19:46
27.3.2022
"Бұл адам билікте қала алмайды". Байден Путинді "диктатор", "қылмыскер" деп атады
АҚШ президенті Джо Байден 26 наурызда Польшада украиналық босқындармен кездесуде Ресей президенті Путинді "империяны қалпына келтіруді көксейтін диктатор" деп атады. Байден сөзінде "бұл адам билікте қала алмайды" деді. Байденнің Польшадағы сөзінің негізгі тұстарын қысқа-нұсқа ұсынамыз:
- Бұл қылмыскер НАТО-ның кеңеюін Ресейге қауіп төндіретін империялық жоба деп қарайды. Бұл шындыққа жанаспайды. НАТО – қорғаныс альянсы, ешқашан Ресейге қауіп төндіруді ойламаған. Ол Еуропаны қирататын соғыс бастаймын деп қорқытады. Бұған жол бере алмаймыз, НАТО территориясының бір дюйміне басып кіріп көрсін...
- Путиннің агрессиясы орыс халқын бүкіл әлемнен үзіп тастады. Ресей 19 ғасырға оралды. Ресей халқы, сіздер, өз отбасыларыңыз бен балаларыңызға осындай болашақ тілейсіздер ме?
- Орыс халқы, сіздер бейкүнә балаларды, ата-апаларды өлтіргенді қолдайды дегенге сенгім келмейді. Бұл соғыс – Ресей тұрғындарына лайық емес. Империяны қайта қалпына келтіргісі келетін диктатор адамдардың бостандыққа деген еркіндігін өлтіре алмайды. Құдай үшін, бұл адам билікте қала алмайды.
- Путиннің қатігездігіне қарамастан Украинадағы соғыс Ресей үшін стратегиялық жеңіліс болғанына күмән жоқ.
- Кейінгі айларда Ресейден 200 мың адам кетіп қалды, қысқа уақытта Ресейдің мықты білімді азаматтары елден кетті.
- Путин украиналықтар күресе алмайды деді. Бірақ ол тарихты дұрыс оқымапты. Украина Ресей әскеріне тойтарыс берді. Ресейдің қатыгез тактикасы украиналықтарды біріктірді.
- Ресей өз елінде демократияны тұншықтырды, енді басқа елдерде де солай жасағысы келеді. Путин Украинаны "денацификация жасаймын" дейді. Бұл – жалған, бұл – цинизм, мұны Путиннің өзі жақсы біледі.
Ақ үй Байден "Путин билікте қала алмайды" деген сөзі арқылы "Ресейдегі билік режимін ауыстыру" жайлы айтқан жоқ, тек "Ресейдің көрші еліне шабуылдағанын сынады" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР