Балқар халқын Солтүстік Кавказдан Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп көшіру жөніндегі арнайы операцияны Ішкі істер халық комиссариаты (ІІХК) 1944 жылдың 8 наурызында бастаған. Бір-ақ күнде 37 мыңға жуық адам үйінен қуылды. Қабардин-Балқар АССР-і тұрғындарын депортациялау Солтүстік Кавказ халқының басына түскен үш кезеңді қамтитын зұлматтың соңғы қадамы болды: совет билігі алдымен қарашайларды (1943 жылғы 2 қараша), одан кейін шешендер мен ингуштарды (1944 жылғы 23 ақпан) атамекенінен айырды.
Шәмілдің жасы 25-те, Қазақстанның мәдени астанасы – Алматы қаласында тұратын сәулетшінің ұлты – балқар. Шәмілдің ата-бабасын бұл жерге осыдан 80 жыл бұрын мал тиейтін вагонға салып күштеп әкелген. ІІХК оларға құжаттары мен жылы киімдерін жинауға 20 минут қана уақыт берген.
– Алматыда дүниеге келдім, әкем де, анам да – балқар. Атам мен әжем кішкене күнінде депортацияны көзімен көрген. Бұл оқиға олардың еміс-еміс есінде болса да, олардың әңгімесінен мұның қаншалықты ауыр, азапқа толы болғанын ұғып өстім. Адамдар жол-жөнекей аштан өлген, үсіп қалған, тірі қалғандары өкімет адамдары өлгендерді айдалаға лақтырып тастамасын деп, мәйіттерді жасыруға мәжбүр болған. Сөйтіп, жеткен жерінде оларды балқарша арулап көмген. Есімде қалған ең сұмдық оқиға – осы. Біреулерін оңтүстікке, Жетісуға әкеліп тастаса, енді біреулерін қақаған қыстың ортасында елдің солтүстігіне жіберген. Әжелерімнің бірі Павлодарға тап болып, күннің суығында, тамақтың жоқтығынан кішкентай екі інісінен айырылып қалған.
Сәл ересектеу балаларды ауыр жұмысқа салған, әсіресе зиянды өндірісте жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Атам 12 жасынан кірпіш зауытында жұмыс істепті. Жергілікті халық жер аударылып келгендерге (переселендерге) аяушылық танытып, соның арқасында аталарымыз жаңа жерді жатсынбай, сіңісіп кеткен екен. Оның үстіне тіліміз (қарашай-балқар – қазақ тілі сияқты түркі тілдері тобына жатады) бен дініміз ұқсайды. Өкінішке қарай, бар білетінім осы, өйткені біздікілер ол туралы мүлде жақ ашпайды. Қорыққаннан емес, сол бір зұлматты еске алғысы келмейді, – дейді Шәміл.
Аштан қырылғандар. Мария және Виктор Котляровтардың "Балқария: депортация. Куәгерлер сөйлейді" кітабынан
"Бір әйел жер аударылғаннан кейін бір жыл ішінде бес баласын жерлегенін, бір-ақ баласы тірі қалғанын айтып берді. Балалар аштан өлген. Анамнан естіген әңгіме: бір әйелдің жалғыз ұлы қыста қайтыс болады. Оны жерлейтін ешкім болмаған, анасы ұлын жеркепенің ішінен көр қазып, соған көмген. Содан кейін түн батса баласының айғайлаған дауысын еститін болған, ақыр соңында қайғы мен құсадан әлгі әйел жынданып кеткен. Бейшара ана өлген баласының атын атап шақырып, Ыстықкөл жағасын кезіп жүретін болған. Оның басындағы қасіретті естіген жұрт көктемде баланың сүйегін жеркепеден қазып алып, молаға жерлеген. Анамның айтуынша, оларға [жер аударылғандарға] тек екі жылдан кейін ғана істеген жұмысына еңбекақы төлей бастаған. Ал алғашқы екі жылы өте көп адам аштан өлген".
ЖАЗЫҒЫ – ШЫҚҚАН ТЕГІ
1942 жылдың тамыз айында неміс әскері Қабардин-Балқар АССР-нің бес ауданын басып алады. Сол жылғы 24 қазанда олар Нальчикті оккупациялайды. Басқыншылар құрал-жабдығы бар бірнеше өндіріс кәсіпорнын қолды қылып, едәуір мал басын қырып, қалғанын алып кетеді. Алайда неміс әскері Солтүстік Кавказда ұзақ тұрақтамайды. 1943 жылдың басында-ақ совет армиясы Қабардин-Балқар АССР аумағын жаудан азат етеді.
Дегенмен республика халқы өзін сол күйі "азат" сезіне алмайды. Немістер кеткенімен, Сталинге қарсы астыртын ұйымдар әлі де жұмыс істеп тұрған кез. 44 топтан, мың шақты адамнан тұратын көтерілісшілер өкіметке қарсы әрекетін жалғастыра береді.
Совет пропагандасы мәліметтері бойынша, сол адамдардың "сатқындығы" мен "Эльбрусты қорғап қала алмағанының" кесірінен балқарлар бірі қалмай "халық жауына" айналады.
Бір ғана Қазақстанның өзіне бір миллион 260 мың адам жер аударылған. Бұл – Совет одағында күштеп жер аударылған барлық халықтың үштен біріне тең.
Совет билігі тұтас халықтарды жаппай күштеп жер аударған, одан ешкім аман қалмаған: азамат соғысына қатысушыларды да, немістерге қарсы соғысқандарды да және олардың туыстарын да, коммунистік партия мүшесі екеніне қарамастан мал құсатып айдап әкеткен. Жер аударылғандардың жартысы бала, 30 пайызы – әйел, 18 пайызы – ер адамдар (негізінен жараланған немесе әскерге жарамайтындар) еді.
Бәрінің жазығы – шыққан тегі. 18 күнде жол-жөнекей 500-ге жуық адам көз жұмған.
45 мың балқардың бес мыңға жуығы соғысқа қатысқан. 3641 адам соғыстан тірі қайтпады, ал кейбірін майданнан немесе 45 мың балқардың бес мыңға жуығы соғысқа қатысқан. 3641 адам соғыстан тірі қайтпады, ал кейбірін майданнан немесе жараланып, госпитальде жатқан жерінен жер аударып жіберген.
Заур – Алматыда тұратын балқар жігіті, мамандығы – программист. Совет билігі оның атасын майданда жараланып, госпитальде емделіп жатқан жерінен әкетіп, отбасының соңынан Қазақстанға жер аударған.
– Үлкендер сол бір қиын-қыстау кезең жайлы айтқысы келмейді. Оларды ғасырлар бойы өмір сүрген атамекенінен мыңдаған шақырым қиянға жер аударды. Мешіттерді қоймаға, шошқа қораға айналдырып, томардан жасалған көне тарихи үйлерді отынға шауып тастады, құлпытастарды ойып алып, құрылыс материалы ретінде пайдаланды. Ол жақтағы кейбір ғимараттардан әлі күнге солардың ізін көруге болады. Менің туыстарымның "жолы болды" дей аламын: оларды Алматыға, тау баурайына, сол уақытта халық сирек қоныстанған жерге әкелген. Климаты, жер бедері өз еліндегіге ұқсас болғандықтан, қиындықты еңсеру жеңілдеу болған. Қолдан жеркепе қазып, келе сала қайтыс болған туыстарын жерлеген. Жастар жағы Қазақстанға жетіп-жығылып, қарттарын жерледі деген әңгімені көп естігем. Өйткені жолда адам жерлеуге рұқсат етпеген, айдауылдар өлген адамды дереу далаға лақтырып кетіп отырған. Кейде бір отбасы мүшелерін бір-бірінен айырып, түрлі лагерьге бөліп тастаған және коменданттың рұқсатынсыз ешқайда бара алмаған.
Жер аударылғандар. Мария және Виктор Котляровтардың "Балкария: депортация. Куәгерлер сөйлейді" кітабынан
"Жер аударылғандарға өздері тұрып жатқан елді мекеннен шығуға тыйым салды, алайда жексенбі күндері, әрине, комендатура рұқсат берсе, кенттегі базарға ғана бара алатын. Бұл жер аударылғандар үшін азық-түлік сатып алумен бірге жақын-жуығын көріп, олардың аман-саулығын біліп, жаңалық естіп, жаңа таныс табуға мүмкіндік еді. Базарда кезбе музыканттар ойын-сауық қойып, жастар жағы спорт жарыстарына қатысатын – көбіне күресіп, күш сынасатын. Шайханаларда түрлі тілде сөйлейтіндер бас қосатын".
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Қырғызстанда 1944 жылғы 1 сәуірден 1946 жылдың қыркүйегіне дейін әрбір сегізінші "переселен", яғни 4849 балқар аштан, үсіп, аурудан өлген.
Совет өкіметі балқарларға 13 жылдан кейін ғана атамекенге оралуға рұқсат еткен, ал заңсыз депортацияланғандарды ақтау туралы заңдар тек 30 жыл өткеннен кейін шыққан.
"НЕМІС ӘСКЕРІНЕ ЖОЛ КӨРСЕТТІ"
1943 жылы 2-5 қарашада – үш күн ішінде бүкіл Қарашайдан 69 мың адам күштеп жер аударылған: тіпті жаңа туған нәрестелер мен қариялардың өзі "неміс-фашист басқыншыларының жандайшабы" атанады. ССРО Жоғары кеңесі президиумының Қарашай автономиялық облысын тарату туралы қаулысында қарашайлар "…күнгей Кавказ өткелдері арқылы шабуылға көшкен неміс әскеріне жол көрсеткен" деп жазылған.
Осы бір "қылмысы" үшін оларға тағайындалған жаза озбырлығы жағынан 20-ғасырдағы атышулы геноцидтердің барлығынан асып түсті: 14 жылдық айдауда аштық пен жоқшылықтан (ресми мәлімет бойынша) 43 мыңнан астам қарашай, соның ішінде 22 мың бала өлген.
Сталиннің қаһарына ұшыраған халықтардың Қазақстандағы ұрпақтары әлі күні бірге – олардың бірлестігі "Бірлік" қарашай және балқар қауымдастығы деп аталады. Оның құрылтайшыларының бірі, режиссер әрі заңгер, спорт шебері Руслан Салпагаровтың ұлты – қарашай.
– Мен осы жерде туып-өстім, қазақ жеріне тамырымызды терең жайдық десек те болады. Бірақ туыстарымның бәрі Солтүстік Кавказда, Қарашай-Черкес республикасында тұрады. Сондықтан жыл сайын сол жаққа балаларымды апарып тұруға тырысамын. Ата-бабасының бейітіне барсын, туыстарын танып өссін деймін. Жалпы біздің тегіміз мықты. Салпагаровтар 1380 жылдан бері бар. Біз сонау түп ата-бабамыздың кім болғанын білеміз. Өз қаражатымызға аталарымыздың Осман империясында, Қазан хандығында қалай өмір сүргені, кейін қалай Ресейдің қоластына өткені жөнінде деректі фильм түсірдік.
Біздің тегіміз – саны жағынан қарашай ұлтының ішінде алтыншы орында, шамамен 8000 адам. Кавказ бен Қазақстанда ғана емес, Америкада, Түркияда, Иорданияда, Германияда, Қырғызстанда тұратындар бар. Түпкі бабамыздың есімі – Науруз, қарашай халқының түп атасы Қаршының үзеңгілес серігі болған. Сондықтан біз – орыстар айтатын ақсүйекпіз. Қазір Қазақстанда шамамен 1500 қарашай және 1500 балқар тұрады.
Депортацияға дейін аталарымыз мал баққан. Қарашай-Черкес елінде үлкен қырықтықпен қойды жылдам қырқудан жарыс өтіп тұрады. Оған қатысу үшін мықты күш-қайрат болу керек. Бұрын Совет одағы кезінде армрестлингтен жарыстарға кілең қарашайлар қатысатын.
Жер аударған уақытта ата-анам төрт-алты жасар бала екен. Жолда әбден қарны ашып, тамақ орнына көкпек шөпті талғажау еткен. Анам ұйқыдан оянған кезде бес баланың төртеуі өліп жатқанын көрген, кейбір әйелдердің қуығы жарылып өлген; бәрін бір вагонға қойша тиегендіктен, олар қариялардың көзінше дәрет сындыруға намыстанып, қиналып өліп кеткен. Қарашайлардың қалай жер аударылғаны жөнінде түсірілген "Холод" деп аталатын фильм бар. Сол фильмде пойызды көпірге тоқтатып, марқұмдарды иен даладағы өзенге лақтырып жатқанын суреттейтін жаншошырлық картина көрсетіледі.
Қазақтар бізге көп көмектескен. Оны ешқашан ұмытқан емеспіз. Бір кездері Қарашай-Черкес еліне барып, мынадай көрініске куә болдым: сенбі күні таңертең әскери бөлімнің жанында бір топ қарашай командирлерге ақша беріп тұр екен. Сұрастырсам, олар бөлімшеде әскери міндетін атқарып жүрген қазақ пен қырғыз жігіттерін демалыс күндері үйлеріне алып кетуге келіпті. Бір кездері айдауда болған қарашайларға қол ұшын берген олардың ата-бабасына алғыс ретінде балаларын, яғни сарбаздарды тамақтандырып, керегін сатып әперіп, сыйлап, тойдырып жіберуге келіп тұр екен.
Бір күні бір қазақпен таныстым. Ол менің қарашай екенімді тілімнен танып қойды. Содан мынадай бір оқиғаны айтып берді: "Кішкене күнімізде ауылымызға сенің қандастарыңды алып келді. Бізге "бұлар – адам жегіштер" деді. Содан ешкім олардың маңына жуымай қойды. Баламыз ғой, бәрі қызық дегендей, адам жегіштер қандай болатынын көрейік деп, сығалап қарай бастадық. Түннің бір уағы болатын. Олар жеркепеде тұрады екен. Бір кезде біреулер намаз оқи бастады. Сосын жүгіріп, қарттарға барып, адам жегіштер намаз оқиды екен дедік. Сол кезде үлкендер мұсылмандар адам жемейді деді. Осыны естіп, бізден кейін олар да сенің қандастарыңмен араласа бастады. Алғашында өкімет араласуға тыйым салды, НКВД "оларға жақындамаңдар" деп ескертеді. Бірақ біздікілер оған қараған жоқ".
Өзім өскен Мырзакент ауылында (Қазақстанның оңтүстігіндегі ауыл – ред.) қандай ұлт болмады десеңізші: гректер, немістер, әзербайжандар, ингуштар, орыстар, қазақтар. Бүкіл ауыл халқы жер аударылғандар еді. Бірақ бәрінен бұрын Сухумиден көшірілген гректер көп болды. Біздің сыныптағы оқушылардың жартысынан көбі – грек-тұғын. Мен әлі күнге грекше сезімімді білдіріп, тіпті балағаттай аламын. Солардың бәрі – арнайы қоныс аударылғандардың ұрпағы. Ол кезде арнайы қоныс аударушыларға қарағанда мал қадірлі еді, – дейді Руслан.
Қазақстандағы қарашай ұлтының тағы бір танымал өкілі жуырда қайтыс болған журналист, тележүргізуші Владимир Ахмадьянович Рерих. Оның әкесі – депортацияланған қарашай, анасы – Еділ бойынан депортацияланған неміс. Владимир Рерихтың қызы Геля Рольник ата-бабасының Қазақстанға қалай келгені жөнінде айтып берді:
– Әкем 1958 жылы Талдықорғанда дүниеге келді. Ата-анасы арнайы переселендер болған. Әкем екі жасқа толғанда ата-анасы ажырасып кетіп, атамыз Кавказға көшіп кетеді. Бірақ Талдықорғанда қарашайлардың үлкен диаспорасы бар: немере ағаларым, әпкелерім дегендей.
Мектепті тамамдаған соң әкем Мәскеуге ММУ-ге оқуға түсуге барып, емтиханнан мүдірмей өтеді. Бірақ философия факультетіндегілер оған жігітім, сен анау "бесінші баған" (совет паспортындағы "ұлты" жазылатын баған) тұрғанда ММУ-ды, жалпы Мәскеуді ұмыт дейді. Ол еш жерде ресми түрде көрсетілмегенімен, осылай деп бетіне айтады.
Әрине, әкем жұмыс барысында ешқашан өзінің қарашай немесе кавказдық екенін алға тартып көрген емес, ол әрқашан, ең алдымен қазақстандық журналист болды. Бірақ бауырым екеуімізге бойыңда қарашай қаны бар деп ескертіп, тегіміздің тарихын баяндап отыратын. Қыста папаха, жазда киіз қалпақ киетін. Маған әкемнің кавказдық мәнері, мінез-құлқы, темпераменті – қанмен берілген, бейсанасынан шығып қалатын қасиет сияқты көрінеді.
Ал 2019 жылы әкем Жохар Дудаев туралы ауқымды мақала жазып, шешен көшбасшысының Ресей Украинаға шабуыл жасайды және "Қырымда қанды қырғын болады" деген сөзінен дәйек келтірген еді, – деді Геля Рольник.
Кавказдағы туыстарына қарағанда қазақстандық қарашайлар мен балқарлар кейінгі 25 жылда екі Ресей-Шешенстан соғысына, Грузиядағы соғысқа мобилизациядан аман қалды, Грузиядағы соғысқа жіберілмеді және Украинамен соғысқа "ішінара" мобилизациядан аман қалды. Украинамен соғыста Қабардин-Балқар елінің кемінде 133 сарбазы, Қарашай-Черкес республикасынан барған 93 сарбаз қаза тапты. Бұл қаншалықты кемітіп көрсетілген сан екенін зерттеушілер нақтылай алған жоқ. Демографтар Украинамен соғыс жалғаса берсе, Ресейдегі аз ұлттардың болашағы бұлыңғыр дейді.
Азаттық тілшісіне сұхбат берген жер аударылғандардың ұрпақтары кейбір отандастары, әсіресе ата-бабасының көрген құқайына қарамастан Мәскеудің отарлық саясатын қалай қолдайтынын түсінбейтінін айтады.
ПІКІРЛЕР