Accessibility links

Тәжікстан 18-ге толмаған жастың жұма намазына қатысуын шектемек


Душанбенің орталық мешітінде намаз оқып отырған тәжік жастары. 21 қыркүйек 2009 жыл
Душанбенің орталық мешітінде намаз оқып отырған тәжік жастары. 21 қыркүйек 2009 жыл

Тәжікстан жасөспірімдердің діни экстремизм мен радикализмге «ұрыну қаупін» ескеріп, кәмелетке толмаған баланың ата-анасынсыз мешітке баруына тыйым салатын заңды талқыға салып жатыр.


Биылғы қаңтар айында ел үкіметі жұма намазы құтпасының тақырыптарын өзі бекітіп отырмақ болып шешкен еді.

Тәжікстан ислам ғалымдары кеңесінің басшысы Саидмукаррам Абдул Қодир-зода елдің білім министрлігі мен діни институттардың балаларға дайындап жатқан исламдық білім беру бағдарламасы мақұлданады деп сенеді. Елдің басты мешіттерінде ашылатын исламдық курстарға жеті жасқа толған балалар қатыса алады. Бұл шара балалардың мешітке кіруіне тыйым салатын заң жобасына қатысты сыни пікірлерді жою үшін қолға алынып отыр.

Былтыр желтоқсан айында президент Эмомали Рахмон ата-аналар жауапкершілігі туралы заң жобасын ұсынған болатын. Оған сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалардың мешіттегі жұма намазына қатысуына тыйым салынады. Кәмелетке толмаған балалар жұма намазына қатысса, олардың әке-шешесі жауапкершілікке тартылады.
Ходжи Акбар Тураджонзода, белгілі діни қайраткер. Душанбе, 11 мамыр 2011 жыл

Заң жобасының дау тудырған тағы бір тұсы бар. Оған сәйкес, тек діни мектептерде оқитын балалар мешітке емін-еркін бара алады және діни ұйымдарға мүше болып кіре алады. Ал өзге жасөспірімдердің мешітке тек діни мерекелер мен жаназа намазы кезінде ғана бас сұғуына рұқсат.

Тәжікстандағы танымал діни жетекші Ходжи Акбар Тураджонзода Азаттық радиосының Тәжік қызметіне айтқан пікірінде айтылмыш заң жобасын «Құдайдың еркіне ашық қарсы шығады» деп сынға алды.

Тәжікстанның ЕҚЫҰ-дағы өкілі Нуриддин Шамсов бейсенбі күні Венадағы Тұрақты кеңестің жиынында заң жобасының бүкілхалықтық талдауға ұсынылғанын айтты.

Маусымның 23-і ЕҚЫҰ-дағы АҚШ делегациясының мәлімдемесіне жауап ретінде Тәжікстанның елдің қауіпсіздігі тұрғысынан оңтүстіктегі көршілерінен терроризм және діни экстремизм проблемасынан қауіптеніп отырғанын айтыпты. Ол Тәжік үкіметінің зайырлылық құндылықтарын қолдауды және жас ұрпақты ислам экстремизмі мен радикализмінен қорғауды мақсат етіп отырғанын да жеткізген.
XS
SM
MD
LG