Accessibility links

Газы көп елдің билігі жұрттың жалақысына жармаса бастады


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 500 күндік бәйгенің ашылу салтанатында. Ниса, 5 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 500 күндік бәйгенің ашылу салтанатында. Ниса, 5 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Түркіменстанда жалақыны кешіктіріп беру мен негізгі азық-түлік тапшылығы қалыпты жағдайға айнала бастаған.

Солтүстіктегі Дашогуз облысында жұмысшылар бірнеше ай бойы көрмеген жалақысын алды. Бірақ ақша олардың қолына емес, банктегі шоттарына түскен, пластик карта арқылы қолдана алады. Алайда Дашогуз облысындағы дүкендердің көбі банк картасымен есеп айырысып, тауар сатуға ынталы емес. Бір миллионнан астам адамға шаққанда банкомат өте аз, олардағы ақша тез бітіп қалады және тұрақты түрде толтырылмайды.

Дашогуздегі жұмысшылар мен елдің басқа аумағындағы осындай жағдайға тап болған тұрғындардың жалақысы төленгенімен, олар қолма-қол ақшаға жете алмай отыр. Бірақ мемлекеттің онымен еш жұмысы жоқ.

Ашғабаттан шығар жолда қауын-қарбыз сатып отырған адам. (Көрнекі сурет)
Ашғабаттан шығар жолда қауын-қарбыз сатып отырған адам. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан экономикасының қиын халде екенін жалақыдан ақша ұстап қалудан да көруге болады. Көбіне бұндай қысым мемлекеттік қызметкерлерге жасалады. Азаттықтың Түркімен қызметіне мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін адамдар 2017 жылы Ашғабатта жабық нысандарда өтетін Азия жауынгерлік ойындарына арналған ғимараттардың құрылысын салуға «жарна» ретінде жалақыларының жартысына жуығын ұстап қалғанын айтты.

Осындай жолмен жалақысын берген мұғалімдер «ақшаны өз еркімізбен қосып отырмыз» деп қолхат берген. Спорттық ойындар (бұған дейін Түркіменстан 2017 жылы ойын өткізеді дегенді естімеппін) түркімен үкіметі үшін абыройлы жоба саналады.

Түркіменстан билігі шетелдік қонақтарды ұнатпаса да, үкімет бүкіл әлемге спорттық ел екенін әйгілегісі келеді. Каспий жағалауында орналасқан Аваза курорттық аймағына миллиардтаған доллар жұмсалды, елдің мәрмәрден салынған астанасы Ашғабатқа одан да көп қаржы кетті.

Ел астанасы тұрғындары автокөлік жүрмесе де, кең даңғылды пайдаланудан қалды. Ашғабаттың 2,3 миллиард доллар жұмсалған жаңа әуежайы да қаңырап бос тұр.

Ашғабаттағы жаңа әуежай. 17 қыркүйек 2016 жыл.
Ашғабаттағы жаңа әуежай. 17 қыркүйек 2016 жыл.

Келесі жылы өтетін ойынға арналған «Олимпиада ауылының» құны 5 триллион доллар деп бағаланды. Бұл жобалардың бәрі табиғи газ бағасы әлемдік нарықта ең жоғары бағамен сатылып жатқанда басталған еді. Түркіменстан үкіметі газ қорынан әлемде төртінші орын алатынымен мақтанады. Түркіменстан болсын, газға бай басқа көршілері болсын, бұндай мақтанның орынсыз екені қазір көрініп қалды.

Түркіменстан Қытайға қарай салынып жатқан ұзын үш құбыр желісіне (жақында төртеу болады) үлкен үміт артады. Қытай – қазір Түркіменстанның ең үлкен несие берушісі және ақша төлеп отырған жалғыз тұтынушысы.

Иранға жасаған газ экспорты айырбас жолымен өтелді. Қазанның 3-і күні Иранның мұнай министрі енді түркімен газын қажет етпейтіндерін айтты.

Түркіменстанды әлемнің алып нарықтарымен жалғайтын басқа құбырлар жуық арада салына қоймайтын тәрізді, демек елдің экономикалық болашағы да күмәнді.

2017 жылдың қыркүйегінде Азияның түрлі елдерінен жауынгерлік ойынға қатысушылар Ашғабатқа келгенде Түркіменстан халқы "үлкен оқиғаға тұтас ел болып дайындалдық" деп ұялмай айта алады.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG