Украина барлау басқармасы Ресеймен келіссөзге қатысқан бір адамның қаза болғанын хабарлады
Украина қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасы 5 наурызда кешке тапсырманы орындау барысында Денис Киреев есімді бір азаматтың қаза болғанын хабарлады. Ол 28 ақпанда Ресеймен бейбіт келіссөздің алғашқы раундына қатысқан, бірақ оның аты-жөні қатысушылар тізіміне енгізілмеген.
Осыған дейін Украинаның бірнеше ақпарат құралы дереккөзге сүйене отырып, Киреевтің Киевте Украина қауіпсіздік қызметі ұстамақ болған кезде өлтірілгенін хабарлаған.
"Ол агент болатын. Агенттерді не үшін өлтіретінін білетін боларсыздар" деп "Украинская правда" газеті дереккөздің сөзін келтіреді.
45 жастағы Киреев ірі украиналық банктердің бірінде істеген. 13 ақпанда украиналық "5 арна" зерттеуінде оны ФСБ-ның (Ресей арнайы қызметі) жедел уәкілі деп атаған. Зерттеуге сәйкес, ол ай сайын Ресейге барып, кураторымен сөйлесіп тұрған. Фильмге қарамастан бұрынғы банкир Мәскеумен келіссөзге жіберілген.
Оның келіссөзде қандай міндет атқарғаны белгісіз. Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі суретте оны "кәсіпкер" ретінде көрсеткен.
Украинадағы соғыс. 5 наурызда не болды? Қысқа-нұсқа шолып шығайық
- Украина билігі Ресей әскерилері гуманитарлық коридор үшін келісілген "тыныштық режимін" бұзды деп айыптады.
- Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің үшінші раунды дүйсенбі, 7 наурызға жоспарланған.
- Ресей президенті Путин Украинадағы әскери нысандарды жою "аяқталып қалды" деп отыр.
- Украина президенті Зеленский Киевтен ешқайда кетпегенін мәлімдеп, видео жариялады.
- Италия ресейлік олигарх Әлішер Усманов пен кремльшіл тележүргізуші Владимир Соловьевтің Италиядағы үйлерін бұғаттады.
- Украина тұрғындары ресейлік әскерилер үйлерге шабуыл жасағанын айтты.
- Израиль премьері Нафтали Беннет Украинадағы соғысты талқыламаққа Мәскеуге келді. Ол Путинмен кездеспек.
- Ресейлік "Аэрофлот", "Победа", S7, Nordwind Airlines келесі аптадан бастап шетелге ұшуды уақытша тоқтатты. Олардың ұшақтарын шетелде
- Zara, Bershka, Pull & Bear, Puma сынды киім брендтері Ресейдегі саудасын тоқтатты.
- Сингапур де Ресейге санкция жариялады.
Ресей тағы да оншақты басылымды бұғаттады, арасында Азаттық радиосының жобалары бар
Ресейдің Роскомнадзор мекемесі Бас прокуратураның талабы бойынша, интернетте ақпарат тарататын тағы да он шақты басылымды бұғаттады. Арасында Азат Еуропа / Азаттық радиосының жобалары: Север.Реалии, Сибирь.Реалии, Кавказ.Реалии, Idel.Реалии, Фактограф, Маршо Радио және Азатлык сайттары бар. Бұғатталған сайттар тізімін "Роскомсвобода" құқық қорғау жобасы сайтында жариялаған.
Бұғатталған сайттар арасында "Засекин" (Самара), "Протокол" және "Голос Кубани" (Кубань) ресейлік аймақтық басылымдар бар.
Новосибирсктегі NGS басылымы өзі қарайтын қалалық порталдар желісінің редакциялық директоры Ольга Прохорованың оқырмандарға мәлімдемесін жариялаған.Онда директор холдингке кіретін басылымдардың Украинадағы соғыс жайлы жазуды доғаратынын хабарлаған.
