Ресей украин соғысында 19 жасар қырғыздың қаза тапқанын растады
Ресейдің Қырғызстандағы елшілігі өз Telegram-арнасында Украинадағы соғыста Қырғызстаннан шыққан жігіттің қаза тапқанын растады.
«Украинаны демилитаризациялау және денацификациялау бойынша арнайы әскери операция кезінде әскери тапсырманы орындау барысында Қырғызстаннан шыққан Ресей азаматы, Ресей Федерациясы қарулы күштерінің келісім-шартпен қызмет ететін қатардағы жауынгері Дорбоев Егемберді Беққазымович ерлікпен қаза тапты» делінген хабарламада.
Дипломатиялық мекеме қаза тапқан азаматтың туыстарына көңіл айтты. Ресейдің кей ақпарат құралдары Дорбоев 8 наурызда қаза тапқан деп жазды.
17 наурызда әлеуметтік желіде Украинадағы соғыста қырғыз жігіттің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Қолданушылардың бірі таныстарының баласы, Ресей армиясында төрт айдан бері қызмет етіп жүрген 19 жастағы жігіт опат болды деп жазды.
Оның ақпаратына сенсек, жігіт 22 ақпанда туыстарына қоңырау шалған, ал 8 наурызда Ресейде жұмыс істейтін анасына ұлының қаза болғанын естіртіп, денесі Ресейдің Қырғызстандағы Кант әуе базасына жөнелтілетінін айтқан. Кейін осы деректі жазған адам постты желіден алып тастады.
22 наурызда белгілі болған ақпаратқа қарағанда, Егемберді Дорбоев Ыстықкөл облысында туып-өскен. Мұны Азаттықтың Қырғыз қызметіне Ыстықкөл ауданы Қараой ауылының басшысы Ерлан Жұмеков айтқан.
«Мәйітті әлі әкелмеді. Әкесі осында. Жігіт 2002 жылы туған, Ресей азаматы. Басқа ақпарат жоқ» деді Жұмеков.
Қырғызстанның соңғы ресми дерегі бойынша, елдің 1 млн 118 мың азаматы шетелде жұмыс істейді, соның бір миллионы – Ресейде.
Бейресми ақпарат бойынша, 400-500 мың қырғызстандық Ресей азаматтығын алған.
Украинадағы соғыста қаза тапқан тәжік азаматы Тәжікстанда жерленді
Украинадағы соғыста қаза тапқан тәжік азаматы өз ауылына жерленді. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Ресей мен Тәжікстан билігі бұл ақпаратты растамай отыр.
Озоди радиосының хабарлауынша, Украинадағы соғыста кемінде төрт тәжік азаматы қаза тапқан. Олар Тәжікстанның Хатлон және Соғды облыстарының тумасы болған.
17 наурызда Хатлон облысының Хамадони ауданындағы Тудабойон ауылында Ресей армиясының жауынгері, 50 жастағы Саидакбар Саидов жерленді. Украинадағы соғыста қаза тапқан оның денесін Ресейдің Тәжікстандағы 201-ші әскери базасының бірнеше офицері алып келген. Ол Украинаның қай ауданында, қандай жағдайда қаза тапты, ол жағы нақты айтылмайды.
Ауыл әкімі мен қаза болған жігіттің бауыры Саидакбардың Ресей азаматы екенін, сол елдің қарулы күштерінде қызметте болғанын айтты. Азаттықтың Тәжік қызметінің ақпараты бойынша, Саидов Совет одағы құлаған соң бірден Ресей азаматтығын алған, бес баласы бар.
Азаттық Украинадағы соғыстан жазбаша трансляциясын жалғастырады. 23 наурыз түске дейін не белгілі? Қысқаша шолып шығыңыз:
- Соғыс басталғалы Украинада 121 бала қаза болып, 167 бала жараланған. Бұл туралы Украина бас прокуратурасы хабарлады.
- Батыс барлаушылары Ресей Украинадағы соғыста он мың әскериінен айырылды деп санайды.
- Британия барлаушылары Ресей әскерилері бақылау орнатқан Украина қалаларында тұрғындар наразылығы күшті болып тұр деп мәлімдеді.
- Украина президенті Владимир Зеленский "Путиннің Ресейді үлкен апаттан сақтап қалу үшін бір ғана мүмкіндігі бар, ол - бейбіт келіссөзге келу" деді.
- Бүгін, 23 наурызда Брюссельде НАТО саммиті өтеді. Бұған АҚШ президенті Джо Байден қатыспақ. Ал Зеленский саммитке видеобайланыс арқылы қосылады.
- Бүгін Ақ үй Ресейге кезекті санкциялар пакетін жарияламақ. Бұл жолы Ресей мемлекеттік думасының депутаттарына шектеу қойылмақ.
Черниговте әуе шабуылынан қаладағы маңызды көпір қираған. Бұл көпір арқылы қалаға гуманитарлық көмек жеткізіліп, осы көпірмен эвакуациялық автобустар жүрген еді.
Ресейлік әскерилердің Бровары қаласындағы азық-түлік қоймасын атқылағаны хабарланды. Халық депутат Галина Третьякованың сөзінше, шабуылдан ондаған тонна жеміс-жидек пен ет жойылған.
Ресей әскерилері бақылау орнатқан Херсон қаласында наразылық жалғасып жатыр. 22 наурызда Ресей басқыншылары наразылыққа шыққандарды көзден жас ағызатын газ шашып таратқаны хабарланған.
Соғыс уақытында деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР