Accessibility links

Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.

Соғыстың үшінші аптасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

19 наурыз. Украинадағы соғыста қазірге дейін болған оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.

  • Ресей әскері Украинаның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала Мариупольге кіргенін хабарлады.
  • Киев Мариуполь түбіндегі "Азовсталь" металлургия комбинатында шайқас жүріп жатқанын мәлімдеді.
  • Украина билігі 19 наурызда атқылауға ұшыраған қалалардан тұрғындарды эвакуациялауға арналған он гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты.
  • Еуроодақ билігі санкцияға ілінген ірі ресейлік кәсіпкерлердің активтерін соғыс аяқталған соң Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мүмкіндігін талқылап жатыр деп хабарлады Bloomberg.
  • Сенбі күні Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтіп, Санкт-Петербургте кемінде бес адам ұсталған. Полиция тәуелсіз басылым тілшілерінің үйіне барған.
  • Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей газынан бас тартады.
  • АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресейдің Украинаға басқыншылығын талқылады. Байден Сиге Қытай Ресейге көмектессе, салдары ауыр болатынын ескертті.
  • БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды. Ұйым құрбандар саны бұдан да көп деп есептейді.
  • Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады.
  • Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
  • Мариуполь қаласындағы драма театрға шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды.
  • Ресей билігі "Қырымның Ресей құрамына қосылғанын" атап өтті. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқаны айтылды. Бұл шараға Путин келіп, сөз сөйледі.
14:22 15.3.2022

Ресей Херсон облысын бақылауға алдық дейді

Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы Херсон облысының бүкіл аумағын толық бақылау орнаттық деп мәлімдеді. Украина тарабы мұны растамады. Ресейдің «бүкіл аумақ» деп қай территорияны айтқаны белгісіз. Бұған дейін бұл облысты Ресей әскерилері қоршауға алған.

12:28 15.3.2022

Украинаның батысында орналасқан Ровно қаласындағы телемұнараны атқылаудан қаза тапқандар саны 19 адамға жетті. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады дейді Reuters агенттігі.

12:20 15.3.2022

Киевті атқылаудан Подольск ауданындағы 10 қабатты үймен бірге қаланың батысындағы Святошинск ауданындағы 16 қабатты үй де өртенген. Сондай-ақ бір екі қабатты үй бүлінген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірге хабар жоқ.

12:15 15.3.2022

Жаңа Зеландия Украинадағы 4 мың босқынға виза ұсынды

Жаңа Зеландия Ресейдің басқыншылық соғысынан қашқан украиналық босқындарға 4 мың виза ұсынбақ.

Жаңа Зеландияда туысы бар Украина азаматтарына 4 мың виза ұсынылып отыр. Бұл туралы сейсенбі, 15 наурыз күні Жаңа Зеландия үкіметі хабарлады.

Елдің иммиграция жөніндегі министрі Крис Фаафой Жаңа Зеландияның халықаралық көмек ретінде мұндай ауқымдағы арнайы визаны бұрын-соңды ұсынбағанын айтты.

БҰҰ есебінше, Ресей Украинаға басып кіргелі елден 2,8 миллион адам шетелге қашып үлгерген.

"Бұл – екі жылдық виза. Ол адамдарға қақтығыстан қашып, пана табуға, соғыс аяқталғанда елге қайтуға деген үмітін сөндірмеуге мүмкіндік береді" деді Фаафой.

Жоспар бойынша, Украинада туып, кейін Жаңа Зеландия азаматы атанған 1600 адамға арнайы визамен туыстарын шақыруға мүмкіндік беріледі. Бұл визаны алған адамдар жұмыс істей алады. Туыстар қатарына Жаңа Зеландия азаматының Украинадан қашқан ата-анасы, ата-әжесі, туған бауырлары, ересек балалары мен олардың отбасы кіреді.

"Жаңа Зеландия Украинаға жосықсыз басып кіруді бірден айыптады" деді министр.

Жаңа Зеландия сондай-ақ Украинаға гуманитарлық көмек ретінде 2,7 миллион АҚШ долларын бөлді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG