БҰҰ-ның 16 наурыздағы мәліметі бойынша, Украинадағы соғыста 726 бейбіт тұрғын қаза болған, 1174 адам жараланған. Қаза тапқандар арасында 52 бала бар. Ұйым соғыстан қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін дейді.
Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко Мелитополь мэрі Иван Федоровтың босатылғанын мәлімдеді. Украина 11 наурызда Федоровты ұрлап әкеткенін айтқан.
Тимошенко Федоров "арнайы операция" кезінде босатылғанын, қазір қауіпсіз жерде екенін жеткізді. Ол "арнайы операция" қалай өткенін, мэрді кім ұрлап әкеткенін айтпады.
Украина президенті Владимир Зеленский Федеровпен телефон арқылы сөйлескен видеосын жариялады.
Мариуполь қаласы мэрінің орынбасары Сергей Орлов Ресей әскерилері қаладағы театрға шабуыл жасады деп мәлімдеді. Орловтың сөзінше, театр ғимаратында шамамен 1200 адам бомбалаудан бас сауғалап отырған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылға қатысымыз жоқ деп, Украинаның "Азов" батальонын айыптады. Киев шабуылды "Азов" жасамағанын айтады.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден анықтау мүмкін емес.
БҰҰ Халықаралық соты Ресейден Украинаға қарсы соғысты тоқтатуды талап етті
БҰҰ Халықаралық соты бүгін, 16 наурызда "Ресей билігі арнайы операциясын тоқтатуы тиіс" деген қаулы шығарды.
Украина 27 ақпанда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағым түсірген. Киев шағымы бойынша сот отырысы 7-8 наурызда өткен.
Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданғандар жауапқа тартылады.
ПІКІРЛЕР