Түрік үкіметіндегі дерек көзіне сілтеме жасаған халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ататүрік әуежайына шабуылдап, өздерін жарып жіберген үш адам - Ресей мен Өзбекстан және Қырғызстанның азаматтары.
Түркияның Hurriyet басылымының жазуынша, әуежайға шабуыл жасаған үш жанкештінің бірі Ресейдің Шешенстан республикасынан шыққан. Анкара бұл ақпаратқа қатысты комментарий бермеді.
Қырғызстан қауіпсіздік күштері де Стамбулдағы жарылысқа қатысты күдіктілердің бірі бұл елдің азаматы деген хабар жайлы түсініктеме беруден бас тартты. Қырғыз сыртқы істер министрлігі бұған дейін "Ататүрік әуежайындағы жарылысқа қырғызстандықтың қатысы бар" деген ақпарат расталмағанын айтқан. Стамбулда Қырғызстан бас консулдығының өкілдері терроризммен күрес басқармасы мамандарымен жолыққанда олар "өзін-өзі жарған үшеудің бірі Қырғызстанда туған деген мәліметті растамады" дейді Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Өзбекстан билігінен жауап алу әзірше мүмкін болмады.
Түркия полициясы Стамбулдағы Ататүрік әуежайындағы 28 маусым күні кешке болған атыс пен шабуылға қатысты 13 адамды тұтқындады.
Anadolu агенттігінің қауіпсіздік қызметіндегі аты-жөнін атамаған дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, әскерилер 25 маусымда екі сириялықты шекарадан заңсыз өтпек болып, ескерту белгісін елемеген соң атып өлтіргенін хабарлаған. Екі адамның біреуі Түркияда "Анкара немесе Адана қаласында жарылыс жасамақ болды" деген күдікпен іздеуде жүрген. Түркиялық басқа ақпарат құралдары "қауіпсіздік күштері Сириямен шекарада "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының күдікті екі содырының көзін жойғанын" хабарлады.
Түркиялық ақпарат құралдарының дерегінше, 30 маусымда полиция Стамбулдың 16 жерінде рейд жасаған.
28 маусымда Ататүрік әуежайында болған жарылыстардан 42 адам қаза тауып, 230 адам жараланған.
Әзірге шабуыл жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ. Бірақ Түркия билігі терактіні ИМ экстремистік ұйымы жасаған болуы мүмкін дейді. 29 маусымда АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Бреннан да осындай пікір айтып, ИМ АҚШ территориясы мен оның шетелдердегі нысандарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын мәлімдеген.