Украина бас прокуратурасы: Ресей елге басып кіргелі 90 бала мерт болды
Украина бас прокуратурасының хабарлауынша, Ресей Украинаға басып кіргелі елде 90 бала қаза тауып, 100-ден астам бала жарақат алған. Көбіне Киев, Харьков, Донецк, Чернигов, Сумы, Херсон, Николаев және Житомир облыстарындағы балалар зардап шеккен.
Киевтің батысындағы «Антонов» авиациялық зауыты өртке оранды. Мұның алдында зауыттың атқыланғаны хабарланған. Әзірге қаза тапқандар не зардап шеккендер туралы дерек жоқ. Әлеуметтік желіде өрттің видеосы тарады:
Австралия Ресей олигархтары мен олардың туыстарына санкция жариялады
Жеке санкцияға ілінгендер: Роман Абрамович, Әлішер Усманов, Алексей Мордашов, Алексей Миллер және Сергей Иванов. Сондай-ақ санкцияға Игорь Шувалов пен оның әйелі және екі ересек баласы, Борис және Аркадий Ротенбергтердің ересек балалары, Игорь Сечин мен Николай Патрушевтің ұлдары, Евгений Пригожиннің әйелі мен екі баласы ілінген. Санкция жарияланған бұл адамдар Австралияға бара алмайды, олардың ондағы мүлкі бұғатталады.
Киевтің солтүстігіндегі Оболонь ауданында тұрғын үйге артиллерия снаряды түсті
Әзірге белгілі ақпарат бойынша, снаряд таңғы сағат 5 шамасында Богатырь көшесіндегі он қабатты үйге түскен. 1-3 қабат бүлінген, 3-4 қабаттар өртке оранған.
ПІКІРЛЕР