"Ресей әскерилері Мариупольдегі облыстық аурухананы басып алып, дәрігерлер мен науқастарды кепілге алды" деп жазды Донецк облысы мемлекеттік әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко телеграмда.
"Аурухана қызметкері маған "сыртқа шығу мүмкін емес. Жертөледе отырмыз, атыс болып жатыр. Көліктер ауруханаға жете алмай қалды. Маңайымызда көпқабатты үйлер өртеніп жатыр. Біздің ауруханаға ресейліктер көрші үйден 400 адамды әкеп тастады. Сыртқа шығармайды" деп айтты" дейді Кириленко.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
15 наурыз. Украинадағы соғыста не болғанын қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- "Ресей әскерилері Мариупольдегі облыстық аурухананы басып алып, дәрігерлер мен науқастарды кепілге алды" деп жазды Донецк облысы мемлекеттік әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко телеграмда.
- Қоршаудағы Мариуполь қаласында, жергілікті биліктің есебінше, 2357 адам қаза болды.
- Мәскеудегі сот "Первый каналдың" тікелей эфиріне соғысқа қарсылық білдіріп атып шыққан редактор Марина Овсянниковаға 30 мың рубль (шамамен 145 мың теңге) айыппұл салды.
- Америкалық Fox News телеарнасы Украинада операторы Пьер Закржевски қаза тапқанын хабарлады.
- Ресей АҚШ президенті Джо Байденге және америкалық шенеуніктерге санкция салды.
- Ресей әскерилерінің қоршауындағы Мариуполь қаласында ашылған гуманитарлық дәліз арқылы екі мың жеңіл көлік шыққан.
- 14 наурызда Киевтегі тоғыз қабатты тұрғын үйге шабуыл жасалып, үй отқа оранды. Украина төтенше жағдай комитеті, үйге шабуылдан бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды.
- Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестовичтің сөзінше, Киев пен Мәскеу "бір-екі аптаның ішінде, ұзағанда мамырда келісімге келуі мүмкін".
- АҚШ, Еуропа одағы, Жапония Ресейге санкцияны күшейтті. Ұлыбритания да жаңа санкциялар пакетін жарияламақ.
- Украина президенті Владимир Зеленский салық реформасын жариялады. Халық енді тапқан табысынан тек 2 пайыз ғана салық аударады, шағын бизнес салықты ерікті түрде төлейді.
- Киевке Польша, Чехия және Словения премьер-министрлері келіп, президент Зеленскиймен кездеседі.
- Украина әскери күштерінің бас штабы: Соғыс басталғалы Ресей 13,5 мың әскериі (қаза болғандар мен жараланғандар) қатардан шығып қалды, 400 танкісінен, 81 ұшағынан, 95 тікұшағынан айырылды.
- Ұлыбритания Ресейдің экс-президенті, қазір Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке, Ресей премьері Михаил Мишустинге, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуге, Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захароваға, кремльшіл журналистер - Владимир Соловьев, Ольга Скабеева, Антон Красовскийге санкция салды.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес
Эфирге "Соғысты тоқтатыңдар" деген жазу ұстап шыққан журналиске айыппұл салынды
Мәскеудің Останкино соты Бірінші арна редакторы Марина Овсянниковаға "заңсыз наразылық акциясына шақырғаны үшін" 30 мың рубль көлемінде айыппұл салды.
Овсянникова 14 наурызда кешке "Время" жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфирі болып жатқанда студияда отырған диктордың қасына атып шығып, "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген плакат ұстап тұрды. Ол диктор сөйлеп жатқанда "Соғысты тоқтатыңыздар! Соғысқа жол жоқ!" деп қарсылық білдірді. "Первый канал" осы жайтқа байланысты тексеріс бастаған, артынша Овсянникованың ұсталып, үстінен әкімшілік іс қозғалған деген хабар шықты.
Сот отырысынан "Медиазона" трансляция жүргізді. Судья Анна Болотникованың айтуынша, полиция "интернет мониторинг кезінде" журналистің жұртты "наразылық акциясына шақырған" видеосын тапқан. Журналист тағылған айыппен келіспеді.
Ақпаратқа қарағанда, журналист Бірінші арна эфиріне шықпай тұрып видеомәлімдеме жасаған. Видеоның соңында тілші "митингіге шығыңыздар" дейді. Видеороликте ол үгіт-насихатқа араласқанын алға тартып, сол ісіне өкінетінін айтады.
"2014 жылы басталған кезде бәріміз үнсіз қалдық. Кремль Навальныйға у берген кезде митингіге шыққан жоқпыз. Біз антигуманды режимді үнсіз бақыладық. Қазір бізден бүкіл әлем теріс айналды. Бізден кейін он буын ауысса да, мына масқарадан арыла алмайды. Біз, орыс халқы, ойлы, ақылдымыз. Бұл бассыздықты тоқтату тек біздің қолымыздан ғана келеді. Митингіге шығыңыздар, ештеңеден қорықпаңыздар, олар біздің бәрімізді отырғыза алмайды" деді тілші.
Журналист 14 наурызда акциядан кейін "Останкино" телеорталығында ұсталған. Оның қайда екені ұзақ уақыт белгісіз болды. Мемлекеттік ТАСС агенттігінің дереккөзі наурыз басында күшіне енген армияның беделіне нұқсан келтіру туралы қылмыстық бап бойынша тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлаған. Ол бойынша журналиске 10 жыл түрме жазасы берілуі мүмкін.
Украинада Fox News телеарнасының тілшісі қаза тапты
Украинадағы соғыстан хабар таратып жүрген Fox News телеарнасының тілшісі, оператор әрі фотограф Пьер Закржевский Киев маңындағы Горенка ауылында оққа ұшып, көз жұмды. Ол 55 жаста болған.
Телеарнаның бас директоры Сюзанна Скотт марқұм журналист Ирак, Ауғанстан, Сирия, Украинаға дейінгі барлық халықаралық жанжалдардың ортасында жүріп хабар таратқанын айтты. Әріптестері Закржевскийді өз ісінің шебері ретінде еске алады.
Мәліметке қарағанда, Закржевскиймен бір көлікте болған Fox News телеарнасының тағы бір журналисі Бенжамин Холл ауыр жараланған. Бұдан бөлек украин басылымдары жергілікті журналист Александра Кувшиноваға да оқ тиіп қаза тапқанын хабарлады.
Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың айтуынша, Fox News журналистерінің алған жарақаттарына қарағанда, олар миномёт және артиллериялық атқылауға тап болған. Геращенко оқ орыс әскерлері тарабынан атылғанын айтты.
13 наурызда Киев облысы Ирпень қаласында америкалық журналист Брент Рено мерт болып, оның әріптесі ауыр жарақат алған.
New York Times басылымының редакторы Брент Реноның өлімін ауыр қабылдағанын жеткізіп, ол 2015 жылға дейін NYT тілшісі болғанын айтты.
ПІКІРЛЕР