БҰҰ жаңа дерегі бойынша, Украинада соғыс басталғалы 516 бейбіт тұрғын қаза болып, 908 адам жараланған. Қаза тапқандардың арасында 37 бала бар.
Бұған дейін Украинаның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Дарья Герасимчук Ресей Украинаға соғыс ашқалы 61 бала көз жұмды деген.
Украина президенті Владимир Зеленский мемлекетке сатқындық жасағандар мен тонаушылықпен айналысқандарға жазаны күшейтті.
Соғыс уақытында отанын сатты деп айыпталғандардың мүлкі тәркіленіп, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін. Ал тонаушылықпен айналысқандар 15 жылға соттау жазасы қарастырылған.
Бұған дейін отанын сатқандарға ең ауыр жаза 15 жыл, тонаушылық жасағандарға 10 жыл еді.
Ресей әскерилері Мариупольдегі аурухана мен перзентхананы атқылағаны хабарланды. Бұл туралы жергілікті билік пен куәгерлерге сілтеме жасаған ВВС сайты жазды.
"Балалар емделетін корпус толығымен қирады. Зардап шеккен балалар бар-жоғын анықтап жатырмыз" деп мәлімдеді Мариуполь қаласының кеңесі.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғысқа әскери міндетін өтеуге шақырылған қатардағы солдаттар да қатысқанын мойындады.
"Өкінішке қарай, әскерге шақырылған қатардағы солдаттардың Украинадағы әскери операцияға қатысқаны жайлы бірнеше факт анықталды. Қазір қатардағы солдаттардың бәрі Ресей аумағына қайтарылды" деп мәлімдеді ведмство.
Ресей қорғаныс министрлігі "бірнеше қатардағы солдат тұтқынға түскенін" де мойындады.
Бұған дейін Ресей президенті Путин Украинадағы "әскери операцияға"* тек келісім-шартпен алынған әскерилер қатысып жатыр деген. Бірақ Ресейде ата-аналар әскерге шақырылған балаларының Украинадағы соғысқа аттанғанын айтқан еді.
*Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атап, "соғыс" сөзін қолданғандарды қудалап жатыр.
ПІКІРЛЕР