Ресей мен Украинаның Түркиядағы келіссөзі 29 наурызда өтеді
Ресей мен Украина арасындағы келіссөз ертең, 29 наурызда Стамбулда болады. Бұл туралы "Слуга народа" партиясы фракциясының жетекшісі Давид Арахмия украиналық басылымдарға айтқан.
Бұған дейін екі тараптың делегациялары Беларусьте келіссөз өткізген. Кейін келіссөз процестері видеобайланыс арқылы болған еді.
Мариупольде 160 мыңдай адам қалған
Мариуполь мэрі Вадим Бойченко қалада тек 160 мыңдай адам қалды деді. Ол бұл туралы "Украина 24" арнасының эфирінде айтты.
Бұл қала бірнеше аптадан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Жергілікті билік Мариупольде 3 мыңнан аса адам қаза болды дейді.
Украинаның соғыстағы шығыны 564,9 млрд доллар болды
Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді. Ведомство басшысы қай сала қанша шығынға ұшырағанын да тарқатып айтты:
- 119 миллиард доллар — инфраструктура шығыны (жолдар, вокзалдар, әуежайлар);
- 112 миллиард — 2022 жылғы ЖІӨ шығыны;
- 90,5 миллиард — жеке адамдардың шығыны (үйлер, көліктер және басқа да нысандар)
- 80 миллиард — кәсіпорындар мен ұйымдар шығыны;
- 54 миллиард — Украина экономикасына тікелей инвестиция;
- 48 миллиард — мемлекеттік бюджет шығыны.
Ресейлік "Новая газета" жұмысын уақытша тоқтатты
Ресейлік "Новая газета" басылымы "Украинадағы арнайы операция"* аяқталғанға дейін уақытша жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.
"Біз Роскомнадзордан тағы да ескерту алдық. Осыдан соң біз газетімізді интернетте және баспадан шығаруды "Украинадағы арнайы операция" аяқталғанша тоқтатамыз" деп мәлімдеді газет редакциясы.
"Новая газета" бас редакторы Дмитрий Муратов былтыр бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын алған. Бұл басылым оқырмандарына Ресейдің Украинадағы соғысы жайлы бейтарап контент ұсынып келген еді.
*Ресей билігі Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданған басылымдарға қылмыстық іс қозғалады.
ПІКІРЛЕР