17 наурыз. Қазірге дейінгі негізгі ақпараттар:
- Зеленский Ресеймен келіссөзде Украинаның ұстанымын атады: Соғысты аяқтау, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру, тәуелсіздігіне қол сұқпау және аумақтық тұтастығын қалпына келтіру.
- Украина президентінің кеңсесі Ресей әскерилері ұрлап әкеткен Мелитополь мэрі Иван Федоровты ресейлік 2002-2003 жылы туған тоғыз қатардағы солдатқа ауыстырғанын растады.
- Мариупольдегі бомбаланған драма театрда жасырынған адамдардың аман қалғаны хабарланды. 16 наурызда театрға шабуылдан біраз бөлігі қираған. Мыңға жуық адам театрдың жертөлесінде бас сауғалап тығылып отырғаны айтылған еді. Украина бұл шабуылға Ресейді айыптады, Ресей украиналық "Азов" батальонын кінәлайды.
- АҚШ Украинаға 800 әскери қару (ракетаға, танкіге қарсы құрылғылар мен әскери дрондар) бермек. "Бұл соғыс ұзаққа созылуы мүмкін" деді Джо Байден. Вашингтон Украинаға әскери көмек ретінде 800 млн доллар да бермек.
- АҚШ барлаушылары Украинада соғыс басталғалы Ресей 7 мыңнан аса әскериінен айырылды дейді.
Украина әскери барлау қызметі: Сирия президенті Башар Асад Ресейге Украинадағы соғыста көмектесу үшін 40 мың солдат жіберуге уәде берген.
Бір апта бұрын Ресей президенті Путин Таяу Шығыстан шыққан "еріктілерге" Украинадағы соғысқа қатысуға мүмкіндік жасауды тапсырған. Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Донбасстағы қақтығысқа қатысу үшін Таяу Шығыстан 16 мың "ерікті" келгенін айтқан.
Сириялық тәуелсіз басылымдар Ресей Украинадағы соғысқа қатысатын әрбір сириялық солдатқа 200 доллар көлемінде ақы төлемек деп жазған еді.
Қазақстан "Дождь" телеарнасының офис менеджері мен сегіз ресейлікті Ресейге қайтарған. Бұл туралы "Дождь" телеарнасының жүргізушісі Анна Монгайт телеграм каналында жазды. Ол "Дождь" қызметкерінің есімін атамады.
Ресей "Дождь" телеарнасын "шетел агенті" деп танып, сайтын бұғаттаған еді. Украинадағы соғыстан хабар таратып келген телеарна наурыздың басында жабылған.
Байден Си Цзиньпинмен сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқыламақ
АҚШ президенті Джо Байден жұма, 18 наурыз күні Қытай басшысы Си Цзиньпенмен телефон арқылы сөйлесіп, "Ресейдің Украинаға қарсы соғысын және өзге де ортақ мәселелерді» талқылайды. Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді.
Қытай билігі Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық айыптамады. Ал өткен күндері Мәскеудің Пекиннен әскери және экономикалық көмек сұрағаны туралы хабар тарады. Қытай мұны ресми түрде растаған жоқ.
Дүйсенбі, 14 наурыз күні Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Римде Қытайдың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Яном Цзечимен жеті сағат сөйлескен.
ПІКІРЛЕР