Украина тарабы: Ресей бізден мұндай тегеурін күтпеді
Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқан Украина делегациясы 4 наурызда баспасөз мәслихатын өткізіп, келіссөздің екінші раундын қорытындылады. Делегация құрамындағы Михаил Подоляк (Президент кеңсесінің өкілі) пен Давид Арахамияның (Жоғарғы рада депутаты) айтқан негізгі деректері:
- Ресей Украинаны үш күнде-ақ аламыз деп ойлады, Батыс елдері де солай топшылады. Ресей бізден мұндай тегеурін күтпеді.
- Украинада гуманитарлық апат болып жатыр.
- Санкциялар Ресей экономикасын қазірдің өзінде құртты. Осыдан соң Мәскеу мәселені шешуге ниет білдіре бастады.
- Украинада Ресей басып алған атом станцияларын "қадыровтықтар" (Шешенстаннан келген отряд) бақылап отыр. "Қадыровтықтар" атом стансаларында бірнеше қызметкерді өлтірген (Соғыс жағдайында бұл деректерді тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын).
- Келіссөзде Ресейдің де, Украинаның да ұстанымы қатты, сондықтан келіссөз өте ауыр болып жатыр. Бірақ бұл процесс жалғаса береді.
БҰҰ: Украинада 331 бейбіт тұрғын қаза болып, 675 тұрғын жараланды
БҰҰ есебінше, Ресей Украинаға соғыс ашқалы 331 бейбіт тұрғын қаза болып, 675 тұрғын жараланған.
Ресей билігі бұған дейін тек ғана әскери объектілерге шабуыл жасап жатқандарын айтқан еді. Бірақ шабуылдан Украина қалаларындағы тұрғын үйлер де қирап жатыр.
3 наурызда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің екінші раундында екі тарап бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридор ашуға келіскен.
Украина келіссөздің үшінші раунды 5 я 6 наурызда өтуі мүмкін дейді.
Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің үшінші раунды 5 не 6 наурызда өтуі мүмкін. Бұл туралы Украина тарабы хабарлады.
Путин Германия канцлері Шольцпен телефон арқылы сөйлескенде Украина мен Ресей тарабы демалыс күндері келіссөздің үшінші раундын өткізуді жоспарлайтын айтқан.
НАТО Украинаға әскер кіргізбейді
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Украина аспанында ұшақ ұшпайтын зона ашпаймыз деп мәлімдеді. Ол "одақтастарымыздың пікірінше Украинаның аспанында НАТО ұшағы болмауы керек және Украина аумағында альянс әскері болмауы тиіс" деп мәлімдеді.
Столтенберг Украинадағы соғысты "Путиннің соғысы" деп атап, Кремльден тез арада атысты тоқтатуды талап етті.
ПІКІРЛЕР