Accessibility links

Галышева: "Канада мен Ресей азаматтық ұсынған"


Юлия Галышева олимпиада қоласын алған сәт. 12 ақпан 2018 жыл.
Юлия Галышева олимпиада қоласын алған сәт. 12 ақпан 2018 жыл.

Пхенчханда фристайлдың могул түрінен әйелдер арасындағы жарыста қола медаль алған қазақстандық спортшы Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Азаттық: - Олимпиада қоласын алғаннан кейін ресейлік басылымдарда сізге Ресей азаматтық ұсынып, өзіне шақырғаны туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?

Галышева: - Бұл - рас. Екі ел азаматтық ұсынып, құрамаларына шақырды. Бірінші рет 2014 жылы Сочи олимпиадасы алдында Канададан ұсыныс түсті. Ал 2015 жылы Ресейден ресми ұсыныс түсті. Яғни, екі ел (Қазақстан мен Ресей - ред.) федерациялары арасында келіссөздер болды. Бірақ мен Қазақстанда қалам деп шештім.

Азаттық: - Қазақстан үкіметі қола жүлдегерге 70 мың АҚШ доллары сыйақы беретінін білесіз. Сыйақыны қайда жұмсамақсыз?

Галышева: - Алдымен сол қаржыны алу керек. Қолыма тисе, алдымен анамның көлігін ауыстырып бергім келеді. Қазір үй салып жатырмыз. Ақшаның жартысы сол құрылысқа кетеді. [Сыйақыны] өзіме, отбасыма жұмсаймын.

Галышева Пхенчхан олимпиадасында жарысқа қатысып жатқан сәт. 9 ақпан 2018 жыл.
Галышева Пхенчхан олимпиадасында жарысқа қатысып жатқан сәт. 9 ақпан 2018 жыл.

Азаттық: - Сочи олимпиадасынан кейін Қазақ спорт және туризм академиясына грантқа түсе алмай, оқу орны сізге грант бермей біраз шу болған еді. Оқу бітірдіңіз бе?

Галышева: - 2017 жылы желтоқсанда Қазақ спорт және туризм академиясында магистратураны бітірдім. Алматыда өткен универсиадаға осы академия атынан қатыстым. Бізде осындай институт болғанына қуаныштымын.

Азаттық: - Олимпиададан кейін демалыс аласыз ба әлде жарыстарға қатысасыз ба?

Галышева: - Демалмаймыз, биылғы маусымды аяқтау керек. Ақпанның 26-cы күні Жапониядағы әлем кубогы кезеңіне барамыз. Яғни, жарыс жалғаса береді.

Юлия Галышева (оң жақта) Пхенчхан олимпиадасында жүлде алған сәт. Ортада франциялық Перрин Ляффон, сол жақта-канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант. 12 ақпан 2018 жыл.
Юлия Галышева (оң жақта) Пхенчхан олимпиадасында жүлде алған сәт. Ортада франциялық Перрин Ляффон, сол жақта-канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант. 12 ақпан 2018 жыл.

Азаттық: - Сіз әлем чемпионаты, әлем кубогы, Азия ойындары, универсиада медальдарын алдыңыз. Тек жетпей тұрғаны олимпиада жүлдесі еді. Ол да бар. Кей спортшылар олимпиада медалін алған соң карьерасын аяқтап жатады...

Галышева: - Карьерамды аяқтамаймын. Биылғы маусым әлі аяқталған жоқ. Алда әлем чемпионаты бар. Бастысы жарақаттанып қалмасам болды. 2022 жылы Қытайдағы олимпиадаға қатысуды жоспарлаймын. Карьера аяқтауға әлі ерте. Дима (Дмитрий Рейхерд, Пхенчхан олимпиадасында 8-орын алған – ред.) карьерасын аяқтайтынын айтты. Бірақ ол ойланып, бұл шешімін өзгертеді деп үміттенем. Екі жыл үзіліс алып, демалып, қайта келуіне болар. Себебі көп спортшылар солай істейді.

Оқи отырыңыз: "Медаль алуы тиіс" Рейхерд неге жүлдесіз қалды?

Азаттық: - Қазақстан фристайл құрамасының бас бапкері Қазақстанда жаттығатын дұрыс жер жоқ екенін айтты. Сіздің жетістігіңізді қайталайтын жас спортшылар бар ма?

Галышева: - Қазақстандағы жарыстарға барғанда жас спортшылар көп. Аттарын есіме сақтап үлгермеймін. Түрлерін білемін. Әр жарысқа елу-алпыс жас спортшы қатысады. 5-17 жастағы Олег Цин, Александр Геберд деген жас балалар шығып келеді. Олег Цин Еуропа кубогы кезеңінде медаль алып үлгерді. Бұл жас спортшы үшін жақсы жетістік.

Юлия Галышева марапаттау рәсімінде.
Юлия Галышева марапаттау рәсімінде.

Азаттық: - Әлеуметтік желіге шетелдегі жаттығу жиындарынан көп суреттер саласыз. Көбіне шетте жүретін сияқтысыз?

Галышева: - Жаз бойы дайындықта жүреміз. Үйде жиі болмаймын. Бос уақытым бола қалса үйде анамның жанында болуға тырысамын. Оған қоса достарыммен хоккей ойнаған ұнайды. Негізінен жаттығуда, жарыста жүремін.

Азаттық: - Қайда жаттығасыздар?

Галышева: - Маусымда Риддерде шілде-тамызда Еуропа елдерінде бірнеше ел жаттығу өткіземіз. Могулшылар спортта қарсылас болғанымен өмірде доспыз. Әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрамыз. Мысалы канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант мопус иттерді қатты жақсы көреді. Мен де жақсы көремін. Бір-бірімізге мопустардың суреттерін сыйлағанбыз. Бұл - ағылшын тілін жақсартуға көмек. Олар бізге ағылшынша, біз оларға орысша үйретеміз. Бір-бірімізге мұғалімбіз.

Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG