Тәжікстанда велосипедпен саяхаттап жүрген шетелдік туристер тобын белгісіз біреулер автокөлікпен қағып кетті. Салдарынан Голландияның екі азаматы және АҚШ-тың екі азаматы қаза тапты.
Шілденің 29-ы күні Хатлон облысындағы Даңғара ауданының Себистан ауылдық кеңесінің Ёксу ауылы аумағында белгісіз жүргізуші шетелдік саяхатшылар тобын көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Нәтижесінде үш саяхатшы сол жерде қаза тапты, тағы біреуі Даңғара ауруханасында көз жұмды. Қалған үш саяхатшы жеңіл дене жарақатын алған.Осы туралы «қайғылы оқиға Тәжікстанның оңтүстігінде Даңғара ауданы аумағында, жергілікті уақыт бойынша 15:30-да болған» деп хабарлаған Тәжікстан ішкі істер министрлігі. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Тәжікстан билігі шетелдік саяхатшыларды басып кеткен көлік иесін іздеп, арнайы операция ұйымдастырды.
Ресми мәліметке қарағанда, жедел іздестіру шарасы кезінде Данғара ауданының Төрбұлақ ауылы аумағынан Daewoo Leganza маркалы көлік табылып, оның иесі делінген Джаъфариддин Юсупов ұсталған.
Төрбұлақ ауылының аумағындағы операция кезінде бір адам ұсталды, қалған екеуі милиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен кезінде қаза тапқан. «Қылмыстың басқа мүшелерін ұстауға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр» деп жазылған хабарламада.
Шетелдіктер Тәжікстанда велосипедпен саяхаттап жүрген. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Умарджони Эмомали Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында қазір шетелдік азаматтарға қатысты ақпараттың анықталып жатқанын, қай елдің азаматтары екенін нақтылайтындарын айтты.
Франс-Пресс агенттігі қаза тапқандардың екеуі – Голландия азаматы, екеуі – америкалық деп жазды. АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі Даңғарадағы жағдайда өз азаматтарының опат болғанын растады. Facebook парақшасындағы қысқа мәлімдемеде дипломатиялық өкілдік қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, тергеуге Тәжікстанның құқық қорғау құрылымымен бірге қатысатынын айтты.
Оқиға жайында президент Эмомали Рахмонның құлағдар болғаны хабарланған. «Оқиға орнында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен құралған арнайы топ қызметкерлері жұмыс істеп, қылмысты ашуға қатысты жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр» делінген Тәжікстан ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Азаттықтың жергілікті тілшісі Куляб аумағының барлық жолында автокөліктердің тексеріліп жатқанын хабарлаған.
2018 жыл Тәжікстанда туризм жылы деп жарияланған еді. Ресми деректер бойынша, биылғы бес айда Тәжікстанға 900 мыңнан астам шетелдік келген. Бұл - өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен төрт есе көп.
ПІКІРЛЕР