Украинадағы Ровно қаласындағы телемұнараға шабуылдан тоғыз адам қаза болып, он адам жараланды деп хабарлады Ровен облысы әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Коваль.
Бүгін Украина тарабы Ровнодағы телемұнараға ресейлік әскерилер шабуыл жасады деп хабарлаған.
Украинаның жоғарғы радасындағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Людмила Денисова Ресей әскерилері Бердянск қаласында (Запорожье облысы) тұратын журналистерге қоқаң-лоқы жасады дейді. Бұл қала қазір ресейлік әскерилердің бақылауында.
"Запорожье облысы әкімшілігінің дерегінше, оккупантар Бердянск қаласында журналистердің және олардың жақындарының мекенжайларын жазып алған. Журналистерді Ресей пропагандасына жұмыс істеуге мәжбүрлеп жатыр. Балаларыңа, ата-аналарыңа, әйелдеріңе қауіп төнеді деп қорқытқан. Оккупанттар Ресейге тән қорқыту әдісімен басып алған қалалардағы сөз бостандығын шектеп жатыр" деді ол.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның қорғаныс мекемелеріне шабуыл жасайтынын жариялады. Олар мұны "Украина күштерінің Донецкіге шабуылына жауап" дейді.
Бүгін түске таман "ДХР" өкілдері Донецк қаласының орталығына шабуыл жасалды деп мәлімдеген. Ресейлік ТАСС агенттігі "қала үстінен Ураина қарулы күштерінің "Точка-У" ракетасы атып түсірілгенін, құлаған сынықтардан адамдар қаза болғанын" жазды.
Ал Украина қорғаныс министрлігі украиналық әскерилердің Донецктегі жарылысқа қатысымыз жоқ деп мәлімдеді.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
Ресейлік музыкалық топтардың мүшелері мен концерт промоутерлерінің "Агенство"сайтына айтуынша, Ресей оларға украиналық әртістердің және соғысты қолдаған ресейлік әншілердің әнін қоюға, оларды концертке шақыруға тыйым салған.
"Агенствоның" жазуынша, Ресейдің "қара тізіміне" енгендер қатарында соғысқа қарсы шыққан украиналық әншілер Светлана Лобода, Вера Брежнева, Монатик және "Океан Эльзы" тобы бар. Ал ресейлік әншілердің ішінен Валерий Меладзе, Максим Галкин, Борис Гребенщиковке шектеу қойылған.
Промоутерлер сайтқа "Ресей кейбір әншілерден Украинадағы жағдай туралы айтпауды талап етіп, қол қойдырып алып жатқанын" да айтқан.
ПІКІРЛЕР