Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

BBC "Вагнер" тобының Украинамен соғысуға жалдамалы әскер жинап жатқанын хабарлады

"Вагнер" деп аталатын жеке әскери компания Украинамен соғысуға баратын жалдамалы қызметкерлерді жаппай жинай бастады. Бұл жөнінде британдық BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Бірнеше ай бұрын аталған әскери топ Ресейде туған азаматтардан бөлек ешкімді қабылдамаған. Тек азаматтардың сотталғаны, қарызы болуы немесе шетел паспортының болмауы қабылдауға кедергі келтірген. Ал қазір оған Қырым, Донбастағы жікшіл республика тұрғындары мен қарызы барларды да, бұрын топта жазаланған адамдарды да алуға даяр.

Жалдамалы әскер құрамына кірген бір солдат BBC-дің Орыс қызметіне ардагерлер чатында тараған хабарламаны жіберген. Ондағы ақпаратқа қарағанда чаттағыларды "серуенге шығып, шошқа майын жеуге" шақырған.

"Жұмыс таба алмай жүргендер болса – хабарласыңдар. Қандай да бір себеппен жұмыстан шығып қалғандар болса– хабарласыңдар" деп жазылған хабарламада. Азаттықтың Орыс қызметі көрген соған ұқсас тағы бір жазбада "фильтрдің алынып тасталғаны" жазылған.

BBC-дің дереккөзі, жуырда Украинамен шекарада болған жалдамалы қызметкер "Вагнердің" негізгі құрамы соғысқа әлі кіріспейтінін айтқан.

11 наурызда Ресей басшысы Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қорғаныс министрлігі Украинамен соғысқа "еріктілерді" тарта алады деп мәлімдеген. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір ғана Таяу Шығыстан Ресей жағында соғысу үшін 16 мың өтініш келіп түскенін хабарлаған.

АҚШ Дмитрий Песковтың әйелі мен ересек балаларына санкция салды

АҚШ Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың әйелі мен оның ересек балаларына санкция салды. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс хабарлады.

Ол Ресей президенті Владимир Путин агрессиясын тоқтатпайынша шектеу шаралары үдей беретінін айтты.

"Ресей мемлекеттік думасының 12 мүшесіне санкция салып отырмыз. Олар Донецк және Луганск халық республикалары деп аталатын [сепаратистік құрылымдарды] мойындау процесіне жетекшілік еткен. Бұған қоса, Кремль өкілі Дмитрий Песковтың әйелі мен ересек балаларына санкция салынады" деді ол.

Песковтың өзі бұған дейін АҚШ пен Еуроодақтың санкциясына ілінген.

Дмитрий Песков.
Дмитрий Песков.

Песков ресейлік спортшы, мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Навкаға үйленген. Песковтың бес баласы бар: бұрынғы әйелі Екатерина Солоцинскаядан ұлы Николай (1990 жылы туған), Елизавета (1998 жылы туған), Мика (2004 жылы туған) және Дени (2008 жылы туған) туған. Ал Татьяна Навкадан Надежда атты қызы бар.

Forbes мәліметі бойынша, Татьяна Навка 2018 жылы 218 млн рубль ақша тапқан. Ал отбасының кірісі 231 млн рубльді құрайды.

Песковтың қызының компаниясы "Сперанса ДС" 2020 жылы шілдеде Visit Moscow тауар белгісін патенттеуге өтініш берген. Аталған компания 2017 жылы құрылған, бастапқыда "Артмак" деп аталған. 2020 жылы 30 сәуірде Елизавета Пескова "Артмактың" жалғыз иесі атанып, бірден компанияның атын өзгертті. Заңды тұлғалардың мемлекеттік реестріндегі ақпаратқа сәйкес, компания туризм, жарнама және қоғамдық пікірді зерттеумен айналысты.

Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Киев маңында жараланды

Азаттықтың Украин редакциясының тілшісі Марьян Кушнир 11 наурызда таңертең Ресей шабуылы кезінде жарақаттанып, миы шайқалған. Тілшінің есту қабілеті жоғалған. Оқиғадан кейін таратқан видеосында тілші "Қайда екенімді білмеймін. Киев түбіндегі жағдай осылай. Бұл жақтан кетуге тырысамыз" деді ол. Ол денсаулығы қалпына келгеннен кейін қайта соғыстан ақпарат тарататынын айтты.

YouTube Ресейдің мемлекеттік арналарының парақшасын жапты

YouTube видеосервисі Ресей мемлекеттік арналарының парақшасын жапты. Сервис бұған қоса, YouTube саясатына қайшы Украинадағы соғыс туралы видеоматериалдарды да жояды. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.

Жұма күні кешке YouTube'те ресейлік мемлекеттік арналардың бағдарламалары көрсетілмеді. Алайда іздеу тетігінен әлі де болса аймақтық және балалар арнасын табуға болады. Youtube иесі Alphabet Inc (GOOGL.O) Google компаниясының айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі күш көрсетумен байланысты оқиғаларды қамту туралы компания ережелеріне қайшы және ережені бұзған материалдар өшіріледі.

Бұған дейін Ресейде мемлекеттік және билікшіл басылымдардың әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталған. Желтоқсанда YouTube ресейлік RT мемлекеттік арнасының парақшасын жойғаннан кейін Рсоскомнадзор сервисті бұғаттайтынын айтып, қоқан-лоқы жасаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG