Accessibility links

Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.

Соғыстың үшінші аптасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

19 наурыз. Украинадағы соғыста қазірге дейін болған оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.

  • Ресей әскері Украинаның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала Мариупольге кіргенін хабарлады.
  • Киев Мариуполь түбіндегі "Азовсталь" металлургия комбинатында шайқас жүріп жатқанын мәлімдеді.
  • Украина билігі 19 наурызда атқылауға ұшыраған қалалардан тұрғындарды эвакуациялауға арналған он гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты.
  • Еуроодақ билігі санкцияға ілінген ірі ресейлік кәсіпкерлердің активтерін соғыс аяқталған соң Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мүмкіндігін талқылап жатыр деп хабарлады Bloomberg.
  • Сенбі күні Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтіп, Санкт-Петербургте кемінде бес адам ұсталған. Полиция тәуелсіз басылым тілшілерінің үйіне барған.
  • Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей газынан бас тартады.
  • АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресейдің Украинаға басқыншылығын талқылады. Байден Сиге Қытай Ресейге көмектессе, салдары ауыр болатынын ескертті.
  • БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды. Ұйым құрбандар саны бұдан да көп деп есептейді.
  • Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады.
  • Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
  • Мариуполь қаласындағы драма театрға шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды.
  • Ресей билігі "Қырымның Ресей құрамына қосылғанын" атап өтті. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқаны айтылды. Бұл шараға Путин келіп, сөз сөйледі.
14:53 17.3.2022

АҚШ барлау қызметі: Украинамен соғыста Ресейдің 7 мың әскері опат болды

"Украинадағы соғыс басталғалы 20 күннің ішінде Ресей жеті мыңнан аса әскериінен айырылды" деп жазды The New York Times америкалық барлау қызметінің дерегін сүйеніп. Бұл – Ирак пен Ауғанстандағы 20 жылға созылған соғыста қаза болған америкалық солдаттардан көп.

Газет 14 мыңнан 21 мыңға жуық ресейлік әскери жарақаттанған деп жазды. Басылымның ақпараты бойынша, Украинадағы соғысқа Ресейден 150 мыңнан аса әскери қатысып жатыр.

The New York Times дереккөздері қаза болғандар жайлы дерек БАҚ-тағы деректер, спутник суреттері, ресейлік техника мен әскерилердің фотолары және екі тараптың ресми мәліметтеріне сүйеніп жасалғанын айтқан.

Сарапшылар Украина тарабы қаза тапқан ресейліктердің санын өсіріп көрсетуі мүмкін, ал Ресей нақты статистиканы жасыруы мүмкін деп санайды.

Ресей қорғаныс министрлігі соғыс басталғалы қаза тапқандар жайлы статистиканы бір рет ғана жариялаған. 2 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі Украинада 498 әскериі қаза болып, 1597 әскериі жараланғанын айтқан.

Ал Украина тарабы Ресей 13,8 мың әскериінен айырылды (қаза болғандар мен жараланғандар) дейді.

Украина билігі соғыста Ресейдің төрт генералы қаза болды деп те мәлімдеген. Ресей бұл ақпаратты растамады.

The New York Times дереккөздері ресейлік генералдар қорғалмаған телефон байланыстарымен және рациялармен байланысып жатқанын айтады. "Украина тарабы кемі бір генералдың телефон қоңырауынан оның қайда екенін анықтап, өлтірген" дейді басылым дереккөзі.

Соғыс уақытында бұл деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

14:11 17.3.2022

Өзбекстан СІМ: "Луганск және Донецк республикаларын" мойындамаймыз

Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов сенат отырысында Украинадағы жағдай бойынша сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, Өзбекстан Украинадағы жағдайға алаңдайды және мәселенің бейбіт түрде шешілгенін қалайды. Ол Ташкент екі елмен қарым-қатынасты жалғастыра беретінін айтты.

Абдулазиз Камилов сөз арасында Украинадағы қиын жағдайды ескере отырып, Ташкент Киевке тағы гуманитарлық көмек жіберетінін айтты.

Бұған дейін Украинаның Ташкенттегі елшісі Микола Дорошенко Киевке 28 тонна гуманитарлық көмек бергені үшін Өзбекстанға алғыс білдірген.

Камилов сенат отырысы кезінде Өзбекстан Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарды атап айтқанда, "Луганск және Донецк халық республикаларын" мойындамайтынын мәлімдеді.

"Өзбекстан Украинаның тәуелсіздігін, егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайды. Луганск және Донецк халық республикаларын мойындамаймыз" деді сыртқы істер министрі.

Сыртқы саясат концепциясына сүйенген министр Өзбекстан ешқандай әскери-саяси блоктарға қатыспайды және әскерін де шетелдегі қақтығыстарға жібермейді дейді.

Оның айтуынша, Украинаға басып кіргені үшін Мәскеуге салынған санкция Өзбекстанға тікелей әсер етіп отыр. Ташкент оның кері әсерін жоюға күш салады.

24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаны "денацификация және демилитаризациялау" мақсатында көрші елге басып кірген. Путин НАТО Украинаны Ресейге қарсы шепке айналдырғысы келеді деп мәлімдеген. Украина мен НАТО мұны жоққа шығарады.

13:13 17.3.2022

Смартфон чиптерінің ірі өндірушісі саналатын Qualcomm компаниясы Украинадағы басқыншылық соғысы үшін Ресейдегі саудасын тоқтатанын мәлімдеді

Бұл туралы Twitter-де компанияның мемлекеттік органдармен жұмыс істеу жөніндегі вице-президенті Нейт Тиббитс айтты.

"Біз АҚШ санкциялары мен заңдарын ұстанамыз, сол себепті Ресей компанияларына өнім сатпаймыз" деп жауап берді ол Украина цифрлық трансформация министрі Михаил Федеровтың сыни сөзіне жауап беріп.

Тиббитс сондай-ақ Qualcomm компаниясының Украинадағы соғыстан зардап шеккендерге көмектесетін қайырымдылық қорларына үлес қосып жатқанын айтты.

12:48 17.3.2022

АҚШ Ресей элитасының Батыстағы мүлкін тауып, оны бұғаттау жөнінде халықаралық топ құрды. Топқа Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Франция, Италия және Еурокомиссия өкілдері кірді. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігі хабарлады.

АҚШ қаржы министрі Джэнет Йеллен пен АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд сәрсенбі, 16 наурыз күні қатысушы елдердің өкілдерімен виртуалды кездесу өткізді.

"Кейінгі үш аптаның өзінде АҚШ құқық қорғау органдарының шетелдегі әріптестерге берген ақпараты санкцияға ілінген адамдардың не заңды тұлғалардың бақылауындағы бірқатар кемені ұстауға мүмкіндік берді" деп мәлімдеді қаржы министрлігі.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG