Accessibility links

Футболшылар мен жанкүйерлерді шіркей талап жатыр


Волгоградтағы жанкүйерлер
Волгоградтағы жанкүйерлер

Футболдан әлем чемпионатының алғашқы матчына екі күн қалғанда Волгоградта солтүстік-шығыстан соққан жел Волга өзенінің арғы бетінен айдап әкелген триллиондаған қансорғыш шіркей қаптап кетті. Маусымның 18-і күні құжынаған шіркей Тунис пен Англия құрамаларының ойынын стихиялық апатқа айналдырып, футболшылар мен жанкүйерлерді талап тастады. Шамамен 40 миллион рубль жұмсалған "Шіркейге қарсы" жоспардан қайран болмады.

​Таң сәріде Чуйковтың ескерткіші жанындағы сәкіде Тунистің ай мен жұлдыз бейнеленген алқызыл туын жамылған екі шетелдік жанкүйер отыр. Екеуінің мыж-мыжы шыққан. Фотоаппараттың объективін байқаған жігіттер қолдарын сермелеп, "No, no!"​ деп айғай салды. Біләл мен Мұхамад ат-Тахир Тунистің Гафса деген шағын қаласынан келіпті. Екеуінің жұмыссыз жүргеніне екінші жылға айналған. Бірақ Тунис-Англия матчына билет сатып алудың сәті түскен. Екеуінің айтуынша, ақшалары соған ғана жеткен, сондықтан ыңғайы келген жерге түней салады. Мәскеуде бір түнін Павелец вокзалында өткізген, ал Волгоградта саябақтың бір бұрышында қаптөсектің ішіне кіріп ұйықтауды ұйғарған.

- Түнімен кірпік ілмедік - екеумізді шіркей талады. Қапқа тығылайық десек, ыстық әрі қапырық. Ал оған кірмесең, талап тастайды. Сұмдық! Қайда тығыларымызды білмедік, бз тұратын шөл далада мұндай жоқ, - деп шағынады Мұхамад.

- Таңертең Волганың жағасына барып, шомылып сәл ес жидық. Енді бір жерден таңғы ас, кофе ішпесек болмайды, - дейді Біләл.

Сталинград жесірлері саябағы орнындағы фонтан
Сталинград жесірлері саябағы орнындағы фонтан

Ағайынды ағылшындар Том мен Бил Гриффитс Волгоградқа 18 маусым күні таңертең келіп, кеш қарайғанға дейін қонақүй іздеген. Азаттықтың Орыс қызметі тілшісімен жолыққан сәтте екеуі шіркей туралы әсерлерімен де бөлісті.

Том Гриффитс
Том Гриффитс

- Midge деген орысша қалай болады? "Мошка!" О! Тәңірім! – дейді мазасын алған шіркейді тынымсыз қуумен болған Том.

- Мынаған шыдау мүмкін емес! Олар бізді тіпті кафенің ішінде отырғанда шағып тастады, - деп ашуланады Бел. Бірақ ағайынды жігіттердің айтуынша, матч кезінде стадионда шіркей болмаған.

Әкелі-балалы Питер мен Штефан Хеймс әйгілі футбол клубы бар Сандерленд қаласынан келген. Питер – зейнеткер, ұлы – коммерциялық компанияның қаржы директоры. Волгоградта олар ресейліктердің ақкөңіл екенін және кафе, дүкендерде тамақтың арзан екенін көріп таң қалған. Ағылшындар діңкелеткен жәндіктерді қуып турып әңгімелесті.

- Кешеден бері қалада шіркей қаптап кетті. Бұлай болады деп ойламаппыз. Бізге бұл жайлы ескерткен жоқ болатын, - дейді Питер Хеймс күліп.

- Телевизия мен газеттерден футболдан Ресейде өтетін әлем чемпионатына бару қауіпті деп жар салған болатын. Сіздердің агрессияға бейім жанкүйерлеріңіз туралы да, өзге қатерлер туралы да айтқан. Ал шіркей туралы ескерткен жоқ, - дейді Штефан.

- Ақырында ағылшын БАҚ-тарынан естіген жайттардың ешқайсысы расталған жоқ, есесіне олар айтпаған бірдеңе бар екен, - дейді Питер Хеймс.

Джейк Джеффериз және Роберт Шоу
Джейк Джеффериз және Роберт Шоу

Бристоль қаласынан келген бухгалтер Джейк Джеффериз әріптесі Роберт Шоу күтіп отырған вокзалға асығып бара жатыр екен. Екеуі Эльбрус шыңын бағындыру үшін матчтың ертеңінде Кавказға аттануға келіскен. Жол-жөнекей Джейк Волгоградта бірнеше күнді қалай өткізгенін айтып берді. Матч оған қатты ұнаған (Тунис құрамасы лайықты қарсылас болып шыққан), бірақ шіркей діңкелеткен. Джейк шіркей талап тастаған аяқтарын көрсетіп:

​– Шіркейден қайда тығыларымызды білмедік. Олар тіпті дүкеннің ішінде қыр соңыңнан қалмайды. Құлақ-мұрын, көзіңе үймелеп алады екен. Сұмдық енді. Жаз кезінде сіздерде ылғи осылай бола ма? Маусым айында ғана дейсіз бе? Жақсы. Онда келесі жолы шілдеде келемін.

Джоан де Диос Роверо
Джоан де Диос Роверо

- Ұсақ шіркей Мексикада да бар. Джунглиде, мұхиттың жағасында болады. Ол жақта көбінесе ұсақ шыбындар көп, - дейді мексикалық Джоан де Диос Роверо. – Бірақ олар белгілі бір кезеңде ғана шығады әрі ылғи шаға бермейді. Волгоградта шіркейге таланамын деп ойламаппын. Өзі титімдей ғана жәндік екен, сирек шағады, бірақ мүлде маза бермейді.

Құжынаған шіркейге үйреніп кеткен мексикалық фан-аймақта ілінген үлкен экраннан кезекті матчты қоршаудың сыртынан бақылап тұр. Джоан Волгоградқа Англия құрамасына жанкүйер болып келген.

Татьяна және Сергей Павленколар
Татьяна және Сергей Павленколар

Ұсақ шіркей "Волгоград Арена" стадионына маңындағы орталық саябақта демалып отырған волгоградтық зейнеткерлердің де мазасын алған. Ерлі-зайыпты Татьяна мен Сергей Павленко чемпионатта ерікті ретінде жүрген немересінің жұмысын сәкіде отырып бақылайды екен.

– Жұрт территорияны бірнеше мәрте дәріледі деп жүр еді. Біразға дейін шіркей болған жоқ. Екі күн бұрын - тура матч басталарда қаптап кетті, - дейді Татьяна Павленко.

Шынымен, мамырдың аяғында Волга және Ахтубе өзендері алқабындағы су көздері екі мәрте дәріленгенін "Шіркейге қарсы" жоспар авторларының бірі профессор Елена Иванцова да растадыа. Оның мәлімдеуінше, мұның арқасында маса мен шіркейді едәуір азайтудың сәті түскен.

Елена Иванцова
Елена Иванцова

- Бірақ өткен демалыс күндері және алғашқы матч қарсаңында Волга өзенінда өсіп жетілген шіркейлер қаптай басталды. Ағын судың мұндай көлемін дәрілеп шығу мүмкін еместігі түсінікті. Имагоға (ересек жәндік – ред.) қарсы пайдаланатын тиімді шара жоқ. Кей жағдайларда ересек аналықтары жағалау бойындағы қамыс-құраққа немесе қорғалатын нысанның айналасын дәрілеу арқылы жояды. Бірақ мұндай шараның әсері көпке созылмайды, - деп түсіндіреді Елена Иванцова.

Профессордың сөзінше, матч қарсаңында стадион айналасындағы түнде ересек шіркейлер шоғырланатын шөптер мен бұталарды жәндіктерге қарсы препараттармен дәрілеген. Олай болса, шіркейлер неге жанкүйерлердің зықысын шығарған?

- Шамасы, шіркейлер стадионға адамдардың киіміне, шашына жабысып кірген болу керек, - деп топшылайды Иванцова. – Бұл жәндіктің жарыққа, көмір қышқыл газ көп шоғырланған жерге, адамның тер бездері құрамына кіретін сүт қышқылы иісіне үймелейтін қасиеті бар. Сондықтан шіркей стадионның ортасындағы ойыншылар жүрген алаңға қарай жөңкілген, ал футболшылар, обалы не керек, табиғаттың жайсыз құбылысына шыдап берді.

Волгоградта шіркейлер бұдан ары көбеймеуі тиіс деп жұбатқан профессор "үш аптадан кейін біртіндеп мүлде азаяды" дейді.

- Табиғатпен бұлай ойнау қауіпті, - дейді тәуелсіз эколог әрі "Волгоград-Экспресс" ақпараттық орталығының директоры Елана Васильева. Ол "Шіркейге қарсы" жоспардан пайда болмасына әу бастан сенімді болған. Мына жағдай оның қаупін растаған.

- Иә, әлдебір бактерологиялық тәсілдерге жүгініп, стадионға жақын су көздеріндегі шіркейлердің дернәсілдерін жойған шығар. Айтпақшы олар экожүйенің өзге өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін. Бірақ Волганың арғы бетіндегі даладан шіркейлерді жел оңай айдап әкеледі. Мұны кейінгі бес күннен бері байқап отырмыз. Мұндай пайдасы жоқ шараларға миллиондаған рубль жұмсап керегі жоқ еді.

Елена Васильева.
Елена Васильева.

Эколог "миллиондаған ақша шашқылары келсе, бұдан да шегіртке өсіргендері дұрыс еді. Шегіртке ұшқан кезде шіркей болмайды" дейді. Оның пікірінше, ұсақ шыбын-шіркеймен күрестің бактериологиялық тәсілдері "қалаға химиялық шабуыл жасаудан" бәрібір артық.

Ал Волгоград облысы әкімшілігі алдын ала қарастырылған шаралардың арқасында "биыл Волгоградта шыбын-шіркейді шамамен 10 есеге азайудың сәті түсті" деп хабарлайды. Губернатор аппаратының баспасөз қызметі өкілі Юлия Ермакова Азаттық тілшісіне "адамға қауіпсіз қанатты жәндіктер қалада жоспарланған көпшілік шараларды өткізуге кедергі болмайды" деп мәлімдейді.

- Бұдан бөлек, шіркейлерден қосымша қорғайтын тосқауыл қоюға, жанкүйерлерге жайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр - мамандар спорт нысандарының маңайындағы аймақтарды, жанкүйерлер фестивалі өтетін территорияларды жәндіктерді жоюға арналған препараттармен дәрілеп жатыр, - дейді Ермакова.

Юлия Ермакованың хабарлауынша, Волгоград табиғат ресурстары, орман шаруашылығы және экология комитеті шіркейді азайту шараларына сегіз миллиондай рубль жұмсаған. Ал комитеттегі аноним дереккөз кемі 40 миллион рубль деген өзге санды атайды. Ертеректе баспасөзде осы сома жарияланған.

Сегіз миллион немесе қырық миллион рубль бола ма - шіркейлер мұны елең етпейтін тәрізді.

Волгоградтағы фан-аймақ
Волгоградтағы фан-аймақ

Алдағы уақытта сол жерде ойнауы тиіс әлем чемпионаты қатысушыларына Волгоград стадионының "ерекшеліктері" туралы хабар жетіп қойған. Исландия құрамасының шабуылдаушысы Альфред Финбогассон (оның командасы ол жақта 22 маусымда Нигерия құрамасымен ойнайды) Твиттер парақшасында "Англияның матчын бақылағаннан кейін Волгоградқа асай-мүсейімді асынып, дайындалып келдім" деген әзілдеп жазған.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Евгений Лемкустің мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG