АҚШ одақтастарын Украинаға совет танкілерін беруге көндіріп жатыр
АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл жөнінде АҚШ әкімшілігі өкілінің сөзіне сүйенген New York Times басылымы жазды.
Польшаның бір өзінде Т-72 модельді 500-ден астам танк бар. Басылымның жазуынша, танкілердің берілуі жаңа соғыс кезеңінің нышаны болуы ықтимал.
Шенеуніктің сөзіне қарағанда, Украина президенті Владимир Зеленскийдің өтінішіне жауапты талқылау кезінде АҚШ танк мәселесі бойынша дәнекер болуға ұйғарған.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Зеленский Украинаны НАТО-ға қабылдамаса, альянс мүшелері оған ауыр техникамен көмек көрсетуі тиіс деп мәлімдеген.
“Бізге зымыран, ұшақ беріңіздер, F-18 немесе F-19-ді бере алмайды екенсіздер, онда ескі совет ұшақтарын беріңіздер... Елімді қорғай алатын құрал берсеңіздер" деді президент.
24 ақпаннан бері Украинадағы соғыста 158 бала қаза болған. 254 бала жараланған. Украина бас прокуратурасы осындай мәлімет келтірді.
Киев, Донецк, Харьков және Чернигов облыстарында көп бала зардап шеккен. 869 оқу орны атқылауға ұшырап, бомбаланған. Ең ауыр жағдай Донецк, Харьков, Николаев, Сумы, Киев, Херсон, Житомир, Чернигов облыстары мен Киев қаласында.
Ұлыбритания барлау қызметінің Украинадағы соғыс жөнінде соңғы ақпараты:
- Украина күштері Ресей әскері тастап кеткен Киев маңындағы елді мекендерге бақылау орнатып жатыр.
- Елдің солтүстік-батысында Украина күштері Ирпеннен Буча мен Гостомельге қарай жылжуға талпынып жатыр.
- Ресей әскері Гостомель әуежайынан шығарылған.
- Елдің шығысында кескілескен шайқастан кейін украин күштері Харьковтің шығыс бөлігіндегі негізгі плацдармды басып алған.
Бішкекте Украинадағы соғысқа қарсы шыққандарды милиция ұстап әкетті
2 сәуірде Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптап, соғысқа қарсы шыққан белсенділерді ұстады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Ұсталған белсенділер президент Садыр Жапаровтың өзі Фейсбукта митингіге рұқсат бергенін айтып, милицияның әрекетін айыптаған.
Ақпаратқа қарағанда, жиналғандардың қолында "Соғысқа жол жоқ", "Соғысты тоқтат", "Путин фашист" деген жазуы бар плакаттар болған.
Милиция белсенділерге 1 шілдеге дейін митинг, пикет өткізуге тыйым салған сот шешімі шыққанын айтып, тарауды талап еткен.
Бұл митинг өтпей тұрып, бірнеше сағат бұрын қалада Ресейді қолдағандар акциясы өткен. Бірақ милиция оларға аталған сот шешімі жөнінде айтпаған.
ПІКІРЛЕР