

30 қаңтарда жарияланған бұл тізім Конгреске 29 қаңтарда ұсынылған болатын. Тізім "Америка қарсыластарына санкция арқылы қарсы іс-шаралар" (CAATSA) федералдық заңының негізінде түзілген. Бұл заңға президент Трамп былтырғы тамыз айында құлықсыз кейіпте қол қойған. Аталған заңға Конгрестің қос палатасы басымдықпен дауыс берген еді. CAATSA заңы 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Ресейдің қатысы болу ықтималдығына байланысты қабылданған.

Оқи отырыңыз: Ресей элитасы АҚШ санкциясынан қауіптенеді

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 29 қаңтарда АҚШ-тың биыл 18 наурызда Ресейде өтетін президент сайлауына осы есеп арқылы ықпал етуге тырысатынын айтқан.

26 қаңтарда АҚШ Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы жағдайға араласуына байланысты санкциясын ұлғайтқан болатын. Ол уақытта тағы да 21 адам және тоғыз компания санкцияға ілінген. Олардың арасында Ресей энергетика министрінің орынбасары Андрей Черезов, "Технопромэкспорт" компаниясы және "Сургутнефтегаздың" еншілес компаниялары бар.

XS
SM
MD
LG