АҚШ Мексика шығанағынан Еуропаға тасымалданатын сұйылтылған газдың көлемін ұлғайтуды мақұлдады
Бұл шешім газ тасымалдаушы Cheniere Energy компаниясына өз терминалдары арқылы күніне 20,4 миллион тек метр газды экспорттауға мүмкіндік береді. Аталған компания газды АҚШ-пен еркін сауда жөнінде келісім жасаспаған еуропалық елдерге де жеткізе алатын болды. Бұрын газды тек сондай келісім жасасқан елдерге ғана жіберуге рұқсат болатын. Олардың қатарына Канада, Мексика елдерімен бірге Австралия және Азия, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Американың кейбір елдері кірді.
Қытайдың Украинадағы елшісі Фань Сяньжун:
"Қытай ешқашан Украинаны шабуылдамайды, керісінше көмектеседі. Әсіресе экономика бағытында. Еліміз бір жыл ішінде әлем елдерінен жалпы сомасы үш триллион доллардан асатын тауарды импорттайды. Біз сіздердің дамуыңызға көмектесуге дайынбыз. Сіздердегі қазіргі жағдайда жауапкершілікпен әрекет етеміз. Украина халқының бірлігі, яғни күші қандай екенін көрдік".
Қытай елшісі бұл сөздерді Львов әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицкиймен кездескенде айтты.
Испания Сечинге қатысы бар деген 135-метрлік яхтаны ұстады
"Жарты ай" ("Crescent") дейтін яхта "Роснефть" басшысы Игорь Сечинге тиесілі саналады. Ал Сечин Еуроодақтың, АҚШ-тың және Ұлыбританияның санкциялық тізіміне кірген. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Кайман аралдарының туы тігілген яхта Испанияға 2021 жылғы қарашада Италиядан келген. Құны – шамамен 600 миллион доллар.
АҚШ Ресей элитасының Батыстағы мүлкін тауып, оны бұғаттау жөнінде халықаралық топ құрды. Топқа Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Франция, Италия және Еурокомиссия өкілдері кірді. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігі хабарлады.
АҚШ қаржы министрі Джэнет Йеллен пен АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд сәрсенбі, 16 наурыз күні қатысушы елдердің өкілдерімен виртуалды кездесу өткізді.
"Кейінгі үш аптаның өзінде АҚШ құқық қорғау органдарының шетелдегі әріптестерге берген ақпараты санкцияға ілінген адамдардың не заңды тұлғалардың бақылауындағы бірқатар кемені ұстауға мүмкіндік берді" деп мәлімдеді қаржы министрлігі.
ПІКІРЛЕР