12 маусымда Сингапурдегі Сентоса аралында АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту жөнінде бірлескен декларацияға қол қойды. Құжатта президент Трамп пен Ким Чен Ынның "АҚШ пен Солтүстік Корея арасында жаңа қарым-қатынас орнату және Корей түбегінде шынайы әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мәселелері бойынша жан-жақты, терең әрі шынайы пікір алмасқаны" айтылады. "Президент Трамп Солтүстік Кореяның қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндеттеме алды, төраға Ким Чен Ын Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту ұстанымынан таймайтынын растады" делінген құжатта.
Бұдан өзге, АҚШ пен Солтүстік Корея әскери тұтқындар мен із-түзсіз жоғалғандардың мүрделерін іздеу және оларды анықтау жұмыстарын бірге істеуге және анықталған адамдардың мүрделерін қайтаруға міндеттеме алды.
Құжатта екі елдің декларация талаптарын орындауға бірден кірісетіні және таяу уақытта АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Солтүстік Кореяның жоғары шенді шенеунігі келіссөзді одан ары жалғастыратыны айтылған. 12 маусым 2018 жыл
ПІКІРЛЕР