Украинаның соғыстағы шығыны 564,9 млрд доллар болды
Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді. Ведомство басшысы қай сала қанша шығынға ұшырағанын да тарқатып айтты:
- 119 миллиард доллар — инфраструктура шығыны (жолдар, вокзалдар, әуежайлар);
- 112 миллиард — 2022 жылғы ЖІӨ шығыны;
- 90,5 миллиард — жеке адамдардың шығыны (үйлер, көліктер және басқа да нысандар)
- 80 миллиард — кәсіпорындар мен ұйымдар шығыны;
- 54 миллиард — Украина экономикасына тікелей инвестиция;
- 48 миллиард — мемлекеттік бюджет шығыны.
Мариупольде 160 мыңдай адам қалған
Мариуполь мэрі Вадим Бойченко қалада тек 160 мыңдай адам қалды деді. Ол бұл туралы "Украина 24" арнасының эфирінде айтты.
Бұл қала бірнеше аптадан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Жергілікті билік Мариупольде 3 мыңнан аса адам қаза болды дейді.
Ресей мен Украинаның Түркиядағы келіссөзі 29 наурызда өтеді
Ресей мен Украина арасындағы келіссөз ертең, 29 наурызда Стамбулда болады. Бұл туралы "Слуга народа" партиясы фракциясының жетекшісі Давид Арахмия украиналық басылымдарға айтқан.
Бұған дейін екі тараптың делегациялары Беларусьте келіссөз өткізген. Кейін келіссөз процестері видеобайланыс арқылы болған еді.
Украина мен Ресей тарабы күнде соғыста не болып жатқаны жайлы есеп беріп келеді. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің де өз бағалауы бар. 28 наурыз таңертең үш ел қандай мәлімет таратты? Шолып шығыңыз:
Украина қарулы күштері:
- Харьков облысындағы Топольское, Каменка және Сухая Каменкада атыс жалғасып жатыр.
- Украина күштері Запорожье облысы Гуляйполе және Запорожье бағытында Ресей әскерінің қозғалысына мүмкіндік бермей жатыр.
- Ресей күштері Киевтің солтүстік-баты және шығыс жағынан өтіп, негізгі автожолдар мен елдімекендерге өтуге тырысқанымен, Украина күштері оларды өткізбей жатыр.
- Украина әскері елдің оңтүстігінде Кривой Рог, Запорожье, Николаев қалаларын қорғауға күш салып жатыр.
- Донецк және Луганск жақта бес шабуылдың беті қайтарылды. Қарсылас техникасынан айырылды, адам шығынына ұшырады.
- Украина күштері ббір күнде Ресейдің төрт ұшағын, бір тікұшағын, екі әскери дронын, екі қанатты ракетасын жойды.
Ресей қорғаныс министрлігі:
- Ресей әуе күштері бір күнде Украинаның 36 әскери объектісін қиратты. Херсон облысында Украинаның 19 дроны, бес «Смерч» ракетасы жойылды.
- Ресей әскерилері Донецк облысындағы шабуылы ойдағыдай жүріп жатыр.
- Бір күнде Украинаның бес әскери ұшағы қүлады.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі:
- Бір күнде Ресей күштерінің позициясында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ.
- Ресей әскері әлі логистикалық мәселені шеше алмай жатыр, сондықтан шабуыл темпі баяу жүріп жатыр.
- Ресей әскері ішінде моральдық рух төмен, ал Украина әскері агрессиялық шабуылдар жасап жатыр.
- Ресей әскері Мариупольде сәл де болса жетістікке жетті.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР