Былтырғы көктемде Украинаның шығысында қақтығыстар басталғалы Ростов облысында «бізде сепаратистерді ұрысқа дайындайтын жаттығу алаңы бар», «олар Украина шекарасын кесіп өте береді», «қаза тапқандарды жасырын жерлеп жатыр» деген алыпқашпа әңгімелер көп айтылып жүр.
Ресейде шығатын белгілі журнал «Дондағы Ростов қаласында соғыста жараланғандарды емдейтін жасырын аурухананың бар екенін растайтын айғақтарды» жариялады. Бұл – сепаратистердің шекарадан емін-еркін өтіп жүргенінің тағы бір дәлелі болса керек.
Ростов қаласында тұратын журналист Елена Романова Украинаның шығысында үкімет әскерімен ұрысқа қатысып, дене мүшелерінен айырылғандарды емдейтін бейресми аурухананы тапқанын жариялады. Былтырғы сәуір айында басталған сол соғыстан 6 мың 400-дей кісі қаза тауып, 16 мыңдай адам жарақат алған.
Романованың мақаласы маусымның 1-і күні The New Times-ға да соғыста жараланған адамдардың сұхбатымен, фотографияларымен бірге жарияланды.
«УКРАИНА КӨЛІКТЕРІ, БАЛДАҚТЫ КІСІЛЕР ҚАПТАП КЕТКЕН»
Мақалада «Бұл – соғыста жаралағандарды емдеп, сауықтыратын жер астындағы жасырын клиника. Мұнда келгендердің көбі дене мүшелерінен айырылғандар, көпшілігі – украиналықтар» деп жазылған.
Бұл репортаж Ресейдің «соғысқа қатысымыз жоқ» деген мәлімдемелерін жоққа шығарады.
Романованың жазуына қарағанда, клиника Дондағы Ростов қаласының тыныш бір ауданындағы жекеменшік үйге орналасқан.
Алдымен жергілікті тұрғындар Украинаның мемлекеттік нөмірлері бар жедел жәрдем көліктерін, көшеде балдақпен жүрген бөтен кісілерді көрген соң дабыл қаға бастаған.
Қазір емханада 34 адам жатыр, бұл жерде жалпы 150-ге жуық кісі емделген.
Мақалада өзін «Игорь» деп таныстырған клиника «үйлестірушісі» «емделушілердің фамилияларын сұрамасаң және олардың бет-жүздерін суретке түсірмесең, ішке кіргізем» деп шарт қойғаны жазылады. Оның айтуынша, «қазір емханада 34 адам жатыр, бұл жерде жалпы 150-ге жуық кісі емделген».
«Үйлестіруші» емдеу мекемесін кім қаржыландырып отырғанын ашық айтудан бас тартты, тек «жеке адамдардың қайырымдылық көмегі арқасында жұмыс істеп отырмыз» деген.
ЖАРАЛЫЛАР АРАСЫНДА РЕСЕЙЛІКТЕР БАР
Журналист емханада жатқан жаралылардың бірнешеуімен тілдесіп үлгерген. Солардың бірі – қазір сепаратистердің бақылауында тұрған Донецк қаласынан келген 46 жастағы электрик. Ол осыдан бір жыл бұрын сепаратистер қатарына қосылғанын айтқан.
«Басында біз шоғыр болып, өткізу пунктінде тұрдық. Әр 5-10 кісіге бір тапаншадан келетін. Артынан бізге қару берді» дейді өзін «Шпиль» деген лақап атымен таныстырған ер кісі.
Биыл тамызда кескілескен соғыс жүрген Иловайск қаласының түбінде оның қолын бомба жұлып кетіпті. Содан соң оған протез салу үшін Ростов қаласына алып келген.
Емделіп жатқандарды арасында біреуі – соғысқа Ресейден барған адам. Өзін «Василий» деп таныстырған ол Ресейдің Свердлов облысынан Украинаның шығысындағы соғысқа өз еркімен барған. Жасақ құрамына алынып, ұрысқа қатысқанына бір апта болмастан, ол Донецк түбіндегі «мина жарылысынан аяғынан айырылған».
Жасырын емхананы тапқан Романовамен сұхбат жасаған «Ростов радиосы» тілшілері кейіннен емдеу мекемесіне өздері де барып көрген.
Олардың айтуынша, емдеу орнын Мәскеудің және Ресейдің солтүстігіндегі Карелия аймағының кәсіпкерлері қаржыландырады. Клиниканы ұстауға айына 3 мың 700 АҚШ доллары көлемінде қаражат кетеді екен.
АЗОВТАҒЫ ЖӘНЕ БІР «КЛИНИКА»
Биылғы ақпан айында Ростов облысының Азов қаласында осыған ұқсас медициналық мекеме жұмыс істеп тұрғанын Азаттық радиосы да жазған еді.
Сол кезде әлгі «мекемеде» жиырма шақты украиналық сепаратист емделіп жатқан еді.
Протез салып алған соң қайта барамын. Онда мен сияқты кісілер көп, олар әлі де соғысып жатыр.
Ол емхана да жекеменшік тұрғын үйде орналасқан. Дондағы Ростов қаласындағы құпия ауруханың емделушілері сияқты бұлар да ем-домдарына ақшаны кім төлеп жатқанын нақты білмейді.
Сол жолы ауыр жарақат алғандарына қарамастан, Азовтағы емдеу орнында жатқандардың кейбірі соғысқа қайта баруға құлықты екендіктерін айтқан.
«Протез салып алған соң қайта барамын. Онда мен сияқты кісілер көп, олар әлі де соғысып жатыр» деген болатын Украинаның Ровеньки қаласынан келген Владимир Фесенко есімді жігіт.
Клэр Бигг пен Григорий Якуниннің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.