Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейлік рэпер Face (шын аты-жөні Иван Дремин) Ресейден кетіп, Украинадағы соғысқа қарсы шықты.

"Мемлекет мені және жақындарымды өз үйінен, өз жерінен, өз отанынан бездірді. Оны отаным деп атаудан бас тартамын. Халыққа бәрібір – май мен нанға жететін ақшасы болса болды" деп жазды ол 12 наурызда Интаграмда.

Киевтің солтүстік-батысындағы елді мекендерде шайқас жүріп жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің негізгі бөлігі қазір Украина астанасынан 25 шақырым жердегі аумаққа шоғырланғанын хабарлады. Ал танктер мен артиллериялар қоршалған аудандарды атқылап жатыр.

Ақпаратқа қарағанда, 12 наурызда таңертең Украинаның бірнеше қаласында адамдарға тығылу жайлы белгі беретін дабыл қағылған.

Мариуполь қаласы.
Мариуполь қаласы.

Киевтің оңтүстігіндегі әскери аэродромды ресейліктер зымыранмен атқылады деп айтылады. Васильков мэрі шабуылдың салдарынан әуежайдың ұшу-қону жолағы мен отын сақтайтын қоймасы бұзылғанын, оқ-дәрі қоймасы жарылғанын хабарлады.

Украина вице-премьері Ирина Верещук 12 наурызда бейбіт тұрғындарды бірнеше гуманитарлық дәліз арқылы көшіруге жағдай болар деп үміттенетінін жеткізген.

Алайда Киев облысының губернаторы эвакуация басталған кезде де атқылау тыйылмағанын, әуеден де соққы беру қаупі туындағанын айтты.

Мариупольде атыстың тоқтамауы қалаға азық-түлік пен су жеткізуге және бейбіт халықты көшіруге кедергі келтірген.

Украина сыртқы істер министрлігі 12 наурызда Ресей әскері Мариупольдегі мешітті атқылады деп мәлімдеді. Мешітте 80-нен астам адам болған, арасында балалар да бар. Кейбірі – Түркия азаматтары. Министрлік адам шығыны бар ма, жоқ па, ол жағын айтпады.

Қала билігінің мәліметінше, қоршауда қалған қалада 12 күн ішінде 1500-ден астам адам қаза болған. Атқылау үзілмегендіктен қаза болғандардың денесі жер қойнауына тапсырылмаған.

Осы аптада халықаралық қауымдастық Ресей әскерінің Мариупольдегі перзентхананы атқылауын айыптап, Мәскеуді әскери қылмыс жасады деп кінәлаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Украинада 29 медицина мекемесіне шабуыл жасалғанын растады. Соның салдарынан 12 адам қаза болған, арасында екі медицина қызметкері бар. 34 адам жараланған.

Украина билігі Ресейді елдің оңтүстігіндегі Николаев елді мекенінде бірнеше тұрғын үй мен онкологиялық диспансерді артиллериямен атқылады деп айыптады. Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, шабуыл кезінде ауруханада бірнеше жүз адам болған. Адам шығыны жайлы мәлімет жоқ.

Ресей әскері Киевтің оңтүстігіне қарай 470 шақырым жердегі Николаев елді мекеніне шабуылын үдетіп, қаланы қоршауға тырысып жатыр.

Зеленский соғыста 1300 украин жауынгері қаза болғанын хабарлады

Сенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Украина президенті Владимир Зеленский осындай мәлімет айтты. Бұл деректі тәуелсіз дереккөздерден растату мүмкін болмады.

Украина жағы Ресей армиясы 12 мың солдатынан айырылды десе, батыс сарапшылары шамамен 6 мың ресейлік әскери қызметкер опат болды дейді.

Ресей қорғаныс министрлігі адам шығыны жөнінде бір рет қана есеп берген. 2 наурызда ведомство 498 ресейлік солдат соғыс кезінде қаза тапты деп мәлімдеген.

БҰҰ мәліметінше, 24 ақпаннан бері Украинадағы соғыс кезінде 550-ден астам бейбіт тұрғын опат болған.

Шольц, Макрон және Путин арасындағы келіссөз аяқталды

Германия канцлері мен Франция президенті Украинада атысты дереу тоқтатуды талап еткен. Келіссөзде қозғалған өзге мәселелер жарияланбайтыны хабарланды.

Кремльдің мәлімдеуінше, Путин Шольц пен Макронға "шынайы жағдайды" баяндаған. Владимир Путиннің пікірінше, Украинада "келіспейтіндерді сотсыз зәбірлеу, кепілге алу және бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдалану, тұрғын үйлер мен аурухана, мектеп, балабақшаларға қару-жарақтарды орналастыру" әрекеттері байқалған. Ол Украинаны "денацификация және демилитаризациялау" жоспары кезінде де осы пікірін айтқан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG