Accessibility links

ИМ-ді әжуалаған актер қоқан-лоқыға ұшырады


Сауд актері Насер әл-Қасаби (солдан санағанда екінші) "ИМ сапында жүрген әке" рөлінде. Араб тіліндегі MBC телеарнасы көрсетіп жатқан "Селфи" фильмінің кадры.
Сауд актері Насер әл-Қасаби (солдан санағанда екінші) "ИМ сапында жүрген әке" рөлінде. Араб тіліндегі MBC телеарнасы көрсетіп жатқан "Селфи" фильмінің кадры.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобын әжуалайтын сатира фильм түсірген Сауд Арабиясы актері Насер әл-Қасабиді «өлтіреміз» деп қорқытқандар да, «көкейдегі дөп бастың» деп мақтаушылар да бар.

«Селфи» деп аталған 45 минуттық фильмді Сауд Арабиясынан араб елдеріне тарайтын MBC кабельдік телеарнасы ораза айы басталғалы көрсетіп жатыр.

Фильм авторы әрі басты рөлдегі актері - 53 жастағы комедия әртісі Насер әл-Қасаби.

Фильмде автор «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының әйелдерді күңдікке алу, «секс-жиһад», ұрып-соғу, кісінің басын кесу сияқты жауыз әрекеттерін әзіл-оспақ арқылы шенейді. Фильмнің толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыз.

Фильмде Қасаби ИМ содырлары қатарына қосылған ұлын іздеп Сауд Арабиясынан Сирияға аттанған әке рөлін сомдаған. Ол өзі де қарулы жасаққа қосылғысы келетін кейіп танытады, алайда өтірігі әшкере болып қалады да, жазаға кесіледі.

Содырларды ақымақ, ұрда-жық баскесер етіп көрсетіп, ИМ экстремистік ұйымын келемеждегенімен, «Селфи» фильмі бұл топтың жұрттың санасын улап, шаңырақтарын шайқалтып жатқанын ащы шындық ретінде баяндаған.

Бір эпизодта ИМ содырлары Қасабидің кейіпкерін өлім жазасына кеседі, туған ұлы оның басын алуға оқталғанда, әкесі мұндай қатыгездікке қатты таңғалады.

«БАСЫҢДЫ КЕСЕМІЗ»

Бұл фильмнің талайлардың қитығына тигені де, көп жұрттың көкейіндегіні дөп басқаны да анық. Оған дәлел – әлеуметтік желідегі реакция.

ИМ-ді жақтаушылар Қасабиге қатты шүйліккен. Біреулер саудиялық комедия әртісін «сатқын» деп атаса, енді біреулер «бас кесуді әжуаға айналдырған Қасабидің шынымен басын кесеміз» деп кіжінеді. @s_2f есімді Twitter қолданушы «содырлар сенің басыңды денеңнен бөліп тастағанша дамыл таппайды, бірер күннің ішінде басыңнан айырыласың» деген хабарлама жіберген. Бұдан соң әлгі аккаунт жабылып қалды.

«БӘРІМІЗ - ҚАСАБИМІЗ»

Араб тілді әлеуметтік желілерде «Селфи» фильмі мен Қасабиді мақтап, қолдау білдіргендер де болды. Фильм авторын қолдап-қорғаушылар араб тілінде «Селфи», «Рахмет саған, Насер әл-Қасаби», «Біз бәріміз -Насер әл-Қасабиміз» деген бірнеше хэштегпен хабарлама тарата бастады.

Мұхамед Елияс есімді Twitter қолданушы «Рахмет саған, Насер әл-Қасаби» хэштегінің астына «ИМ-нің қаншалықты жауыз екенін көрсету үшін жақындарының өмірін, өз басын қатерге тіккен нағыз жиһад - осы» деп жазды.

Басқа бір Twitter қолданушы «Қасабидің ИМ насихатына қарсы тұрып, олар туралы қорқынышты шындықты баян еткенін» жазған.

@hussainalhejji есімді қолданушы «Қасаби ақыл-естен айырылғандарға ИМ-нің бар шындығын жайып салды» десе, @Mona_AlShehri «бұл фильм жантүршігерлік ащы шындықты жарыққа шығарды» деген пікір білдірген.

ИМ сапындағы содыр жігіттің өз әкесінің басын алмақ болуы біраз жұрттың эмоциялық реакциясын тудырды.

Сол көріністің скриншотын жариялаған @AboodyB92 есімді қолданушы «фильм ИМ-нің бар сықпытын ашып көрсетті» десе, @DrMariamFida «Қатты құлазып кеттім, соңғы көріністі көрмей-ақ қоюым керек еді» деген пікір қалдырған.

Қасабидің өзін қолдаған барша жұртқа айтқан алғыс хабарламасын маусымның 24-іне дейін әлеуметтік желіде 17 мың 188 адам бөлісіп, 7 мың 600-дей интернет пайдаланушы қолдайтынын білдірген.

Қасаби «Twitter парақшам маған лағнет айтып, қоқан-лоқы жасаған хабарламаларға толып кетті. Олардың барлығына «Сабыр сақтап, Рамазанды жақсы өткізіңіз. Бұл – фильмнің басы ғана!» деп жауап беремін» деп жазды.

ЖАҚТАУШЫЛАР САУД АРАБИЯСЫНДА ҒАНА ЕМЕС

«Селфи» фильміндегі ИМ экстремистік ұйымына қатысты сатира тек Сауд Арабиясы қоғамына ғана әсер етпеген.

Иорданияның «әл-Ғад» басылымы «фильм ИМ ұйымының шын бейнесін жасаған» дей келе, «терроршылардың жыл басында иорданиялық ұшқыш Муас әл-Касасбені тірідей өртеп жібергенінен әлі ес жия алмай отырған Иордания халқына бұл туынды қатты әсер етті» деп жазды.

Араб елдеріне тарайтын «әл-Хаят» басылымы «ИМ-нен төніп тұрған қауіп туралы ескерту үшін басын өлімге тіккен Қасабидің ерлігіне» мақтау айтқан.

ИМ экстремистік ұйымын сатира көмегімен сынаған Қасаби ғана емес. Қаңтар айында екі жапон тұтқынының басын кесеміз деп қорқытқан соң жапониялық Twitter қолданушылар әлеуметтік желіні пайдаланып ИМ экстремистік ұйымын келеке етті.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG