Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның күйеу баласы Шамсулло Сохибовтың бизнес-империясы қағаз бетінде "жабылғанымен", іс жүзінде жұмысын жалғастырған деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосы.
Үш ай бұрын Шамсулло Сохибов басқаратын "Фароз" компаниясы сәтті диверсификацияланған бизнестің жарқын үлгісіне айналған еді. Алайда сол жетістігіне қарамастан, кенет компания нарықтағы қиындық пен табыстың қысқаруы себебінен жабылады деген хабар тараған.
Қыркүйектің 17-сі күні жарияланған бұл хабарландыруға дейін "Фароз" компаниясы елдегі 108 кәсіпорны мен жылжымайтын мүлігін сататыны туралы жаңалық шыққан.
Бұрын "Фароз" компаниясының иелігінде болған ондаған фирма өз кеңселерінен компания логотипін алып тастады. Атағы дүркіреген корпорация елдің бизнес картасынан бір сәтте жоғалып кеткендей әсер қалдырды.
Бірақ осы мәселені зерттеген Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы) компанияда логотип ауыстырғаннан басқа өзгеріс болмағанын айтады.
Тәжікстан заңы салық қызметін бизнесінің тоқтағаны жайлы хабардар еткен соң компания жұмысын ары қарай жалғастыруға тыйым салады. Заң бойынша, компанияға кәсіпорынды жабу операцияларын аяқтауға 48 күн уақыт беріледі.
Құжаттарға сәйкес, "Фароз" компаниясы салық комитетіне өз қызметін тоқтататыны жайлы хабарламаны тамыздың 26-сы күні берген. Комитет мұндай ақпарат алғанын растады.
Озоди радиосы редакциясына президент Рахмон қол қойған екі құжат түсті. Онда президент "Фароз" компаниясына жаңа ұзақ мерзімді бизнес жобаларын жүзеге асыруға ірі жер аумағын бөлуді мақұлдаған. Қос құжатқа да президент компания билікке өзінің жабылғаны туралы хабарлама бергеннен кейін қол қойған.
Президент Рахмон бірінші құжатты тамыздың 31-і күні қарап, "Фароз" компаниясына Матчинский, Исфар және Пенджикент аудандарының 14 гектарға жуық жерін сатуға келіскен. Құжаттарға сәйкес, "Фароз" ол жерді болашақ жобаларына пайдаланбақ. Олардың қатарында мемлекеттік шекараға жақын маңда халықаралық автобус терминалдарын салу жобасы бар.
Президент екінші құжатқа қарашаның 2-сі күні қол қойған. Онда "Фароз" компаниясына халықаралық автобус терминалдары аумағын кеңейту үшін Гиссар, Турсунзаде, Шахринав аудандарынан жер алуға рұқсат берілген.
Бизнесінің жабылғаны туралы мәлімдеме жасап, мұның себебін ресми түрде "нарықта бәсекелесу қабылетін жоғалту" деп көрсеткен компанияға жер сатуды Тәжікстан президентінің неліктен мақұлдағаны белгісіз.
Азаттықтың Тәжік қызметі желтоқсанның 11-і күні Шамсулло Сохибовқа осы мәселеге байланысты пікір беруін сұрап, хат жолдаған. Бірақ "Фароз" компаниясының басшысы редакция хатына жауап берген жоқ.
РАХМОННЫҢ КҮЙЕУ БАЛАСЫНЫҢ БИЗНЕС-ИМПЕРИЯСЫ
"Фароз" компаниясы Тәжікстанда жауапкершілігі шектеулі кәсіпорын ретінде ресми тіркелген, ал Шамсулло Сохибов оның негізін қалаушы және басшысы деп көрсетілген.
Желтоқсан айының басына дейн салық комитеті "Фароз" компаниясын "жабылған" немесе "жабылу алдында тұрған" деп емес, "жұмыс істеп тұрған" (компания мәртебесін сипаттауға қолданылатын үш ресми термин) кәсіпорын ретінде көрсетіп келген.
"Фароз" өкілдері компания 2008 жылы жанармай сататын және шетелге шығарумен айналысатын кәсіпорын ретінде құрылған дейді.
2019 жылға қарай "Фароз" компаниясының иелігінде көлік, құрылыс, сауда, туризм, қонақ үй бизнесі, денсаулық сақтау, ақпарат құралдары мен білім беру, банк секторы сияқты салаларды қамтитын табысты кәсіпорындар болған. Соңғы 11 жылда "Фароз" 58 жеке кәсіпорын құрған.
"Фароз" компаниясының жұмысы тоқтағаны туралы мәлімдемеден кейін елдегі ондаған жанармай бекеті мен басқа кәсіпорындар компания логотипін алып тастады. Бірақ Озоди тілшілері сөйлескен қызметкерлердің сөзіне қарағанда, бұл мекемелер бұрынғыша жұмыс істеп жатыр.
Азаттықтың Тәжік қызметінің редакциясына "Фароз" компаниясына тиесілі 46 мекеме әлі күнге жұмыс істеп тұрғанын растайтын құжат түсті. Олардың қатарында Тәжікстандағы коммерциялық банк, Душанбедегі кірпіш зауыты, "Бірінші ұлттық сақтандыру тобы", "Фароз Конч Цемент", тәжік металлургия зауыты және екі негізгі көлік компаниясы - "Таджик Внештранспорт" пен "Таджик Наглиёт" бар.
Сонымен қатар "Фароз" компаниясының иелігінде болған бірнеше кәсіпорын қыркүйек айынан бастап жұмысын тоқтатқан. Жабылған компаниялар қатарына "Дариан Бима", Тәжікстандағы ағылшын мектебі, "Автосантал" көлік жүргізушісін дайындайтын мектеп және көлікке қызмет көрсететін бірнеше мекеме кірген.
ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС
"Фароз" компаниясы еш қиындықсыз, күдікті және жабық келіссөздер өткізу арқылы бірнеше табысты кәсіпорынды өз қолына алған.
Мысалы, 2014 жылы Тәжікстан үкіметі "Поитахт-90" жаңа базарын (кейін атауы "Мехргон" болып өзгерді) салуға мемлекет бюджетінен 40 миллион доллар бөлген.
Душанбеде жаңа базар салынып жатқан кезде билік халық көп баратын ескі "Шохмансур" базарын жауып, сүріп тастаған. Нәтижесінде "Мехргон" ел астанасының ең ірі азық-түлік базарына айналды.
"Мехргон" белгісіз жолмен "Фароз" компаниясының иелігіне өткен. Салық төлеушілердің ақшасына салынған жобаның президенттің күйеу баласының қолына қалай түскені белгісіз.
Рахмон отбасының көп мүшесі бизнес пен саясатта жүр, олардың Орталық Азиядағы кедей саналатын мемлекеттің үкіметі мен экономикасына ықпалы зор.
Рахмонның үлкен ұлы Рустам – Душанбе қаласының әкімі. Халықтың басым бөлігі 1992 жылдан бері президент қызметінде отырған Эмомали Рахмонның орнына үлкен ұлы Рустам келеді деп ойлайды.
Рахмонның жеті қызының бірі Озода - президент аппаратының басшысы және Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасы - сенаттың мүшесі.
Рахмонның қайын ағасы Хасан Асадуллозода Тәжікстан экономикасының елдегі ірі банк пен үлкен әуе компаниясын қоса алғандағы зор секторына жауап береді. Бұрынғы колхоз бастығы Эмомали Рахмон қарапайым отбасында туған. Оның саяси ықпалы артқан сайын, жақындарының да тасы өрге домалап, табысы еселене түскен.
Тәжікстанның көп азаматы президент Рахмонның отбасының бизнестегі үлесі жайлы біледі. Бірақ халық қудалаудан қорқып, президент отбасын сынауға бата алмайды.
Бірқатар сыншы "Фароз" компаниясының "жабылғаны" туралы ресми мәлімдеме халық назарын Шамсулло Сохибовтың күн өткен сайын ұлғайып келе жатқан байлығы мен ықпалынан басқа арнаға бұру үшін жасалған деп санайды.
Орталық Азиядағы ең кедей мемлекет - Тәжікстанда жұмыссыздық пен жемқорлық белең алған. Үкімет билікке қарсы пікір айтқандарды қудалап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектегені үшін бірнеше рет сынға қалған.
"Фароз" компаниясының қызметі тоқтағаны туралы мәлімдеме Тәжікстанда 2020 жылы өтетін президент және парламент сайлауының қарсаңында жасалған.
Тәжікстанда осыған дейін өткен демократиялық принциптерге қайшы және әділетсіз сайлаулар тарихын ескеріп, "Рахмон жақында тағы да жаңа мерзімге президент болып сайланады, ал оның Халық демократиялық партиясы билік бақылауындағы парламентте қайтадан басымдыққа ие болады" деген болжам жасауға болады.
"Фароз" компаниясы да бизнес ортада басқа жаңа атаумен жұмысын жалғастыруы бек мүмкін.
ПІКІРЛЕР