Accessibility links

Йеменде ұрланған тәжік акушер табылмады


Йеменде биыл 29 қазанда ұрланған тәжік дәрігері Гулрухсор Рофиева.
Йеменде биыл 29 қазанда ұрланған тәжік дәрігері Гулрухсор Рофиева.

Йемен полициясы ұрланған тәжік акушер әйелін құтқаруға тырысып жатыр. Оның жоғалғанына он күн болды, бірақ әзірше ұрлаушылар ешбір талап қойған жоқ. Тәжік дәрігерлері айына 1 мың доллар табу үшін Йеменге жиі барады.

Тәжікстанның 36 жастағы тұрғыны Гулрухсор Рофиева еңбек еткен әскери госпиталь мен жергілікті билік Йеменнің Мариб қаласына оның суретін іліп, телеарналар арқылы ұрлағандарға дәрігерді босатыңдар деген өтініш айтты. Тәжік дәрігерлерін отбасыларымен бірге Йеменге жіберетін ресейлік «Здравэкспорт» компаниясының дерегінше, ол елде тәжікстандық 200 дәрігер жұмыс істейді. Олар Йемен ауруханаларында айына орта есеппен 1 мың доллар табады.

Йемен ішкі істер министрлігі Гулрухсор Рофиева қазанның 29-ы күні жұмысына бара жатқанда жоғалған соң Марибтегі полиция мен әскерилер қатысқын жиын өткізді. Гулрухсор Рофиева госпитальге апаратын қызмет көлігін күтпей жаяу шығып кеткен. Беймәлім адамдар оны сол кезде ұрлап әкеткен.

Ұрланған акушердің бауыры Шохрух Рофиевтың айтуынша, Гулрухсор Рофиева Тәжікстанға қараша айында оралуы керек болған. Ол Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында туысының жоғалардан бір күн бұрын хабарласып, қарашаның 13-іне билет алғанын хабарлағанын айтты.

Гулрухсор Рофиеваны құтқаруды және оны ұрлағандарды сотқа тартуды талап еткен шерушілер.
Гулрухсор Рофиеваны құтқаруды және оны ұрлағандарды сотқа тартуды талап еткен шерушілер.

Екі күн бұрын Марибте тұрғындар мен медицина қызметкерлері әскери госпитальден қалалық әкімшілікке дейін шеру тартып барып, Гулрухсор Рофиеваны құтқаруды және оны ұрлағандарды сотқа тартуды талап етті.

Қала басшысы Абдулло Ахмад Ал-Бокири шерушілерге Гулрухсор Рофиеваның қайда екенін туралы мәліметті биліктің тексеріп жатқанын, оны құтқаруға әрекет ететінін хабарлаған.

Азаттық радиосының Тәжік қызметі дерегінше, Ресейдің Йемендегі вице-консулы Кирилл Гончаров дәрігерді ұрлаған адамның кім екені анықталғанын, қазір жергілікті полиция тайпалармен келіссөз жүргізе отырып оны босатуға тырысып жатқанын айтқан.

Тәжікстан мен Йемен арасында дипломатиялық миссия жоқ болғандықтан, әрі акушер Гүлрухсор Рофиева Ресейдің «Здравэкспорт» компаниясы арқылы жіберілгендіктен қазір оны босату шаралары Ресейдің Санадағы елшілігі арқылы жасалып жатыр.

– Бұл іске қатысты көп жайттар анық емес. Мысалы, ұрлаған күні, яғни қазанның 29-ы күні Гүлрухсор Рофиева неліктен арнайы автобусқа мінбей, жұмысқа өзі кеткен? Ұрлап әкету үшін оны аңдығаны анық. Бірақ кім және қандай мақсатпен ұрлағаны әзірше белгісіз, – дейді Кирилл Гончаров.

Екі ай бұрын әскери госпитальдің тағы бір дәрігерін ұрлап әкеткен, бірақ оны жергілікті тайпалардың араласуымен үш күннен кейін босатқан.

Гүлрухсор Рофиеваны да жергілікті тайпалардың көмегімен босатар деген үміт пайда болды.
Ресейдің Йемендегі вице-консулы Кирилл Гончаров.

– Гүлрухсор Рофиевның ісі созылып кетті. Ешбір топ немесе тайпа оны ұрлағаны туралы мәлімдемеді әрі ешқандай талап қойған жоқ. Мариб полициясындағы адамдарымыздан анықтаған соңғы мәліметтер бойынша, Гүлрухсор Рофиеваны да жергілікті тайпалардың көмегімен босатар деген үміт пайда болды. Бірақ бұл іс созылып кетуі мүмкін, – дейді Кирилл Гончаров.

Йеменде шетел азаматтары бұрын да ұрланған. Соңғы екі жылда бұл елде Өзбекстаннан келген медбикені, Ұлыбритания, Германия, Болгария және Польша азаматтарын ұрлау оқиғалары тіркелген. Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, былтыр неміс дипломатын ұрлауға әрекет жасалған.

Үш жыл бұрын тәжік хирургі Хомид Овчибоевты 43 күн кепілде ұстаған. Оны босату үшін ұрлап әкеткендер үкіметтен 200 миллион доллар талап еткен. Бірақ кейін бұл талаптарын жеңілдетіп, үкімет бұдан аз ақша төлеген соң және бірнеше адамды түрмеден шығарған соң оны босатқан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG