Дүйсенбі күні Тәжікстан орталық сайлау комитетінің төрағасы Шермухаммад Шохиен наурыздың 1-інде өткен парламент сайлауында басқарушы Халықтық-демократиялық партия 65,2 пайыз дауыс жинағанын хабарлады.
Орталық сайлау комитетінің есебі бойынша, "сайлау құқығы бар халықтың 87 пайызы науқанға қатысқан".
Аграрлық партия, Экономикалық партия және Социал-демократиялық партия межелі бес пайыз дауыс жинап, парламенттен өзіне шақ мандат алды.
1991 жылдан бері алғаш рет Ислам қайта өрлеу партиясы мен Коммунистік партия бес пайыз дауыс жинай алмай, парламентке өтпей қалды. Коммунистік партия төрағасы Шоди Шабдолов сайлауды "саяси былық" деп бағалап, сайлау қорытындысына қатысты шағымданудан "пайда жоқ" деді.
Социал-демократиялық партия төрағасы Рахматилло Зойиров биылғы шараны "тарихтағы ең сәтті ұйымдастырылған әрі халық қатты белсенділік танытқан сайлау" деп бағалады.
Халықтық-демократиялық партия өкілі Усмон Солех "сайлаудың өте әділ әрі демократиялық жолмен" өткенін айтты.
Дауыс беру кезінде бір сайлаушының тұтас бір отбасы үшін дауыс бере салуы, сайлауға бақылау жасаушылардың аздығы, сайлау учаскелеріндегі еріктілердің сайлаушыларға кімге дауыс беруді нұсқағаны сияқты заң бұзушылықтар байқалған.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, дауыс беру кезінде бір сайлаушының тұтас бір отбасы үшін дауыс бере салуы, сайлауға бақылау жасаушылардың аздығы, сайлау учаскелеріндегі еріктілердің сайлаушыларға кімге дауыс беруді нұсқағаны сияқты заң бұзушылықтар байқалған.
Парламенттің төменгі палатасындағы 63 депутаттық орынға ие болу үшін сегіз партиядан 288 үміткер қатысқан.
Сайлау алдында сарапшылар қазір 63 депутаттық орынның 55-ін иеленіп отырған президент Эмомали Рахмонның Халықтық-демократиялық партиясы бұл жолғы сайлауда да көпшілік орынға ие болады деп болжаған еді
ЕҚЫҰ бұған дейінгі есебінде Ислам қайта өрлеу партиясы мен Социал-демократиялық партия өкілдерінің сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанында саяси қысым көргенін айтқан. ЕҚЫҰ бұған қоса сайлауалды кампаниясында барлық үміткерлерге бірдей жағдай жасалған жоқ деген.
Батыс баспасөзі Тәжікстандағы «биылғы сайлау қорытындыларының бұрынғы сайлаудан айырмашылығы болмайды әрі билік партиясы тағы жеңеді» деп жазған.