Украина президенті Зеленский әр күні таңертең 9:00-де соғыста қаза болғандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
Зеленский "Өмірін қиған украиналықтарды – әскерилерді, бейбіт тұрғындарды, ересектерді, балаларды еске аламыз. Ресей соғыс бастамағанда тірі болар еді" деді.
12 наурызда Украина президенті соғыс басталғалы 1300 украиналық әскери қаза болғанын айтқан.
"Украина 24" телеарнасы эфирінің жүгіртпе жолында Украина президентінің Владимир Зеленскийдің атынан "украиналық әскерилерге қаруды тастау жайлы" жалған хабарлама шығып кетті.
Зеленский бұл хабарламаны "баланың қылығы" деп атап, "мен тек Ресей әскерилеріне қаруды тастап, үйлеріне қайтуға шақырамын" деді.
Ал "Украина 24" телеарнасы "Жаудың хакерлерінің ісі, бұл – фейк! Ешкім берілмейді" деп мәлімдеді.
Телеарнаның жүгіртпе жолында шыққан мәтіннің бір бөлігі: "Жағдай қиындап кетті, қатты қиындады. Болашақ жоқ. Әсіресе менде болашақ жоқ. Сіздермен қоштасамын деп шештім. Қаруларыңызды тастап, отбасыларыңызға оралуға шақырамын. Бұл соғыста өлудің қажеті жоқ. Өмір сүріңіздер, мен де өмір сүруді таңдадым".
Украинадағы соғыста қазірге дейін қанша адам опат болды? Статистикаларды шолып шықтық
24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс ашқалы қаза тапқан әскерилер, бейбіт тұрғындар саны жайлы әртүрлі мәліметтен шығып жатыр. Әр статистика әртүрлі. Бір анығы, екі тараптан да адам шығыны көп. Қазірге [17 наурызға] дейін қаза болғандар жайлы қандай ақпараттар бар? Мына мақаладан шолып шығыңыз.
Зеленский АҚШ Конгресінде: Бізге ұшақ керек
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Конгресінде сөз сөйлеп, Вашингтонды Ресей соғысты қаржыландыра алмас үшін санкцияны күшейтуге шақырды.
Ол Украинаның аспанын "жабуды" және еліне авиация мен зениттік ракета жүйелерін беруді де сұрады.
"Біз көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Ресейге біздің қалаларымызға террорлық шабуыл жасатпауымыз керек. Бұл өтінішімізді орындау қиын болса, альтернатива ұсынайын: бізге С-300 сияқты қорғаныс құралдары керегін білесіздер. Мықты авиация халқымызды, бостандығымызды, жерімізді қорғауға мүмкіндік береді. Ұшақтар Украинаны және Еуропаны қорғауға көмектеседі. Сіздерде ұшақ бар, бірақ олар Украина аспанында емес жерде тұр" деді Зеленский.
ПІКІРЛЕР