"Қалыптасып отырған жағдайда арнаулы операцияға тікелей қатысы бар ақпараттан бас тартуға мәжбүрміз. Бұған қоса осы тақырыптағы материалдарға комментарий жазуды шектейміз, мұны сіздің де қауіпсіздігіңізді ойлап жасап отырмыз" деп мәлімдеді Прохорова.
Новосибирск қалалық порталдар желісіне қырықтан астам медиа кіреді. Олардың арасында Новосибирскінің NGS.ru, Красноярскінің NGS24.ru, Екатеринбургтің E1.ru басылымдары бар.
Ресейдің Украинаға шапқыншылығы жайлы жазуды доғару туралы дәл осындай шешімді "Тайга.инфо", красноярскілік "Проспект мира" және "Борус" телеграм-каналы, "Адвокатская улица" басылымы мен "Ведомости" газетінің бұрынғы қызметкерлері ашқан VPost сайты да қабылдаған.
Colta.ru басылымы "дәл қазір пікір айту еркіндігі толық жойылғандықтан, мұндай жағдайда ең адалы – уақытша тіс жармай отыру деген шешімге келгенін айтады.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин "Ресей армиясы жайлы жалған ақпарат" таратқандарды 15 жыл мерзімге дейін түрмеге қамау туралы заңға қол қойған. Осыдан кейін ресейлік медиа құралдарының көбі қызметін доғаратынын мәлімдеді. Былтыр бас редакторы Нобель бейбітшілік сыйлығын алған "Новая газета" басылымы Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы материалдарды сайттан алып тастау жайлы шешім қабылдаған.
Батыс ақпарат құралдары Ресейдегі жұмысын тоқтата тұруды ұйғарды.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде қолданылған Z және V таңбалары Байқоңырда пайда болды
Украинаға басып кірген кезде Ресей әскері қолданған Z және V таңбалары Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр айлағында пайда болды. "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Twitter'де "Байқоңыр қарулы күштеріміздің әрекетін қолдайды" деп жазып қойған.
Қазақстан үкіметі Рогозиннің жазбасына реакция білдірмеді.
Ресми Нұр-Сұлтан одақтасы әрі экономикалық әріптесі Ресейдің әрекетін айыптамаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бір аптадан соң Киев пен Мәскеуді келісімге келуге үндеген. Ақорда Тоқаевтың Ресей басшысы Владимир Путинмен, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлескенін хабарлаған. Әңгіменің жай-жапсары белгісіз.
Нұр-Сұлтан Ресейдің Украинаға шабуылына байланысты пікір айтуда сақтық танытып отырған шақта бірқатар қазақстандықтар соғысқа қарсы акцияларға шығып, украиналықтарға гуманитарлық көмек жинады.
Осыған дейін Қазақстанда бірқатар азаматтар көлігінің терезелеріне Z және V белгілерін жапсырып алған жүргізушілерді жауапқа тартуға шақырған. Бұл таңба елде Ресей басқыншылығын қолдаудың белгісі болып саналады. Алматы полициясы осындай таңба жапсырып алған көліктерді тексеріп жатқанын хабарлаған.
Мәскеу Қызылорда облысындағы Байқоңыр айлағын 2050 жылға дейін жалға алған. Осы уақыт аралығында Байқоңыр Ресейдегі федералдық маңызы бар қала санатына ие болады.
Келісім-шарт бойынша, Ресей ай сайын Қазақстанға 115 млн доллар төлеуі тиіс. Кейінгі жылдары Байқоңырдан ұшатын зымырындар азайған. Сарапшылардың айтуынша, бұл ғарыш нарығында Мәскеу үлесінің азаюымен және бірінші кезекте америкалық SpaceX компаниясымен бәсекеге түсуімен байланысты. SpaceX өте ауыр Falcon зымырандарын бірнеше рет пайдалану амалын тауып, ұшыру құнын едәуір азайтқан, осылайша Роскосмос секілді бәсекелестерін нарықтан ысырған.
ПІКІРЛЕР