1 сәуір. Дәл қазірге дейін не белгілі?
- Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей Киевтің солтүстігінен шегіне бастағанын, бірақ жолай тұрғындардың жеке көліктерін, елдімекендегі автобус, жүк көліктерін, бейбіт адамдарға тиесілі жеке заттарын ұрлап әкетіп жатқанын айтады.
- Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украина күштері Киевке жақын маңдағы Слобода және Лукашовка ауылдарын қайтарып алды деп мәлімдеді.
- 29 наурызда Николаев қаласының әкімшілігінің ғимаратына жасалған ракета шабуылынан қаза болғандар 24 адамға жетті.
- Рейтерс ақпарат агенттігі америкалық дереккөздеріне сілтеме жасап, соғыс басталғалы Украинада бидай сақталған бірнеше қойма жарылған деп хабарлады.
- Қызыл крест халықаралық ұйымы Мариупольде қалған бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға қызметкерлерін жіберген, бірақ олар Ресей қоршауында қалған қалаға әлі жеткен жоқ. Мариупольде әлі 150 мыңдай адам қалған.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
Ресейдің Белгород қаласындағы мұнай базасы өртенді. Облыс басшысы базаға Украина шабуылдады дейді
Ресейдің Белгород қаласындағы мұнай базасында өрт шықты. Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков мұнай базасына Украина тікұшақтан шабуыл жасады деп отыр. Ол Украина тікұшақтары Ресейдің ұшақтарға қарсы жүйесінен қалай айналып өткені жайлы айтпады.
Бұл шабуыл туралы Ресей қорғаныс министрлігі де, Украинада тарабы да ешқандай мәлімдеме жасамады.
Мына видеода "тікұшақтан шабуыл жасалып жатқаны" айтылады.
Соғыс уақытында бұл ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Зеленский: Ресей Донбасс, Мариуполь, Харьковқа шабуылды үдетпек
Украина президенті Владимир Зеленский 31 наурыз кешкісін таратқан видеомәлімдемесінде Ресей Киевтің солтүстігінен, Чернигов пен Сумы облыстарынан шегініп, Донбасс, Мариуполь, Харьковке шабуыл жасауға беттеді деп мәлімдеді.
"Ресей әскерилері Донбасс, Мариуполь, Харьков бағытына жиналып, ауыр соққылар жасамақ. Қорғанатын боламыз. Оккупанттарды тоқтатып, жерімізді олардан тазарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" деді Зеленский.
Ресей қорғаныс министрлігі де бұған дейін Киев және Чернигов облыстарындағы күштерінің біраз бөлігін әкететінін, ендігі мақсат Донбасс екенін айтқан еді. Бірақ Кремльдің бұл мәлімдемесіне қарамастан Киев және Чернигов облыстарына шабуыл тоқтаған жоқ.
Мәселен, Ұлыбритания қорғаныс министрлігі бүгін, 1 сәуірдегі мәлімдемесінде "Ресей Киев пен Черниговтан әскерилерінің бір бөлігін әкетеміз дегеніне қарамастан бұл аймақтарға әуе мен ракета шабуылы жасалып жатыр" деді.
Соғыс басталғалы Украинада 153 бала қаза тапты
Украина бас прокуратурасы бұл елде 153 бала қаза болып, 245 бала жараланды деп хабарлады. Прокуратура соғыс басталғалы Ресей Украинаға қарсы "3701 агрессиялық және соғыс қылмысын жасады" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР