АҚШ барлау қызметінің өкілі: Путин Украина бойынша алған бағытынан қайтпауға бекінген тәрізді
АҚШ ұлттық барлау қызметінің жетекшісі Аврил Гейнс санкциялар мен соғыстағы сәтсіздіктер Ресей басшысы Владимир Путинді Украина бойынша алған бағытынан тайдыра алмайтын тәрізді, тіпті жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп ескертті.
8 наурызда АҚШ өкілдер палатасында ғаламдық қауіпсіздік бойынша өткен тыңдауда Гейнс Украинадағы соғыстың шығыны (мыңдаған Ресей солдаты қаза болған деген дерек бар) көбейіп бара жатқанын алға тартып, бұл жайт Путинді алаңдатса да, ол жағдайды онан әрі ушықтырудан тайынбайтын тәрізді деді.
"Біздің сарапшылар Путинді мұндай сәтсіздіктер алаңдатпайды және тіпті жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деп санайды" деді.
АҚШ-тың пікірінше, Мәскеу Украинаның шабуылға төтеп беру мүмкіндігін жете бағаламайды. Бірақ Путин көбірек ресурс бөліп, Украинаны тұтас жаулап алуға тырыса ма әлде "кейбір аймақтармен ғана шектеле ме" ол жағы белгісіз.
БҰҰ: Украинадан 2 миллион адам босып кетті
Ресей қарулы күштері Украинаға басып кіргелі бері елден екі миллион адам босып кетті, деп хабарлады 8 наурызда БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди. БҰҰ мәліметінше, Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұндай дағдарыс болмаған.
Украинадағы соғыстың басталғанына екі апта өткен жоқ. Соған қарамастан 900 мыңға жуық украиндық бас сауғалап Польшаға өтсе, 150 мыңы Венгрияны паналаған. Еуроодақ өз аумағында 6,5 миллион босқынды қабылдауға дайын.
Бір тәуліктің ішінде украин шекарасынан батысқа қарай 132 мың адам өтті, деп хабарлады Мемлекеттік шекара қызметі.
"Бізге атыстың тыйылғаны керек, бітім керек, сол кезде адамдар елден қашпайды, үйлеріне қайта оралады. Бірақ олар қазір әбден шошып қалған" деді Гранди "Әл-Жазира" телеарнасына.
Азаттық радиосы көші-қон дағдары кезінде "Гуманитарлық дәліз" подкастын іске қосты. Онда украиналық босқындар бастан өткерген оқиғаларын баяндайды.
Владимир Зеленский Украинаға халқына жаңа үндеуін жолдады
Украина президенті АҚШ пен Ұлыбританияның Ресей мұнайынан бас тарту туралы шешімін қолдайтынын, Батыстың Украинаға арнап "жаңа Маршалл жоспарын" әзірлейтінін айтты.
"Соғысты аяқтап, келіссөз үстеліне отыру керек. Бірақ келіссөз ескі амбицияларды емес, адамдарды мүддесін көздеп, әділ болуы қажет" деді Зеленский.
ПІКІРЛЕР