Қытайдың АҚШ-тағы елшісі Цин Гань "Пекин Ресейге қару-жарақ пен оқ дәрі бермейді, есесіне жағдай ушықпас үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды" деп мәлімдеді. Осыған дейін халықаралық басылымдарда Қытай Ресейге көмек ретінде қару-жарақ беруі мүмкін деп жазған. Пекин бұл ақпаратты "фейк" деп атаған еді.
Вашингтон Пекинге "Ресейге қару-жарақпен көмектессе салдары қиын болатынын" ескерткен.
Қытай - Ресейдің ең жақын одақтастарының бірі.
Ресей әскерінің шабуылына ұшыраған Киевтегі Подольский ауданындағы сауда орталығы. Фотодан көргендеріңіздей сауда орталығы қатты бүлінген. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан кемі сегіз адам қаза болып, бірнеше адам жараланған.
Украина бас штабы соғыс басталғалы Ресей 15 мыңға жуық әскериін жоғалтқанын (жараланғандар мен қаза болғандар бірге есептелген) мәлімдеді. Бұдан бөлек, Украина тарабы ресейліктер 1535 бронетехникасынан, 200-ден аса ұшақ пен тікұшағынан, 500-ге жуық танкісінен, үш кемесі мен катерінен айырылды дейді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
Киевте тағы комендант сағаты
Киев мэрі Виталий Кличко бүгін 21 наурыз кешкі 20:00-ден 23 наурыз таңғы 07:00-ге дейін комендант сағаты енгізілетінін мәлімдеді.
"Дүкен, дәріхана, жанармай құю станциялары ертең жұмыс істемейді. Дабыл белгісіне қарай үйлеріңізде я жасырынып отырған жерлеріңізде қалуларыңызды сұраймын. Қалада арнайы рұқсаты бар көліктер ғана жүре алады" деді ол.
ПІКІРЛЕР