Зеленский: Украина әлем қолдап тұрғанда бұл соғыста жеңілмейді
Украина президенті Владимир Зеленский Нидерланд парламентіне видеобайланыс арқылы қосылып, сөз сөйледі. Ол Амстердамнан қару-жарақ пен Украинаны қалпына келтіруге көмек сұрады.
Зеленский Нидерланд елінін де Ресеймен барлық іскерлік және сауда қатынасын үзуді, санкцияларды күшейтуді сұрады
Бұған қоса, Зеленский Австралия парламентінде де сөз сөйлеп, Украина әлем қолдап тұрғанда Ресеймен соғыста жеңілмейді деп мәлімдеді. Украина президенті Австралиядан Bushmaster бронетехникасын сұрады.
Осы күні Австралия Ресей мен Беларусьтен келетін тауарларға қосымша 35 пайыз салық қосатынын мәлімдеді.
Днепропетровск облысындағы әскери бөлімшеге ракетадан шабуыл жасалғаны хабарланды
Днепропетровск облысы әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко Ресей күштері әскери бөлімшеге ракетадан шабуыл жасағанын, екі адам қаза болып, бес адам жараланғанын мәлімдеді.
Ресей тарабы бұл шабуыл туралы әзірге ештеңе айтпады.
Ресей әскерилері Чернобыль АЭС-інен "кете бастағаны" айтылды
AFP ақпарат агенттігі америкалық әскери шенеуніктерге сілтеме жасап, Ресей әскерилері Чернобыль атом электр станциясынан кете бастады деп жазды.
"Чернобыль – ресейлік әсксерилер кете бастаған жерлердің бірі, олар Чернобыль АЭС-інен Беларуське кете бастады, бірақ толық кетті ме олар жағын айта алмаймын" деген дереккөз.
Пентагондағы дереккөздердің бірі CNN телеарнасына Ресей әскерінің Чернобыль АЭС-інен кете бастағанын айтқан.
Ресей әскерилері соғыс басталған күні, яғни, 24 ақпанда Чернобыль АЭС-ін басып алған еді.
Николаев қаласының әкімшілік ғимаратына шабуылдан қаза болғандар 20 адамға жетті. Украина төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, 19 адамның сүйегі үйінді астынан табылған, бір адам ауруханада көз жұмған.
Ресей әскерилері 29 наурызда Николаев қаласының әкімдігіне ракеталық шабуыл жасаған еді.
ПІКІРЛЕР