Ресей әскері Львов облысындағы полигонды атқылаған. Облыс басшысы Максим Козицикийдің хабарлауынша, 9 адам қаза болған, 57 адам жараланған.
Ресей атқылаған әскери полигон жайлы мәлімет:
BBC-дің жазуынша, Ресей атқылаған Бітімгершілік және қауіпсіздік орталығы Польша шекарасынан – шамамен 10 шақырым, Львов қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан.
Полигонның аумағы – 390 шаршы шақырым. Оған бір мезетте 1790 адам сияды. Атқылау кезінде онда қанша адамның болғаны белігісіз.
Полигон "Бейбітшілік мақсатындағы ынтымақтастық" бағдарламасы аясында Украина әскерін дайындықтан өткізу үшін пайдаланылған. Оған елдің НАТО-дағы әріптестері де қатысқан.
Львов – Украинаға гуманитарлық және әскери көмек жеткізіліп келген негізгі пунктердің бірі.
Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің жай-жапсары:
Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк ресейлік "Коммерсант" басылымына берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің кейбір детальдарына тоқталған.
Оның сөзіне қарағанда, келіссөз процесі тоқтамаған. Екі тарап толық келіспей оның детальдарын хабарламауға ұйғарған. Подоляктың сөзіне қарағанда, тараптардан бір-бірін құрғақ кінәлау емес, келісімге келу талпынысы да байқалған.
Бұрынғыдай емес, Ресей жайттарға "адекватты" қарай бастаған – мысалы, "денацификация" мәселесі (Ресей осыны алға тартып Украинаға басып кірген) енді талқыланбайтын болған. Ресей тарабынан келіссөзге қатысқандар ол жөнінде бірінші келіссөзде ғана айтқан – Украинада нацизмнің кез келген түріне заңмен баяғыдан тыйым салынғанын естіп, таңғалған.
Подоляктың айтуынша, келіссөздің төртінші раунды тараптар видеобайланыс арқылы қандай да бір форматын анықтаған кезде өтеді.
НАТО: Ресей химиялық қару қолданатын операция жоспарлауы мүмкін
Ресей Украина аумағында химиялық қару қолданатын операция жоспарлауы мүмкін. Немістің Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
Столтенбергтің айтуынша, Кремль өз шабуылын ақтау үшін Украинадағы "биологиялық қару шығаратын зертханаларға" көптің назарын аудартып отыр.
"Енді осындай жалған мәлімдемелер жасалғаннан кейін біз өте сақ болуға тиіспіз, себебі осы жалған тұжырымды пайдалана отырып, Ресейдің өзі химиялық қару қолданатын операциясын жоспарлап жатқан болуы мүмкін" деді НАТО бас хатшысы.
Егер Ресей химиялық шабуыл жасаса, онда бұл әскери қылмыс болады деді ол.
Осыған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі Украина Ресей шекарасына жақын жерде арнайы биозертханаларда биологиялық қарудың компоненттерін дайындады деп мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Ресей "Украина славяндарды жоятын биоқару жасамақ болды" дейді. Бұл ғылыми тұрғыда мүмкін бе?
ПІКІРЛЕР