Accessibility links

Жұбайын «пәк болмады» деп айыптаған жігіт айыппұл төлемек


Тәжікстандағы үйлену тойынан көрініс. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы үйлену тойынан көрініс. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның Хатлон облысы Муминабад аудандық соты әйелін «қыздық абыройы болмады» деп айыптаған тұрғынды 600 сомони мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеді.

Муминабад ауданының 21 жастағы тұрғыны Мәдина Хаким «маған қосылғанда абыройсыз болдың» деп айыптаған зайыбынан 10 мың сомони (1270 доллар шамасында) мөлшерінде моральдық зиян талап еткен. Бірақ сот жауапкер отбасының материалдық қиын жағдайын ескеріп, жігітті 600 сомони (76 доллар шамасында) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.

Мәдина Хаким былтыр ауылдас жігітке тұрмысқа шыққанын, бірақ үш күннен кейін күйеуі оны «пәк болмадың» деп негізсіз айыптағанын айтады. Бойжеткеннің сөзінше, ол сот-медицина сараптамасынан өтіп, тұрмыс құрғанға дейін пәк болғанын күйеуінің отбасына дәлелдеуге мәжбүр болған.

Мәдинаның айтуынша, сараптама нәтижесін алғаннан кейін күйеуі оны қайта үйіне әкетіп, екеуі жеті ай бірге тұрған.

- Бірақ күйеуімнің үйіне келген соң біраз уақыт өткеннен кейін оның туыстары мені түртпектей бастады. Екеуміздің тойымызға дейін күйеуімнің өзге қызды сүйгенін, менен жала жауып құтылғысы келгенін кейін білдім, - дейді ол.

Мәдина мұндай қорлау мен кемсітуге төзбей, бір күні төркініне мүлде кетіп қалған. Ол моральдық зиянды өндіріп беруді талап етіп сотқа жүгінуді ұйғарған. Ақыры сот істі ұзақ қарап, елдің азаматтық кодексінің 1115-бабына сәйкес, жас жігітті жұбайына 600 сомони төлеуге міндеттеген.

Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлескен Мәдинаның күйеуі Манучехр Рузиев келіншектің сөзін жоққа шығарады.

- Мәдинаның абыройсыз келгенін кешіріп, үйге қайта әкелдім. Бірақ ол біраздан кейін төркініне мүлде кетіп қалды, - дейді Манучехр Рузиев.

Тәжік халқының дәстүрінде қыз бала тұрмысқа шыққанға дейін пәк болуы тиіс деп саналады. Ал алғашқы неке түні пәк болмай шықса, ондай қызды масқаралап үйден қуып шығады. Мұндай қыздардан әдетте әке-шешесі де сырт айналып, босаға аттаған шаңырақта өмір бойы абыройсыз келін атанады. Қоғамда көне заманнан бері қалыңдықтың пәктігіне аса қатал талап қойылады, сондықтан ата-аналардың көбі қыздарының тәрбиесіне қатал қарайды.

«Бовари ба фардо» орталығының психологы Зарина Кенджаеваның айтуынша, тәжік қоғамында ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін негізгі ауыртпалық әйелдердің мойнына түседі. Егер әйелді масқаралап қуып шықса, оның атына жағылған дақ өмір бойы қалады.

- Жұртың көбі бақытты отбасы болуды емес, шаңырақ құруды ғана ойлайды. Кей жігіттер жаңа отбасының босағасын енді аттаған қыздың тағдырын тәлкек етеді, - дейді ол.

Ірі қалаларда келіннің пәктігі болған-болмағанын жариялау-жарияламауды жігіттің өзі шешеді. Ал ауылдарда алғашқы неке түнінен соң жас жұбайлардың төсегін тексеріп, жайманы жұртқа көрсететін ескі дәстүр әлі бар.

Ресми статистикаға қарағанда, 2015 жылы Тәжікстанның республикалық сот-медицина сараптамасы орталығына Душанбе қаласы мен оның іргесіндегі аудандардан «қыз абыройын» тексеруді сұраған 600 арыз түскен. Әдетте мұндай арызды «абыройсыз» деп айыпталған қыздың әке-шешесі береді.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG