16 наурыз. Түске дейін не болды?
- Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей соғысқа жұмылдырған әскери күшінің 40 пайызынан айырылды деп мәлімдеді.
- Киев, Харьков, Запорожье және Одесса түбінде түнде және таңертең жарылыстар болды.
- Украина президенті Зеленский Чехия, Польша, Словения премьерлерімен кездесті.
- Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге Ресейдің репарациясы (бір елдің екінші елге соғыс зиянын толық я жартылай өтеп беру) да қажет болады деді.
- АҚШ сенаты Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тергеуге шақыратын қарар қабылдады.
- Украина тарабы соғыстан соң жарылмай қалған миналарды тазартуға бірнеше жыл кетеді деп мәлімдеді.
- Ресей қоршауындағы Мариуполь қаласынан 15 наурызда 20 мың адам эвакуацияланғаны хабарланды. Қала басшылығы Ресей әскерилері облыстық ауруханада 400 дәрігер мен науқасты "кепілде ұстап отыр" дейді.
- Мариупольде 2 мыңнан аса адам қаза тапқаны да айтылды.
Ресей мен Украина тарабының соғыстағы шығыны туралы мәлімдемелері
Ресей қорғаныс министрлігі:
- Ұшақтар — 111;
- Тікұшақтар — 68;
- Дрондар — 160;
- Танкілер мен бронемашиналар— 1353;
- Реактивті отты қару тиеген көліктер — 129;
- Артиллерия мен минометтер — 493;
- Зениттік ракета кешендері — 159.
Украина қарулы күштерінің бас штабы:
- Ұшақтар — 84;
- Тікұшақтар — 108;
- Танкілер — 430;
- Бронемашиналар — 1375;
- Реактивті отты қару тиеген көліктер — 70;
- Артиллерия жүйелері— 190;
- Ракетаға қарсы құрылғылар — 43;
- Адам шығыны — шамамен 13 800 әскери (жараланғандар мен қаза тапқандар).
Соғыс уақытында бұл деректерді тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің 15 наурыз түнде жасаған видеомәлімдемесі:
- Келіссөздердегі позициялар «ақылға қонымды» бола бастады, бірақ уақыт пен шыдам керек.
- Ресей Украинаға қарсы 900-ден аса ракета атқылады.
- Украинадағы журналистердің қазасы – Мәскеуге санкцияны күшейтуге тағы бір себеп.
- 16 наурызда АҚШ Конгресінде сөз сөйлеймін.
Украинада Fox News телеарнасының тілшісі қаза тапты
Украинадағы соғыстан хабар таратып жүрген Fox News телеарнасының тілшісі, оператор әрі фотограф Пьер Закржевский Киев маңындағы Горенка ауылында оққа ұшып, көз жұмды. Ол 55 жаста болған.
Телеарнаның бас директоры Сюзанна Скотт марқұм журналист Ирак, Ауғанстан, Сирия, Украинаға дейінгі барлық халықаралық жанжалдардың ортасында жүріп хабар таратқанын айтты. Әріптестері Закржевскийді өз ісінің шебері ретінде еске алады.
Мәліметке қарағанда, Закржевскиймен бір көлікте болған Fox News телеарнасының тағы бір журналисі Бенжамин Холл ауыр жараланған. Бұдан бөлек украин басылымдары жергілікті журналист Александра Кувшиноваға да оқ тиіп қаза тапқанын хабарлады.
Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың айтуынша, Fox News журналистерінің алған жарақаттарына қарағанда, олар миномёт және артиллериялық атқылауға тап болған. Геращенко оқ орыс әскерлері тарабынан атылғанын айтты.
13 наурызда Киев облысы Ирпень қаласында америкалық журналист Брент Рено мерт болып, оның әріптесі ауыр жарақат алған.
New York Times басылымының редакторы Брент Реноның өлімін ауыр қабылдағанын жеткізіп, ол 2015 жылға дейін NYT тілшісі болғанын айтты.
ПІКІРЛЕР