Ресей Украинаға басып кіргені үшін Жапония Ресейдің 17 азаматына санкция салды. Санкция тізіміне "Ренова" компаниялар тобының негізін қалаушы Виктор Вексельберг пен Путиннің жақын досы Юрий Ковальчуктің бес туысы, Мемдумаға КПРФ партиясының атынан сайланған 11 депутат кірді.
Киевте 10 қабатты үйге зымыран түсті
Украина бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға Подольск ауданында болған. Өртті сөндірген, бірақ үй жарамсыз күйге түскен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге жоқ.
"Не сені федералды қауіпсіздік қызметкері әкетеді, не елден өзің кетесің". Қазақстанға көшкен ресейлік журналистің әңгімесі
Журналист Никита Телиженко – Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін елінен кетуді ұйғарған ресейлік азамат. Азаттыққа берген сұхбатында ол Ресейден неге кеткенін, Қазақстанда немен айналысатынын айтып, өзінің және Отанының болашағы жайлы ойын бөлісті.
"Ресей әскері жеңілгенде, билік ел ішінен кінәлілерді іздей бастайды. Қуғын-сүргін тізіміне кімдер ілігеді? Соғысқа қарсы ой-пікірін жасырмайтын құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз журналистер. Оның үстіне, өгей ағам Киевтің іргесінде тұрады. Жақындарымның бәрі Черкасск облысы Звенигородка қаласында туған. Осыны проблема қылуы мүмкін. Себебі бәленбай ғасыр бұрын өмір сүрген арғы ата-бабам емес, туған әкем Украинадан болғандықтан" дейді ол.
Сұхбаттың толық нұсқасын оқи отырыңыздар.
Жаңа Зеландия Украинадағы 4 мың босқынға виза ұсынды
Жаңа Зеландия Ресейдің басқыншылық соғысынан қашқан украиналық босқындарға 4 мың виза ұсынбақ.
Жаңа Зеландияда туысы бар Украина азаматтарына 4 мың виза ұсынылып отыр. Бұл туралы сейсенбі, 15 наурыз күні Жаңа Зеландия үкіметі хабарлады.
Елдің иммиграция жөніндегі министрі Крис Фаафой Жаңа Зеландияның халықаралық көмек ретінде мұндай ауқымдағы арнайы визаны бұрын-соңды ұсынбағанын айтты.
БҰҰ есебінше, Ресей Украинаға басып кіргелі елден 2,8 миллион адам шетелге қашып үлгерген.
"Бұл – екі жылдық виза. Ол адамдарға қақтығыстан қашып, пана табуға, соғыс аяқталғанда елге қайтуға деген үмітін сөндірмеуге мүмкіндік береді" деді Фаафой.
Жоспар бойынша, Украинада туып, кейін Жаңа Зеландия азаматы атанған 1600 адамға арнайы визамен туыстарын шақыруға мүмкіндік беріледі. Бұл визаны алған адамдар жұмыс істей алады. Туыстар қатарына Жаңа Зеландия азаматының Украинадан қашқан ата-анасы, ата-әжесі, туған бауырлары, ересек балалары мен олардың отбасы кіреді.
"Жаңа Зеландия Украинаға жосықсыз басып кіруді бірден айыптады" деді министр.
Жаңа Зеландия сондай-ақ Украинаға гуманитарлық көмек ретінде 2,7 миллион АҚШ долларын бөлді.
ПІКІРЛЕР