Accessibility links

Түркия ресейліктер мен тәжікті Сирияға жібермеді


Стамбулдағы Сабихи Гекчен атындағы әуежай. (Көрнекі сурет)
Стамбулдағы Сабихи Гекчен атындағы әуежай. (Көрнекі сурет)

Түркия билігі Сирияға «Ислам мемлекеті» тобына қосылуға бармақ болған ондаған шетелдікті ұстап, елдеріне қайтарды. Олардың арасында Ресей мен Тәжікстан азаматтары бар.

Әлемнің әр түкпірінен жиналғандар Сирияға өту үшін Түркияны өткел ретінде пайдалануды әдетке айналдырған. Түркия қауіпсіздік күштері соңғы кездері ондай адамдардың жолын кесуді қолға алған.

Түркияда күнделікті шығатын Sabah басылымы 19 наурыздағы санында «Сирия жеріне Түркия арқылы өтпек болғандарды қолға түсіру үшін арнайы әзірленген жүйенің арқасында соңғы екі аптаның ішінде «Ислам мемлекетіне» қосылмақ болған 32 адам тұтқындалып, еліне қайтарылған» деп хабарлады.

Sabah басылымының мәліметіне қарағанда, К.С. және Е.С. есімді Ресей азаматтары, С.С. есімді Тәжікстан азаматы және Ресейдің Шешенстан аймағынан келген С.Б. есімді азамат ұсталып, өз елдеріне қайтарылған.

Наурыздың 25-інде Түркиядағы Газантиеп аймағының әкімшілігі Ресейдің С.Д. есімді тағы бір азаматының Сирия шекарасынан өтіп кетпек болып тұрған жерінен ұсталғанын хабарлаған.

Наурыздың 20-сында Түркияның DHA ақпарат агенттігі шекарадағы Килис қаласының тұсында Сирияға заңсыз өтіп кетпек болған төрт бірдей Ресей азаматының тұтқындалып, депортацияланғанын айтады.

ҚАЙТЫП КЕЛГЕНДЕР ТУРАЛЫ ДЕРЕК ЖОҚ

Отандарына қайтып оралған Ресей азаматтарының келген бетте тұтқындалғаны, я тергелгені туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Душанбе әуежайының әкімшілігі 25 наурызда Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында, елге депортацияланған тәжік азаматының аты-жөнін білмейтіндерін айтқан. Әуежай баспасөз хатшысы Мухаммадюсуф Шодиевтің айтуынша, әдетте депортацияланған адамдар басқа жолаушылармен бірге түседі, сондықтан әуежай қызметкерлерінің олар туралы қандай да бір мәлімет алуға мүмкідігі жоқ.

Сирияның Түркиямен шекарасы маңындағы Кобани қаласындағы ИМ мүшелері. 13 қазан 2014 жыл.
Сирияның Түркиямен шекарасы маңындағы Кобани қаласындағы ИМ мүшелері. 13 қазан 2014 жыл.

Тәжікстан басшылығы депортацияланған тәжік азаматы деп отырғандары 25 жастағы Шахноза Бозорзода есімді әйел болуы мүмкін дейді. Тәжік мемлекеттік телеарнасы таратқан хабарға сәйкес, Куляб аймағынан шыққан Шахноза Бозорзода жақында Түркияда қолға түсіп, Тәжікстанға қайтып келген.

Ақпарат құралдарының хабарлары бойынша, Душанбедегі медициналық оқу орнында білім алып жүрген Шахноза Бозорзода «Одноклассники» әлеуметтік желісі және Viber чат жүйесі арқылы Сабзкадам есімді тәжік жігітімен танысқан. Сол жігіттің үгітімен қыз оқуын тастап, Сириядағы ұрысқа аттануға бел буған. Бірақ, Сирияға барар жолда ол Түркияда қолға түскен.

ТҮРКИЯ ШЕКАРАСЫ

Түркияның Килис қаласы маңындағы шекарасы Сириядағы ұрысқа қатысқысы келетін шетелдіктердің емін-еркін өтіп жүре беретін өткеліне айналған. Бұл үшін Түркияны сынап жатқандар көп.

Исламшыл бүлікшілерге болысқан деген күдікке ілінген Франция азаматы Хаят Бумедьен Түркия шекарасы арқылы Сирияға өтіп барады. 2 қаңтар 2015 жыл.
Исламшыл бүлікшілерге болысқан деген күдікке ілінген Франция азаматы Хаят Бумедьен Түркия шекарасы арқылы Сирияға өтіп барады. 2 қаңтар 2015 жыл.

Қаңтар айында Парижде болған қанды терактіні ұйымдастырғандардың бірі деп аталған Хаят Бумедьен есімді француз әйелі түрік жері арқылы Сирияға өтіп кеткен соң, Түркия сыртқы істер министрі «шекараның өн бойында түрік әскері күзетіп тұрғанымен, саңылау тауып өтіп кететіндер бар» деп мәлімдеген.

Теракт болу қаупі туындағандықтан, осы айда Түркия Сирияның содырлар бақылайтын аймағымен шектесіп жатқан екі бірдей өткізу бекетін жауып тастаған.

Джоанна Парасщуктың материалын ағылшыннан аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG