Стамбулда Украина-Ресей келіссөзінің кезекті раунды басталды. Жиынды Ердоған бастап берді
29 наурызда Түркияның Стамбул қаласында Украина мен Ресей өкілдері арасында келіссөз қайта жалғасты. Гуманитарлық мәселелер бойынша наурыздың ортасынан бері жүзбе-жүз кездесуге қайта жиналған екі тарап осыған дейін бірнеше рет онлайн келіссөз өткізген. Олар бұл жолы атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге тырысып көрмек. Екі елдің делегациясы Стамбулға кеше, 28 наурызда келген.
Келіссөз алдында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сөз сөйлеп, "Әділетті бейбітшілік - екі тарап үшін де жеңіс, қақтығысты жалғастыру екі тарапқа да пайда әкелмейді. Халықаралық қауымдастық Стамбулдағы кездесуден жақсы шешім күтеді" деді.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ердоған келіссөз алдында ресейлік олигарх Роман Абрамовичпен сөйлескен. Бұған дейін кейбір дереккөздер Абрамовичтің келіссөзге қатысатынын айтқан еді.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның сөзінше, Киевтің мақсаты кемі "гуманитарлық мәселені шешу", максимум - атысты тоқтатуға келісу.
Британдық Financial Times басылымының жазуынша, егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір.
Екі тарап наурыздың басында Беларусьте келіссөз өткізген, кейін бұл процесс видеобайланыс арқылы жалғасқан еді. Стамбулдағы келіссөз екі күн өтеді және журналистер қатыспайды.
Украина сыртқы істер министрі Кулеба келіссөзге кеткен Киев делегациясына "су ішпеуге, тамақ жемеуге" шақырды
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Стамбулға келіссөзге аттанған Киев делегациясына "тамақ жемеуге, су ішпеуге" және "барынша айналасындағы заттарды ұстамауға" шақырған. Бұл туралы Кулеба "Украина 24" телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін халықаралық басылымдар ресейлік олигарх Роман Абрамович пен наурыздың басында Ресей-Украина келіссөзіне қатысқан екі адам уланғанын жазған еді. Бірақ америкалық барлаушылар бұл ақпаратқа күмән келтірген.
Шойгу "Ресей енді Донбассты азат етуге көңіл бөлетінін" айтты
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "арнайы операцияның бірінші кезеңіндегі негізгі мақсаттар орындалды, енді басты мақсат – Донбассты азат етуге көңіл бөлуге болады" деп мәлімдеді. Шойгудың сөзін 28 наурызда РИА Новости агенттігі таратты.
Ресей билігі Украинадағы соғысты "арнайы операция" деп атайды.
"Украинаның әуе күштері мен ракеталарға қарсы жүйелері жойылды. Теңіз күштерін де жойдық. Жаяу әскері мен десанттық әскерилері де көп шығынға ұшырады" деді Шойгу.
Бүгін, 28 наурызда Украина қарулы күштері Ресей Киев және Чернигов облысындағы әскерилерінің бір бөлігін шығарып, Донецк облысына жіберіп жатыр деп мәлімдеді.
Соғыс басталғалы Ресей билігі қарулы агрессиясының мақсатын әртүрлі сипаттаған. Басындағы мақсаты "демилитиризация" мен "денацификация" жайлы айтқан, кейін Кремль Киев, Одесса сияқты ірі қалаларды басып алуға тырысты.
Бірақ АҚШ қорғаныс министрлігі және батыс барлаушылары Ресей әскері Украинадағы соғыста әскери шығынға көп ұшырағанын айтқан. Бүгін, 29 наурызда Стамбулда Ресей-Украина келіссөзінің кезекті раунды басталды. Осы кездесудің алдында Британдық Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресей "денацификация" талабынан бас тартқанын жазды.
"Егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір" деп жазды Financial Times.
Ұлыбритания мен АҚШ барлаушылары Ресей қазір Қырым түбегімен Ресейді байланыстыратын құрлықтық жол ашу үшін Украинаның шығысындағы қалаларды басып алуға күш салады дейді.
Қазір Ресей Украина шығысындағы Мариуполь қаласын қоршауға алған. Әскери сарапшылар Ресей Мариупольді басып алу арқылы Қырым мен жікшіл "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік аймағын жалғайтын жол ашуға тырысады деп санайды.
Ресей Киев облысы мен Чернигов облысында әскери шабуылын бәсеңдетпек
Ресей қорғаныс министрлігі Ресей Киев және Чернигов облысында әскери әрекеттерін азайтатынын мәлімдеді.
Бұл дегеніміз Ресей Киев облысы мен Чернигов облысына шабуылды тоқтатып, әскерін әкете бастайды.
ПІКІРЛЕР