Харьков пен Одесса тағы да атқыланды
Ресей әскерилері кейінгі күнде Харьков облысын атқылауды күшейткен. Бұл туралы облыс әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов айтты.
"Түнде ресейлік оккупациялық әскерилер атқылауды жиілетіп, артиллерия және минаметтен 58 соққы жасады" деді ол.
Одессада таңертең ресейлік әскерилердің атқылауынан бірнеше тұрғын үй бүлінген. Бұл туралы Одесса әскери әкімдігі жедел штабының өкілі Сергей Братчук айтты. Оның сөзінше, Ресей әскерилері кемеден шабуылдаған.
Қаза тапқандар мен жараланғандар жайлы ақпарат тексеріліп жатыр.
Киевте тағы комендант сағаты
Киев мэрі Виталий Кличко бүгін 21 наурыз кешкі 20:00-ден 23 наурыз таңғы 07:00-ге дейін комендант сағаты енгізілетінін мәлімдеді.
"Дүкен, дәріхана, жанармай құю станциялары ертең жұмыс істемейді. Дабыл белгісіне қарай үйлеріңізде я жасырынып отырған жерлеріңізде қалуларыңызды сұраймын. Қалада арнайы рұқсаты бар көліктер ғана жүре алады" деді ол.
Украина бас штабы соғыс басталғалы Ресей 15 мыңға жуық әскериін жоғалтқанын (жараланғандар мен қаза болғандар бірге есептелген) мәлімдеді. Бұдан бөлек, Украина тарабы ресейліктер 1535 бронетехникасынан, 200-ден аса ұшақ пен тікұшағынан, 500-ге жуық танкісінен, үш кемесі мен катерінен айырылды дейді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
Ресей әскерінің шабуылына ұшыраған Киевтегі Подольский ауданындағы сауда орталығы. Фотодан көргендеріңіздей сауда орталығы қатты бүлінген. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан кемі сегіз адам қаза болып, бірнеше адам жараланған.
ПІКІРЛЕР