БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды
Ресей Украинаға басып кіргелі Украинада кем дегенде 816 бейбіт тұрғын опат болды деп хабарлады БҰҰ.
Ұйым бейбіт азаматтардың көбі ауыр артиллерия, ракета атқылауынан және әуе шабуылынан қаза тапты дейді.
БҰҰ қаза тапқандар саны бұдан да көп деп есептейді. Себебі бұл дерекке Ресей қоршауында қалған Мариуполь қаласындағы құрбандар кірмеген.
Мариуполь билігі Ресей шабуылынан 2 мыңнан аса адам қаза болғанын айтқан.
Ресей билігі Мәскеуде "Қырымның Ресей құрамына қосылғанына сегіз жыл толуын" тойлады. Мәскеу полициясының мәліметінше, "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқан.
Стадионға 80 мың адам сияды, бірақ адамдардың көбі футбол алаңында да тұрды. Шараға Ресей президенті Путин келіп сөз сөйледі.
Ресей Қырымды 2014 жылы аннексиялап алған. Осыдан соң Батыс елдері мен Мәскеудің арасы суып, Ресейге санкциялар салына бастады.
Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады
Болгария тоғыз, Литва төрт, Лавтия мен Эстония үш дипломатты Ресейге қайтармақ. Бұл елдер "ресейлік дипломаттар статусына сай жұмыс істемеді" дейді.
Ал Еуропарламент Беларусь және Ресей дипломаттарын Брюссель мен Страсбургтегі резиденциясына кіргізуден бас тартты.
Роскомнадзор Youtube-ке ескерту жасады
Роскомнадзор "Youtube желісінде Ресей мен Беларусьтің темір жол байланысын істен шығару туралы жарнамалық роликтер тарап жатыр. Youtube әкімшілігінің әрекеті террористік сипатта және Ресей азаматтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді" деп мәлімдеді.
Ведомство Youtube желісінің иесі Google компаниясына "ресурстарыңызда Ресей әскерінің, медиасының және жалпы мемлекетінің беделін түсіретін кампания жүріп жатыр" деп ескерту жасады.
Бұған дейін Мәскеу Meta компаниясын "экстремистік" деп танып, Instagram және Facebook желілерін бұғаттап тастаған. Елде Youtube ашық.
ПІКІРЛЕР