Ресейдегі гейлер құқығын қорғайтын ұйымдар Мәскеу аннексиялаған (наурыз) Қырым түбегіндегі жоғары лауазымды шенеуніктің ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) туралы мәлімдемесінен «тіксініп қалдық» дейді.
Қырымның қазіргі премьер-министрі Сергей Аксенов қыркүйектің 2-сі күні «Қырымға мұндай адамдардың қажеті жоқ» деп, гейлер мен жыныстық азшылық өкілдеріне қатысты көзқарасын ашық айтты. Шенеунік «Егер олар шеруге шықса, полиция мен халық жасақтары оларды үш минуттың ішінде жөнге салады» деді.
ЛГБТ қауымдастығының Санкт-Петербургтағы директоры Игорь Кочетков:
- Бұл - саясаткерге, аймақ басшысына жараспайтын шетін пікір. Біріншіден, Қырымда кімнің тұрып, кімнің тұрмайтынын Аксенов шешпейді. Ешкім қайда тұратынын Аксеновтан, не оның маңайындағылардан сұрамайды, - дейді.
Гейлер құқықтарын қорғайтын белсенді Николай Алексеев «Аксеновтың сөзі – саяси мәлімдеме, себебі ол бұл пікірі арқылы [жиналу еркіндігі туралы] заңды және Ресейдің халықаралық міндеттемелерін бұзып отыр. Қырым Ресейдің бір бөлігі болса, демек ол да федералдық заңдарға бағынуы керек. Ал заңда федерация субъектілеріне ондай өкілет берілмеген» деп жазды.
ҚАТАЛ ЗАҢНЫҢ КЕСІРІ
Аксеновтың шектен шыққан мәлімдемесі Ресейде әлеуметтік консерватизмнің күшейіп тұрғанын аңғартады. Былтыр жазда Ресей парламенті «дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты насихаттауға тыйым салатын» заң қабылдаған.
Сәуір айында Николай Алексеев Севастополь мен Симферополь қалаларында гейлердің қоғамдық шараларын өткізбек болған кезінде жергілікті билік осы заңға сүйеніп, оған рұқсат бермей қойған. Алексеев бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа шағым берген еді. Мәселе Қырымдағы және Мәскеудегі соттарда қаралып жатыр.
Николай Алексеевтің веб-сайтындағы ақпаратқа қарағанда, осы уақытқа дейін Ресейдің түрлі қалаларында гейлер шарасын өткізуге 164 мәрте тыйым салынған. Алексеевтің әріптестері тіпті Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданып, 2010 жылы осы сот «Мәскеуде гейлердің жиындарын өткізуге тыйым салу туралы шешімдер Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі конвенциясына қайшы келеді» деген ұйғарым жасаған.
ҚЫРЫМДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ АХУАЛЫ НАШАРЛАДЫ
Украинаның гейлер құқықтарын қорғайтын «Украина гей форумы» мәліметтеріне қарағанда, Қырымда 10 мыңға жуық жыныстық азшылық өкілі өмір сүреді. Ресейлік белсенді Кочетковтың айтуынша, Мәскеу қарамағына өткелі аймақтағы адам құқықтары жағдайы күрт нашарлаған.
Ресейдегі ЛГБТ белсенділерінің айтуынша, аталған заң қабылданғалы адам құқықтарын бұзу, зорлық-зомбылық фактілері жиілеп кеткен. Қыркүйектің 1-і күні Кострома қаласы әкімдігінің гейлер шеруін өткізуге тыйым салу туралы шешіміне қатысты сот отырысына қатыспақ болған екі белсенді Николай Алексеев пен Кирилл Непомнящийге белгісіз адамдар қастандық жасаған. Алексеевті былтыр да біреулер соққыға жығып кеткен еді.
Кочетковтың айтуынша, консервативтік және ұлтшыл топтар соңғы кездері назарын басқа жаққа бұрғанымен, сексуалдық азшылық өкілдерінің басындағы ахуал бұрынғыдай мүшкіл. Ресейдегі билік өкілдері мен мекемелер гейлерді насихаттауға қарсы заңды орындатуға күш салып отыр.
«ГЕЙ-ТЕРРОРИСТЕР»
ЛГБТ қауымдастығының Санкт-Петербургтағы директоры Игорь Кочетков:
- Жаңа проблемалар шығып жатыр. Мәселен, жыныстық азшылық өкілдерінің құқықтары басқа жұртпен бірдей қорғалуы керек деген позицияны қолдаған мектеп мұғалімдері мен университет ұстаздары жұмыстан шығарылып жатыр, - дейді.
Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында ЛГБТ белсенділеріне «Ресейде төңкеріс ұйымдастыруды көздейтін гейлердің террорлық ұйымын құрды» деген айып тағылды.
Президент Владимир Путинді сынап, Ресейдің Украинаға қатысты саясатына қарсылық білдірген белсенділер қысымға ұшырап, жергілікті құқық қорғау органдары оларды тергеп, үйлерін тінткен.
Жергілікті белсенді әрі блогшы Андрей Марченконың айтуынша, тергеушілер оның Хабаровскідегі үйіне келіп, «төрт жылға соттаймыз деп қоқан-лоқы жасаған».
- Олар экстремизмге қатысы бар ештеңе таба алмады. Ешқандай доллар да, айғақ та жоқ. Бірақ олар Владивостоктағы АҚШ консулдығының қызметкері Элизабет Макдональдтың карточкасын көріп, қатты қуанып кетті, - дейді Марченко.
(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды)