Accessibility links

Путин «шабыттандырған» әтір


Владимир Путиннің құрметіне шығарылған әтірді көрсетіп тұрған жас әйел.
Владимир Путиннің құрметіне шығарылған әтірді көрсетіп тұрған жас әйел.

Мәскеуліктер Ресей президенті Владимир Путиннің құрметіне шығарылған әтірді себінуге қалай қарайды? Азаттықтың Орыс қызметі осы жайлы фильм шығарды.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мәскеудегі ГУМ (мемлекеттік әмбебап дүкен) ғимаратының ортасында Ресей президентінің қырынан түскен бейнесі мен Inspired by Vladimir Putin (Владимир Путин шабыттандырған) деген жазуы бар Leaders иіссуын сататын дүңгіршек пайда болды.

Сатушы қыз «Еліміз көшбасшысы Владимир Владимирович Путин ғой, сондықтан, біздің парфюмеріміз Влад Рекунов ол кісіден шабыт алып әтір жасап шығарды. Әтір Францияда шыққан, бірақ өндіруші – өзіміздің ресейлік компания. Айтпақшы, парфюмер – Минскінің жігіті» дейді.

Ұлты белорус Влад Рекуновтің парфюм жасайтын жеке меншік шеберханасы бар. Ол көбінесе жеке тұлғаларға арналған «дара композициялар» жасаумен айналысады. Кезінде Мирей Матье, Киркоров, Меладзе, Нелли Кобзон, Наташа Королева және Тимати сияқты жұлдыздардың құрметіне шығарған әтірлері бар. Енді бұл тізімге Владимир Путин енді. Бұл – жуырда бизнес және белсенді өмірлік ұстаным жайлы журнал шығарған ресейлік Leaders компаниясынан түскен тапсырыс. Бұл әтір – басылым жариялаған жарнама науқанының бір бөлігі. Бас редактор Максим Фомичев федералдық телеарналарға «Корольдер мен императорлар билік құрған замандарда парфюмерлер әміршілерінен шабыт алатын, сондықтан біз де Путиннің рейтингінен рухтанып әлгі дәстүрді жаңғыртуды ұйғардық» деп хабарлады.

Влад Рекунов.
Влад Рекунов.

Влад Рекуновтың айтуынша, ресейлік компания тосыннан тапсырыс бірген.

«Кімнің құрметіне әтір әзірлеуге тапсырыс беретінін компания өкілдерімен кездесуге келе жатқанда білген жоқпын. Олар әтірдің дәрежесі жоғары кісінің құрметіне әрі үлкен тиражбен шығатынын ғана айтқан. Ол кісі Ресей федерациясы басшысы екенін кездесу үстінде бір-ақ білдім» дейді парфюмер.

Оның айтуынша, Путиннің рейтингі түрткі болған иіссудың рецептін ол бір жарым ай бойы ойлап, құрастырған.

«Ресей президенті түскен видеороликтерді қарап шықтым, дауысын мұқият тыңдадым. Меніңше, дауыс – адамның болмысын көрсететін өте маңызды, тіпті ең маңызды қасиеттердің бірі. Сондықтан іштен шығады және дауысты жасанды ету өте қиын. Президенттің көзіне, мінезіне, жүріс-тұрысына, бет-әлпеті мен дене қимыл-қозғалыстарына назар аудардым. Бірақ кей адамдар ойлағандай, оның саяси көзқарастарына онша мән бермедім» дейді Рекунов.

«Бұл кісі – қолынан көп іс келетін, планетамызда алатын орны зор адам. Мұндай жандардан үлкен әсер аласың. Ондай бейнеге қарап отырып композиция құруға болады» дейді ол.

Өндірістік цикл алты айға созылған. «Біз шығарған композиция – жұмсақ та жұмыр, жұртты жирендіретін емес, еліктіретін иіс. Әтірдің сүрек-акватика санатына жататын хош иісі жұмсақ болғанымен, су сияқты мөлдір. Себінген кезде әуелі цитрус тектес жұпар иіс сезіледі. Композицияда бергамот, лимон сияқты қышқыл иістер үйлесім тапқан. Бірақ балқарағай мен шырша тектес қылқан жапырақты ағаштың иісі аңқыған әтір бірден жұмсарып сала береді. Мускус пен Оңтүстік Американың тропикалық орманында өсетін хош иісті диптерикс ағашының тұқымдары әтірді мақпалдай жұмсартып тұрады».

Владимир Путин шабыттандырған әтір.
Владимир Путин шабыттандырған әтір.

«Әтірдің бес үлгісін дайындадым, Бесеуі де көңілімнен шығып, оларды тапсырыс берушіге жолдадым. Ал олар әрі қарай не істегенін білмеймін. Былайша айтқанда, мен танымал ақын өлеңіндегі «өз міндетін атқарып, жөніне кеткен мавр» сияқтымын (Ф.Шиллер. – ред.). Ал үлгілерді Владимир Владимировичке көрсетіп, оның «батасын» алды ма, жоқ па білмеймін – оны тапсырыс берушіден сұрағаныңыз жөн. Бірақ әлгі бес үлгінің біреуі бірден мақұлданғанын білемін. Шынымды айтсам, ол маған да көбірек ұнаған. Тапсырыс беруші де соны таңдады» дейді парфюмер.

«Әтірді, әрине, Владимир Владимировичтің өзі мақұлдағаны анық. Ол кісінің келісімі болмаса, Кремльдің іргесінен 100 метр жерде тұрмас едік қой» дейді сатушы қыз. Путин шабыттандырған әрі бейнесі бедерленген әтір 6500 рубль тұрады.

Тілшінің «Ал Лукашенконың құрметіне неге әлі әтір шығармағансыз?» деген сұрағына Рекунов «Александр Григорьевич жеке хош иіс жасап беруді сұраған жоқ. Мүмкін оған керек емес шығар. Бірақ ондай ұсыныс түссе, қуана-қуана келісер едім. Қазір біз Белоруссия әтірін шығарып жатырмыз. Оның авторы – менің ұстазым әрі әлемдегі ең ұлы парфюмерлердің бірі София Гроссман. Жуырда оны елімізде ұлттық символ ретінде таныстырамыз. Хош иіссуды ел басшылығы ықыласпен қабылдайды, ал өзім құрмет тұтатын Александр Григорьевич өз бағасын береді деп қатты үміттенемін» дейді ол.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері мәскеуліктерге Ресей президенті әтірін себінуді ұсынды. Оларға әтірдің ұнаған-ұнамағанын «Путин әтірін себінуге қалай қарайсыз?» атты төмендегі фильмінен байқауға болады.

(Инна Денисованың мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG