Accessibility links

Тоқаевтың "еститін үкіметі" халықты естіді ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кіріскелі бір жарым жылға жуықтады. 2019 жылғы сайлау кезеңіндегі наразылықтан соң Ұлттық сенім кеңесін құрған ол халық үніне құлақ асатын "еститін мемлекет" қалыптастыратынын айтқан. Бірінші жолдауында ол "азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне" мән беруге, ал биылғы жолдауында "әділетті мемлекет" орнатуға уәде еткен.

Тоқаев "еститін мемлекет" қалыптастыра алды ма? Азаттық президенттің уәделеріне саралап, оның қазіргі нәтижесін бақылап көрді.

УӘДЕ: БЕЙБІТ МИТИНГ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІН ЖЕҢІЛДЕТУ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында "Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет" деп мәлімдеді.

2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық сенім кеңесінде сөйлеген сөзінде ол "Пікірлер плюрализмі, конструктивтік ұстаным және жауапкершілік алдыңғы орынға шығады. Біз балама көзқарастан қорқудан құтыламыз. Билік "келіспеушілік – қоғамға қауіпті құбылыс" деп санамайды. Менің формулам – "түрлі көзқарас – біртұтас ұлт... митингілер өткізуде ескерту беру ұсынысын қарастыруды бастау керек. Бұл – менің принципті ұстанымым" деді.

НӘТИЖЕ

2020 жылы 20 мамырда, елде коронавирусқа байланысты карантин жарияланған тұста, мәжіліс "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына сенат енгізген 16 ұсынысты мақұлдап, құжатты қабылдады. 25 мамырда президент Тоқаев қарсылыққа қарамастан заңға қол қойды. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы мен жергілікті белсенділер Қазақстан билігін бұл заңды төтенше жағдай кезінде қоғамның қатысуынсыз талқыламауға, оны қабылдауды кейінге қалдыруға шақырған еді. Бірақ Нұр-Сұлтан бұған құлақ аспады. Жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалды. Жұрт қандай да бір бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті билікке ескертіп, мақұлдауын күтуі тиіс.

Заң қабылданғанымен, елде бейбіт митинг өткізу айтарлықтай жеңілдеген жоқ. Рұқсат етілген митингіден гөрі рұқсат етілмегені көп. 2020 жылдың жазынан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде әкімдіктер жиын өткізгісі келген белсенділердің өтініштерін кері қайтаруды дәстүрге айналдырды. Кейбір қалаларда өтініші екі-үш рет кері қайтарылғандар бар. Митинг өткізуге рұқсат алғандарының өздері адам саны, тақырыбы, өтетін орны, уақыты бойынша қатты қадағаланды. Митингіге қатысушы адамдардың, тіпті олар ұстаған плакат мазмұнының "тақырыптан ауытқымауын" билік өкілдері қадағалап, ескерту жасайтын болды. Бейбіт жиындар жақындаған кезде жер-жердегі белсенділердің үйін тінту, қамау, аңду фактілері де жиіледі. Бір адамдық пикетке шыққандарға да әкімдік жиі ескерту жасап, қорқытып-үркітеді


НӘТИЖЕ

УӘДЕ: САЯСИ БӘСЕКЕНІ АРТТЫРУ

Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйектегі жолдауында "Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекені және пікір алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды. Алдағы парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс" деді. 2019 жылдың 20 желтоқсанында Ұлттық сенім кеңесінде Тоқаев саяси бәсекені арттыру үшін партия құруға қажетті адам санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту қажетін айтты.

НӘТИЖЕ

2020 жылдың 21 мамырында парламент сенаты "Сайлау" және "Саяси партиялар" туралы конституцилық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді мақұлдады. Бұл заңда елде коронавирус карантині кезінде қабылданып кетті.

Сарапшылар бұл заңдарға тек "косметикалық өзгерістер енгізілді" деп сынады. "Сайлау туралы" заңға енгізілген өзгеріске сай, партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыз квота қарастырылған. Ал "Саяси партиялар туралы" заңдағы өзгеріс бойынша, партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны 40 мыңнан 20 мыңға азайды және партиялар сайлауға ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуы тиіс. Белсенділердің саяси партияларды тіркеу үшін үш-бес мың мүшесі болсын және мәжіліс пен мәслихат депутаттары партиялы тізіммен емес мажоритарлы жүйемен сайлансын деген талабы ескерілмеді. Қазір елде азаматтар мәжіліс я мәслихатқа өз-өзін жеке кандидат ретінде ұсына алмайды, тек партиялық тізіммен түсуі керек. Ал 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауына бұған дейін ресми тіркелген – "Нұр Отан", "Адал" (бұрынғы "Бірлік" партиясы), "Ауыл", "Ақ жол", "Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы) ғана қатыспақ. Сарапшылар сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды. Билікті сынап жүрген басқа да ұйымдар сайлауға дейін партия ретінде тіркеліп үлгермеді. Себебі елде партия тіркеу – бірнеше айдың шаруасы.


НӘТИЖЕ

УӘДЕ: "ЖАЛА ЖАБУ" БАБЫН ҚЫЛМЫС ҚАТАРЫНАН АЛЫП ТАСТАУ

Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысында кеңес мүшесі адвокат Айман Омарова Қылмыстық кодекстегі "жала жабуды" қылмыс қатарына жатқызатын 130-бапты Әкімшілік кодекске ауыстыру жайлы ұсыныс жасаған. Кеңестің екінші отырысында президент Тоқаев бұл ұсынысты қолдады.

НӘТИЖЕ

Медиазаңгерлер мен журналистер құқығын қорғайтын ұйым өкілдері бұл талпынысты қолдағанымен, мәселенің "көзге көрінбейтін олқылығы" көп екенін айтты. "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова "жала жапқаны" үшін айыппұл көлемі үлкен болса, қосымша шектеулер қолданылуы мүмкін, сол арқылы "мемлекет өз құқығын асыра пайдалануы ықтимал" деген күдігін айтты.

Журналистер құқығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева "Өте көп сот ісі болып, азаматтар мен редакциялардан моральдық шығын өндіріліп, ірі көлемде айыппұл салынады деп қорқамын. Онда бұл бастама Қазақстандағы сөз бостандығына пайда әкелудің орнына, кері әсерін тигізеді" деді.

3 наурызда халықаралық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры президент Тоқаевқа ашық хат жазып, "Жала жапқаны үшін жауапкершілік мәселесі бойынша Әкімшілік кодексіне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасына байланысты қаупін білдірді. Қор президентке жазған ашық хатында жаңа заң жобасында "сөз бостандығына берілген конституциялық кепілдіктерге нұқсан келтіретін қазіргіден де қатаң шаралар бар екенін" ескертті.

Дегенмен қоғам өкілдерінің наразылығына қарамастан, Тоқаев 29 маусымда аталған заңға қол қойды.

"Әділ сөздің" сарапшысы Ғалия Әженованың айтуынша, "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастап, Әкімшілік кодекске ауыстырғаннан кейін халық сотқа көбірек жүгінетін болған. Оның үстіне моральдық зиянның мөлшері белгіленбеген. Сондықтан ақпарат құралын біржола жапқысы келетін адам үлкен көлемде моральдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа береді.


НӘТИЖЕ

УӘДЕ: "ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ" ҚАЛЫПТАСТЫРУ

"Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет" деді Тоқаев 2019 жылғы жолдауында.

НӘТИЖЕ

Тоқаевтың бұл сөзі қалай іс жүзіне асатыны белгісіз. Бірақ жергілікті сарапшылар мен белсенділер "азаматтық қоғам қолдауды" сезіне алмай отырғанын жиі айтады. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары билікке қарсы пікірдегі азаматтарға қысым күшейе түсті дейді. Саяси тұтқындардың құқықтарын қорғап, оларды ақпараттық жағынан қолдайтын құқық қорғаушылардың "Тірек" қоғамдық альянсының дерегі бойынша, биыл елде "саяси тұтқын" саны 10-нан 16-ға көбейді. Биыл азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырышев, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов пен Қайрат Қылышев тізімге жаңадан енгізілді.

Қазақстанның жер-жерінде көктем, жаз, күзде өткен митингілер қарсаңында азаматтық белсенділерді қамау, үйін тінту, полицияға шақыру, аңду фактілері жиілей түсті. Нұр-Сұлтанда және басқа қалаларда мемлекеттік мекемелердің алдында құқығын қорғауға талпынған жұрттың наразылығы жиі өтті. Олардың көбі наразыларды қамап, оларға айыппұл салумен аяқталады.

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау қорының есебінше, 2020 жылғы тамыз-қыркүйекте елде 168 адам саяси белсенді әрекеттері үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Осы қордың президенті Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, "құқығымыз бұзылды" деп шағымданып келетін адамдар өте көп, олардың хаттарын жазып, құжаттарын дайындап беруден қолы босамайды.

"Тоқаев мырзаның айтқан сөздері шынайы өмірде жүзеге аспайтынын көріп отырмыз. Президент басқа әлемде өмір сүріп жатқандай" дейді Төреғожина.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, "адамдарды саяси тұрғыда қудалау соңғы кезде қатты жиілеп кеткен" әрі соттау, қудалау әдістері "халыққа қарсы ашық қолданатын құралға айналған".

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстанда былтыр президент ауысып, билікке Тоқаев келгелі репрессия күшейді деп санайды.

"Әсіресе үкіметтің Сovid індетімен күресі қатаң сынға ұшыраған соң бұл [қысым] тіпті үдей түсті" дейді ұйымның Еуропа мен Орталық Азиядағы адвокация мәселелері жөніндегі директоры Даниэль Балсон.

АҚШ Мемлекеттік департаменті соңғы есебінде Қазақстан үкіметі азаптау, негізсіз қамау және пікір білдіру еркіндігін шектеу әдістерін қолданады деген. Оның үстіне, АҚШ конгресінің 12 сенаторы қамаудағы саяси тұтқындарды босатуды сұрап, президент Тоқаевқа хат жолдады.

Тоқаевтың "Халықпен шынайы диалогтың басы болады" деп құрған Ұлттық сенім кеңесінің жұмысына да сын көбейді. Оның кейбір мүшелері кеңестің жұмысы декларативті деп сынап, оның құрамынан шығып кетті.


НӘТИЖЕ

УӘДЕ: ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ АҚШАНЫ БЕРУ

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында "Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды үкіметке тапсырамын" деді.

НӘТИЖЕ

Парламент мәжілісі жақында "Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша, зейнетақы жинағы "қажет шегінен" асқан азаматтар жинағының бір бөлігін президент айтқан мақсаттарда ала алады. Талқылау барысында зейнетақы қорында кемінде 10 млн теңге болуы керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мұндай жинағы бар адам өте аз болып шыққандықтан, "қажет шегінің" мөлшері төмендетілді.

Соңғы ресми есеп бойынша, елде тек 721 мың адам ғана жинағынын зейнет жасына жетпей ала алады. Ол үшін жасына байланысты шотында белгілі бір сома болуы керек. Мәселен, 30 жаста зейнетақы қорында – 2 млн 518 мың теңге, 35 жаста - 2 млн 961 мың теңге , ал 40 жаста 3 млн 437 мың теңге болуы шарт. Бұл шешім баспанаға мұқтаж адамдарға көмектесе алмайды деп сынағандар көп болды. Себебі әдетте үйі жоқ жандар бұл жаста зейнетақы қорына мұнша ақша жинай алмайды, ал шотында ақшасы көптердің тұрғын үйі бар деген уәж жиі айтылды. Кейбір мамандар халықтың аз ғана бөлігін қамтитын бұл шараның экономиканы сауықтырып, адамдардың мәселесін шешуде тиімділігі аз болады деген тұжырым жасады. Бұған қоса, зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алатын ақшаға 10 пайыз табыс салығын салу ұсынысы да ел арасында наразылық туғызды.


НӘТИЖЕ
Авторы: Өркен Жоямерген
Редакторлары: Мұхтар Екей, Руслан Меделбек
XS
SM
MD
LG