Accessibility links

Түркіменстанның Ауғанстанға қатысты саяси таңдауы


Ауғанстан генералы Абдул Рашид Дустум "Талибан" содырларына қарсы әскери операцияны басқарып тұр. Сурет 2015 жылы түсірілген.
Ауғанстан генералы Абдул Рашид Дустум "Талибан" содырларына қарсы әскери операцияны басқарып тұр. Сурет 2015 жылы түсірілген.

Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов маусым айының соңында Ауғанстанның солтүстік-батысындағы үш провинциясына барды. Бірақ мұндай сирек болатын сапар жайлы баспасөзде көп ақпарат жарияланбады.

Мередовтың сапары түркімен билігі оңтүстіктегі көршісіне қатысты саясатын реттеуге көшкенін көрсетеді. Ауғанстанның солтүстік-батысындағы қауіпсіздік мәселесі Ашхабадты да алаңдатып отыр.

Азаттықтың «Кишлок овози» (Қышлақ әуені) блогында солтүстік Ауғанстандағы жағдай бірнеше айдан бері талқыланып келеді. Бірақ Мередовтің Ауғанстанның Жаузжан, Фаряб және Балх провинцияларына баруы бұрын-соңды болмаған жағдай, сондықтан Азаттықтың Түркімен қызметі бұл тақырыпты дөңгелек үстелде талқылады.

АШХАБАДТЫ АУҒАНСТАН НЕГЕ АЛАҢДАТТЫ?

Ашхабадтың Ауғанстанға қатысты саясатына келсек, бұл сапарды ерекше мән беруге тұрарлық деуге болады. Азаттықтың Түркімен қызметі Ауғанстанның солтүстік-батысындағы жағдайды талқылап, ол жақтағы оқиғаларға қатысты Ашхабад саясатын анықтауға тырысты.

Дөңгелек үстелді Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммад Тахир жүргізді. Талқылауға Джорджия университетінің (АҚШ) саясаттану кафедрасы доценті және Орталық Азия мәселелері бойынша маман Геннадий Рудкевич қатысты. Ал Прагадағы студиядан Азаттықтың Пәкістан қызметі – «Машаль» радиосы директоры Амин Мудагиг (Mudaqiq) қатысты.

Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов БҰҰ мінберінен сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов БҰҰ мінберінен сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 27 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мудагиг әңгімені Ауғанстанның солтүстік-батысында жақында болған әскери қақтығыстардан бастады. Оның айтуынша, Ауғанстанның вице-президенті генерал Абдул Рашид Дустумның аймаққа келуі мұнда біршама тұрақтылық орнатқан. «Екі ай бұрын «Талибан» содырлары Фаряб, Жаузжан және Сари Пулдағы провинция астаналарын қоршап алған еді» дейді ол.

«Ол жақтағы туыстарыммен сөйлестім, бала-шағаларын көшіріп әкеткендерін айтты. Себебі олар «Талибан» қаланы бірнеше сағатта басып алады деп қорыққан» дейді сарапшы.

Алайда Мудагиг көктемде Ауғанстанның солтүстік-батысына Дустум барғаннан кейін жағдайдың өзгергенін мәлім етті. Генерал Дустум содырларға қарсы әскери операциялар өткізу үшін аталған аймаққа бір жылға жетпейтін уақыт ішінде төрт рет барды. Олар «Талибан» жасағын біраз аудандардан қуып шықты.

ТҮРКІМЕН «ТАЛИБАН»

Бірақ Рудкевич «Дустум келеді, содырларды қуып шығады, Дустум кеткен соң олар қайтадан келіп алады» дейді. Мудагиг Ауғанстанның солтүстік-батысындағы жағдайдың Түркіменстанға тигізер ең үлкен қатері – «Талибанның» жаңа топтарының жасақталуы болып отыр» дейді.

«Таңғаларлығы - олардың командирлері түркімендер. Олар - түркімендердің «Талибаны», өте төзімді әрі қатыгез жауынгерлер. Жергілікті командирлер де түркімендер, бірақ олар - Пәкістаннан оқып келген, сол жақтан оралған бұрынғы түркімендер» дейді ол.

«Дәстүрге сай түркімен жастары үлкендерді тыңдайды, бірақ қазіргілер ондай емес. Содырларды тоқтатуға ақсақалдар да қатты тырыспайды, себебі олардың Дустумға деген реніші бар» дейді Мудагиг. Оның сөзіне қарағанда, «жергілікті содырлар идеологиялық жағынан «Талибаннан» өзгеше. Бірақ бұл содырлар «Талибанға» жеке қауіпсіздігі немесе экономикалық мәселелерге байланысты қосылған».

Мудагиг бұл адамдардың жалдамалы екенін айтады, «олар содырлар жетекшісіне ант бергенімен, қайтадан үкімет жаққа өте салады» дейді. Дустум шабуылы кезінде «Талибан» командирлерінің онымен татуласып, үкімет жағына өткен оқиғалары бірнеше рет болған.

Ауғанстанның Фаряб өңірінде үкімет жағына шыққан "Талибан" содырлары. 30 маусым 2016 жыл.
Ауғанстанның Фаряб өңірінде үкімет жағына шыққан "Талибан" содырлары. 30 маусым 2016 жыл.

Рудкевичтің айтуынша, мұндай әдісті ұзақ қолдануға болмайды. «Егер жергілікті содырлар қалаған жағына тез өтіп кететін болса, бір айдан соң немесе бес жылдан соң олар Дустумды немесе үкіметті қолдау мүддемізге сәйкес келмейді деуі мүмкін. Сол кезде қазіргіден гөрі қатты соғыс болады» дейді ол.

Сыртқы істер министрі Мередовтің Ауғанстанның солтүстік-батысына баруын түркімен билігінің оңтүстік шекарасындағы ахуалды дұрыс бағалау үшін жағдайды өз көзімен көруге тырысуы деп бағалау керек.

Ол Түркіменстанның шекарадағы қаласын және осы қаланың жанында, Әмудария өзені жағасында салынып жатқан шекаралық дуалды көріп қайтуды жоспарлаған еді, «бірақ оның күзетшілері минаға түсіп, өзі қалаға оралды» дейді Мудагиг.

Ресми түрде «Мередов екіжақты жобаларды талқылауға барды» деп хабарланды. Ол Фаряб провинциясындағы Акина қаласында орналасқан Түркіменстан-Ауғанстан-Тәжікстан теміржолының алғашқы тасын қалауға қатысты, Ауғанстанның солтүстік-батыс аудандарына электр энергиясын жеткізу жоспарын талқылады.

ИКЕМДІ САЯСАТ

Мұндай кездесулерді Ашхабад пен Кабулда да өткізуге болатын еді. Мудагигтің айтуынша, Мередовтің жергілікті шенеуніктермен кездесуі жабық есік жағдайында өткен. Азаттық «Арбаки» қарулы жасағының командирі мен бірқатар жергілікті полиция қызметкерлерінің Ашхабадта болып қайтқанын да хабарлаған еді.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу маусымның басында Түркіменстанға барды. Ол Түркіменстанға іссапармен барған Ресейдің алғашқы қорғаныс министрі болды. 20 жыл бойы бейтарап ел екенін мақтан тұтқан Түркіменстан ауған мәселесі бойынша жақтастар іздеп жатқан сияқты.

Бірақ Мудагиг «Түркіменстанның солтүстік-батыс Ауғанстандағы жобаларына назар аударып жатқаны - бұл аймаққа қатысты өз саясаты да болуы мүмкін» деді.

«Электр желісі, теміржол және көлік жолына қатысты жобалар тек үкіметке ғана тиімді емес. Олар барлық тұрғындарға қажет, тіпті «Талибанға» да керек. Түркіменстан Фарябқа электр қуатын берсе, оны «Талибан» бақылап отырған ауылдар да пайдаланады, сондықтан содырлар Түркіменстанға шабуыл жасаса, электр жарығынан айырылады» дейді ол.

Ауған үкіметі әскері "Талибан" содырларына қарсы операцияға аттанып барады. 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауған үкіметі әскері "Талибан" содырларына қарсы операцияға аттанып барады. 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Мудагигтің айтуынша, «Түркіменстан ауған провинцияларын өздеріне тәуелді еткісі келеді, солайша Ауғанстанның солтүстік-батысын кім басқарса да, Ашхабадқа олардың Түркіменстанмен достық қатынаста болғаны керек» дейді ол.

Рудкевич «бұл бұрынғыдай Ауғанстан саясатына мүлдем араласпаймыз дегенге қарағанда жақсырақ» деп санайды. Ол «Түркімен үкіметі Ауғанстанмен арадағы шекарасы тұрақты болса дейді, бірақ жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп, бейтарап саясатын құрбандыққа шалуға шақ тұр» дейді. Бірақ Рудкевичтің ойынша, «Түркіменстан 20 жыл ұстанған бейтараптық саясатынан тұтастай бас тартады деуге келмейді».

Сарапшылар тобы «Түркіменстан үкіметі Ауғанстан жағдайында барынша икемді саясат жүргізіп отыр. Бірақ бұл елдегі ахуалға көп әсер ете алмайтындықтан, қазіргі саясатты тұрақты деуге болмайды» десті. Дөңгелек үстелге қатысқандар осы мәселелерді жан-жақты талдады.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы (ағылшын тілінде):

Majlis Podcast: Turkmenistan's Afghan Dilemma
please wait

No media source currently available

0:00 0:42:00 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG