2010 жылы 9 наурызда дүниеге келген Бегайша, Гүлайша, Жанайша және Нұрайшалар екі жастан бірер ай асты. Алды 1,5 килограмм, соңы 900 грамм болып туған төртемнің тілдері шыға бастапты. (Төрт Айша туралы Азаттық радиосы бұған дейін де арнайы мақала жазған болатын).
Төртемнен кейін дүниеге келген Нарқыз есімді сәби тағы бар. Қазір бес баланың күтімі аналары Назымгүл мен сәбилердің нағашы апасы Күләйхан Ыбырайқызының мойнында.
КҮНІНЕ БІР МӘРТЕ ДАЛАҒА ӘРЕҢ ШЫҒАРАМЫЗ
Күләйхан Ыбырайқызы төртем дүниеге келгелі жиендерінің бағым-күтімімен жүріп үйіне де бармапты.
– Екі жыл болды, осы үйдемін. Бір өзінің шамасы жетпегендіктен, жиендерім үшін жіпсіз байланып отырмын. Менің де балаларым мен немерелерім бар. Кеше ауылға кетсем, бесеуін сыртқа шығарамын деп жүріп, Нұрайшаны баспалдақтан құлатып алыпты. Соны ести сап, үйге бір қонып қайтып келдім, - деді Күләйхан апай.
Сәбилер дүниеге келгеннен кейін Жетісу ауданы әкімшілігі 2014 жылға дейін жалға берген алты қабатты үйде лифт жоқ екен. Нағашы апалары төртінші қабатта тұратын Айшаларды күнінен бір мәрте ғана далаға шығарып, ойнатып келетінін, денсаулығы нашар болғандықтан, баспалдақпен түсіп-шығудың өзі күшке айналғанын айтады.
– Армияға кеткен жігіттің өзі бір жылдан кейін келеді ғой. "Енді мені босатыңдар" деп отырмын қыз бен күйеуге, - деп қалжыңдап қояды ол кісі.
БАЛАБАҚШАҒА БАРУ ҮШІН АЙЫНА 88 МЫҢ ТЕҢГЕ КЕРЕК
Сәбилердің әкесі Есентай Қапардың айтуынша, Жетісу аудандық әкімшілігінен балалардың бағым-күтіміне байланысты ешқандай көмек болмай отыр.
– Әкімшілікке бір емес, бірнеше бардым. Бір баланы қараудың өзі оңай емес, ал бес балаға жалғыз Назымгүлдің шамасы жетпейді. Амалсыз енемді жібермей отырмын. Өз әке-шешем жасы жеткен адамдар. Өздеріне жеке күтуші керек, - деді ол.
Есентай Айшаларды «балабақшаға берсем» деген арманы орындалмай қала ма деп қауіптенеді.
– Жақында балабақшаға барып сөйлескен едім. Әрқайсысына 22 мың теңгеден төлейді екенмін. Сонда төртеуін балабақшаға апару үшін айына 88 мың беруім керек. Әкімшілік тарапынан ешқандай жеңілдік жоқ. Тек көп балалы ана ретінде келіншегіме айына алты мың теңге төлейді - деді Айшалардың әкесі.
Оның айтуынша, балалары бір жасқа толғанға дейінгі төленетін жәрдемақыдан басқа көмек болмаған.
Бес баланың әкесі Есентай Қапар республикалық спорт колледжінде сабақ береді. Оған қоса спорт және туризм академиясында еркін күрестен жаттықтырушы болып істейді. Жолдасының айлық жалақысы 100 мың теңге екенін айтқан Назымгүл «Жергілікті әкімдіктегілер тым болмағанда Айшалардың екеуіне балабақшадан жеңілдік қарастырып берсе де болар еді» дейді.
МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘРДЕМ ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН
– Мына үйді 2014 жылға дейін жалға берген. Коммуналдық төлемдердің сыртында айына 5 мың теңге төлейміз. Келісім шартта бұл үйдің жекешелендірілмейтіні, сатуға болмайтыны және қандай бір жағдаймен келісім-шарт уақыты біткенге дейін баспаналы болсақ, үйді қайтып алатыны жазылған. Келісім-шарттың бітіуіне де көп қалған жоқ. Егер әкімшілік берген үйлерін қайтып алса, не істейтінімізді білмейміз, - деп қайғырады Назымгүл.
Төрт Айшаның жайынан жан-жақты хабардар екенін айтқан Жетісу аудандық әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Гауһар Әзімбаева Азаттық тілшісіне «Ол кісілер балаларына тиесілі дәрі-дәрмектерін осы уақытқа дейін тегін алып келді. Әлі де ала алады. Одан бөлек, балаға бір жасқа дейін төленетін жәрдемақыны да уақытында алып отырды» деді.
Гауһар Әзімбаеваның айтуынша, Есентай мен Назымгүл көп балалы ата-ана ретінде балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыра алады. Ал ақша жағынан ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.
– Бұл жердегі басты мәселе тәрбиеші болып отыр ғой. Біз өткен жылы министрлікке хат жазғанбыз. Бірақ «тәрбиеші тағайындауға сендердің құзіреттерің жоқ» деген жауап келген, - деді әкімдік өкілі.
Төрт Айшаның күнделікті өмірін осы жерден көре аласыз: